Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дін мен дәстүр сабақтастығы

0 395

Халықтың рухани деңгейі ұлттық бірегейлік арқылы көрінеді. Бұл ретте ұлттық тәрбие, діни сауаттылық, рухани тарих, мәдениет, өнер, білім секілді мәселелердің міндетті түрде бірге жүретіні анық. Ал қоғамдағы неше түрлі діни ағымдардың идеологиясы жоғары болатын болса, сол елдің ұлттық бірегейлікті ыдыратуға әкеліп соқтырады. Ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі ата дінге қайшы келмейді.

Қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі саяси құбылыстар, әсіресе дәстүрлі емес діни ағымдар, түрлі діни топтар кез келген мемлекеттің рухани өмірінде әуелі халықтың болмысындағы ұлттық бірегейлікті жою амалдарымен көрінуде.
Қазақ халқы тарихта қаншама қиындықтарды басынан өткізгенімен, ұлттық құндылықтардан қол үзбей, ұлт руханиятын сақтау арқылы бірегейлікті жоғалтпаған. Соның негізінде қазақ руханиятының бойында ұлттық құндылықтар туралы тарихи ұғымдар сақталып отырған. Қазақ руханиятында өскелең ұрпаққа тәуелсіздік, ұлттық мүдде, мәдениеттілік, ақылды, парасатты, білімді, өнерлі болу, дінді таза ұстау, ана тіліңді сақтау, тарихтың тағылымын кеңінен дәріптеу керек.
Діни қиссалар – Пайғамбарлар мен сахабалар, әулие-әмбиелер мен періштелердің өмірі туралы, олардың дін жолындағы іс-әрекетін бейнелейтін шығармалар. Оның желісі Құран Кәрімнен алынған. Құран Кәрімдегі түрлі діни хикаяларды барынша қамтып әрі оны мейлінше кең көлемде таратып түсіндіретін осындай қиссалардың бірі – XIІІ ғасырдағы Бурхонуддин Рабғузидің «Қисса сүл-Рабғузий» немесе «Қисса сүл-әнбия» деп аталатын прозалық шығармасы. Қисса жанры діннің құқықтық тарапын үйрететін шариғат саласына жатпайды. Дін ғылымының аксиология аймағына тиесілі. Яғни қиссалар адамзаттық құндылықты құлатпай ұстап тұруды көздейді. Сондықтан бұл өнерге жүйрік болған өскелең ұрпақтың бойында діни фанатизм емес, қоғамға махаббатпен қарайтын немесе барлық адамды бауырым деп қарайтын адами қасиет ерекше дамиды.
Батырлық жырлар – ауыз әдебиетіндегі ең бай көне жанрлардың бірі. Халық өмірінің тұтас бір дәуірін жан-жақты қамти отырып, сол тарихи кезеңдегі батырлардың сыртқы жауларға қарсы ерлік күресін, ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен тартыстарды бейнелеп береді. Бірақ онда тарихи оқиғалар тізбегі өмірде болған қалпында емес, жырдың көркемдік шешіміне лайықты өріледі. Бас кейіпкердің жүріс-тұрысына, өзге елге ерлік сапарға шығуына және өз елін жаудан азат етуіне байланысты оқиғалар бір қаһарманның маңына топталып, соның бейнесін ашуға қызмет етеді.
Бесік жырын айту дәстүрі – бесік тербелісіне ыңғайлас сазды әуен, ырғақты сөзбен баланы тыныштандыра отырып, оның жан жүйесі мен санасына ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін сіңіру. Әлди әуенімен тербету – қазақта ғана емес, өркениетті елдердің бәрінде кең тараған үрдіс. Тіпті оның маңыздылығын байқаған ғалымдар ұзақ жылдарға созылған зерттеулер жасап жатыр. Бесік жырының мазмұнында әр халықтың өз менталитеті, әлемнің жаралуы, пайғамбарлар мен әулие-әнбиелер туралы түсінік пен ізгі қасиеттері туралы сакралды ақпараттар сақталған.
Өмір тіршілігінде адамның басты қаруы – ары. Соның әмірін орындаса, тез оңалады. Ары тазарған сайын адам болмысы шыңдалып, тұлғалана түседі. Мәңгілік ғұмырдың айқын нышаны арлы адамның болмысынан ғана көрініп тұрады. Сондықтан «Ар-ұят феноме- ні – кісіні Тәңірге жалғап тұратын жалғыз көпір» деген идеяны қайталаудан жалықпауымыз қажет.

Б.Алпысбаев,
дінтанушы-магистр

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.