Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әділетті Қазақстанды әділетті азаматтар құрады

0 1  026

Ағымдағы жылы маусым айында еліміздің рухани астанасы Түркістанда Ұлттық құрылтайдың ІІ отырысы өткен еді. Салтанатты шарада сөз алған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында баяндама жасаған болатын. Бұл құнды құжат «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға оң ықпалын тигізеді деген сенімдеміз.

Ұлттық құрылтай отырысын ашқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бүгінгі құрылтайдың отырысы еліміздегі қайғылы оқиғадан кейін өтіп жатыр. Абай облысында алапат өрт шығып, азаматтарымыз қаза тапты. Тағы да қайталап айтқым келеді: біз мұндай оқиғадан сабақ алуымыз керек, нақты шешімдер қабылдауымыз қажет. Ел басына түскен қиындықтар ең алдымен біздің береке-бірлігімізді сынға салады. Осындай күрделі сәттер, ең бастысы, шынайы жанашырлық және терең жауапкершілік таныту қажет екенін айқын көрсетеді. Мұны өздеріңіз өте жақсы түсініп отырсыздар», – деген Президент отырысқа қатысушыларға Ұлттық құрылтай бұл арқаны кеңге салып отыратын жиын да, сән-салтанатпен өткізетін той да еместігін, бабаларымыз маңызды шешім қабылдар кезде немесе елге қатер төнген сын сағатта құрылтай шақырғанын атап өткен-ді.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде қазақстандық қоғам мен жалпы мемлекет алдында тұрған бірқатар басым міндеттерге тоқталып, әділетті Қазақстанды құру министрлер мен әкімдердің ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті екенін жеткізді. Бұл мақсатқа жету үшін саяси және экономикалық реформаларды жүргізу жеткіліксіз. Халық бірлігін сақтап, тарихи-мәдени мұраны жаңғыртып, жастарды тәрбиелеп, қолдап, ауылды көркейтуге тиісті көңіл бөліп, елінің адал азаматы болу керек. «Әділетті Қазақстан» және «Адал азамат» ұғымдары ел тірегі болатын егіз құндылық ретінде әрдайым қатар тұруға тиіс. Әділетті Қазақстанды құру үшін әрбір отандасымыз адал азамат болуға ұмтылуы қажет», – деп атап өткен болатын Президент.
Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз маман болатындығын тілге тиек еткен Мемлекет басшысы ерінбей еңбек еткен жан өз ісінің майталманы атанады. Ал кәсібін толық меңгерген адам қашанда сұранысқа ие болатындығын еске салды. «Нағыз еңбек адамы дегеніміз кім? Бұл – ең алдымен өзіне жүктелген міндетті орындау үшін барын салып еңбек ететін білікті маман. Нағыз еңбек адамы бұл – істің адамы, яғни әр ісіне, әр қадамына жауапкершілікпен қарайтын адал азамат. Ал жауапсыздықтың салдары неге апарып соқтыратыны кешегі өрт кезінде айқын көрінді. Осындай келеңсіз жағдайлар тек орман шаруашылығында емес, басқа да салада бар», – деді Президент.
Әрине, әлеуметтік-еңбек саласындағы жағдай еңбек адамына шұғыл бет бұруды талап етеді. Қазақстандық еңбеккерлермен жаңа қоғамдық шарт жасау керек. Соңғы отыз жылдан бері қолданыста болған «ескі» қоғамдық шарттың күші жетпейді, ұлғаймайды. Жаңа шарттың мәні қызметкерлерге табыстың артуы және жұмыс берушімен құқықтық салада мәселені реттеу мүмкіндігі қажет. Бұл елдегі әлеуметтік шиеленісті азайту ғана емес. Бұл – әлеуметтік әділеттілік пен еңбекшілердің мемлекетке деген сенімін қалпына келтіру туралы мәселе. Бүгінде Үкімет үшін де, кәсіподақ қозғалысы үшін де өркениетті еңбек нарығын құру маңызды. Бітпейтін тесіктерді «жамау» емес, уақытша ымыраға келу мен ең аз өтемақы іздеу емес, заманауи еңбек нарығын қалыптастырудың стратегиялық мәселесін шешу. Қызметкерлерді қорғау деңгейін де, құқықтық құралдарды қолданудың тиімділігін де, кәсіподақтар қызметтерінің табыстылығын да анықтайтын – оның нақты жағдайы. Конституцияны, заңдарды қатаң сақтау керек, кәсіподақтардың қызметіне жұмыс берушілер мен мемлекеттік органдардың араласуына жол бермеу маңызды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда мемлекеттік басқару саласындағы реформалар туралы айта келе, өзгерістер жалғасатынын атап өтті. «Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес. Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді», – деген болатын.
Бәрімізге мәлім, бірінші құрылтай Жалпыұлттық референдумнан кейін шақырылды. Содан бері, міне, бір жыл өтті. Бұл Әділетті Қазақстанды құру жолында айрықша маңызы бар тарихи кезең болды. Біз Ата Заңымызға әділдік рухын сіңіре отырып, конституциялық реформа жасадық. Бұл өзгерістер мемлекеттігіміздің тұғырын бекіте түсті. Сонымен қатар еліміздің ұзақ мерзімге арналған демократиялық бағдарын айқындап берді.
Түркістан төрінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «дамыған мемлекеттің бәрі толық зерттелген төл шежіресін дәріптеуге айрықша мән беретінін» айта келіп, бұл істе ел тарихының көптомдық жинағы басты рөл атқаратынын сөз ете келіп: «Қазақстан тарихының жаңа ғылыми ұстанымдарға сай әзірленген көп- томдық жинағы әлі күнге дейін жарыққа шыққан жоқ. Бұл жұмысқа еліміздің және шетелдің бір топ ғалымдары жұмыла кірісті. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі аралықты қамтитын жеті томдық жинақты әзірлеу үшін біраз шаруа атқарылды. Жиналған материалға енді стилистикалық және ғылыми редакция жасалуы керек. Сондай-ақ жинақты бірыңғай үлгіде безендірген жөн. Қазақстан тарихының көптомдық жинағын келесі жылдың ортасына дейін әзірлеуді тапсырамын», – деген Мемлекет басшысы ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екеніне арнайы тоқталды.
– Жалпы ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты, белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда жастар тәрбиесіне барынша назар аудару қажеттілігіне тоқталды. Ол үшін әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс.
– Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз. Ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететін шараларға баса мән беруіміз керек. Бұл салада кемшіліктер көп екені жасырын емес. Мектептегі тәрбие жұмысы ақсап тұр. Соңғы кезде оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиі болып кетті. Оны тіпті бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіге салу «сәнге» айналды. Кейде балалардың қатыгездігі жан түршіктіреді. Отбасындағы зорлық-зомбылық қоғамдағы тағы бір келеңсіз және өзекті мәселе болып тұр. Мұндай заңсыз әрекет жасағандар міндетті түрде заң аясында тиісті жазасын алуы керек. Еліміздің болашағы отбасында қалыптасады. Ал отбасы бақытты болса, еліміздің келешегі де жарқын болады, – деді Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал. Оқушылар мектеп бітіргенде алдымен адал азамат болып шығуы керек. Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы қажет. Балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандырған жөн. Оқушылар театрға, мұражайға және тарихи орындарға жиі барып, рухани жағынан дамуы қажет. Мұндай шаруа бүкіл еліміз бойынша тұрақты түрде жүргізілуге тиіс. Оқу-ағарту министрлігі мен Мәдениет және спорт министрлігі осы мәселемен бірлесіп шұғылдануы керек.
Бұл құрылтайда Президент масс-медиа саласындағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет екенін де айтты.
– Қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Бұл жүйе озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етеді. Біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Идеология жұмысындағы басты бағыттың бірі – кітап басып шығару ісі. Қазақстан нарығында шетел өнімдері басым екені жасырын емес. Әдеби кітаптардың 90 пайызға жуығы сырттан келеді. Бұл үрдістің салдары қандай болатыны айтпаса да түсінікті. Ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару өте маңызды. Смартфон баланың қолындағы кітаптың орнын баспауы қажет, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы кітап оқитын ел зиялы ұлтқа айналатынына тоқтала келіп, «жас ұрпақтың кітапқа құштарлығын оятуымыз керек» деп атап көрсетті.
– Бірақ бұл мәселемен айналысу керек. Басқа жол жоқ. Сондықтан «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны қолға алуды тапсырамын. Қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін және жанрларын қамтитын арнайы тізім жасалуға тиіс. Сол тізімдегі кітаптар барлық балаға қолжетімді болуы керек.
Мартин Лютер Кинг сияқты менің де көкейімде жүрген бір арман бар, бұл – тәулік бойы жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу. Мен мұндай кітапхананы Анкарада көрдім. Оның оқырмандары әлемнің әр түкпірінде басылып шыққан көркем шығармаларды, арнаулы әдебиетті оқи алады. Мұндай кітапхананы елімізде де салуға болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент Ұлттық құрылтайда тағы басқа да өзекті мәселелерді сөз етті. Атап айтқанда, «Қазақстанның Халық жазушысы» атағы қайтарылады. Қатон-Қарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандары қалпына келтіріледі. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылданады. Мамандармен кеңесу арқылы кино саласы реформаланады және сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі құрылады.
Біздің дәстүрлеріміз, әдет-ғұрыптарымыз, аңыздармен тарихымызды заманауи технологиялар арқылы ілгерілетуге болады. Ұлттық құрылтайда Президент ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті ілгерілету қажеттігін, сонымен қатар мәдени мұраны жан-жақты насихаттауды көтерген еді. Мұндай тәсіл елдің оң имиджін нығайтуға жәрдемдесуге, сыртқы саяси бастамаларды іске асыру және әлемдегі бизнестің ұстанымын нығайту үшін қолайлы жағдайлар қалыптастыруға мүмкіндік беретін айта кеткен жөн.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.