Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әділдікті көксеген әлеумет керек

0 300

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Баяғыда бір мұңлық: «Қарнымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын», – деген екен.
Жарайды, заман түзелгенде ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар.

Ал қадірің қашса қалыбына келе ме, келмей ме, беймәлім дүние.
«Қадір» дегенді кім, қалай түсінеді? Бұл қазыналы сөздің терең бойлауы мен байлауын біз ұлттық сана, ұлттық мүдде және ұлттық намыс тәрізді көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын адами қасиеттер деп түсінеміз.
Адам құнының бір парасы – намыс. Жеке бастың намысы бар да, одан құралатын ұлттық намыс бар.
Қазақ халқы қандай да бір ұлт болып ұйысуға келгенде «Намысың келе ме, келмей ме?» деп әлеуметтің бетін әділдік жаққа бұратын, қайрақтай қайрайтын қанатты сөздің қаhары ағзаға қан ойнатқан тұста тез түсінген. Қазіргі саяси өзгерістер дәуірінде де біздің қоғам, өзіміз өмір сүріп отырған ортада ұлттық намыс пен елдік мүддені жоғары қоятын тегеурінді адамдарға, бәлкім, зәрулік, болмаса қажеттілік қатты туындап отырғанын жасыруға болмайды. Қазір деп, бұл күндері деп бөле-жара айтудың астарында Қазақстанның саяси өміріндегі мемлекеттік, елдік және қоғамдық өзгерістер мен жаңғыртудың ең өзекті, түбегейлі мәселелері мен міндеттері тұр. Рас, тып-тыныш өмірді жалаң ұранмен, құрғақ сөзбен орната алмайсың. Реформалар да тура осындай. Өрісіңді өсіретін өркенді іс өзара өзектесуі керек. Осы тұрғыда ортақ мүддемен үздіксіз орайласатын орасан күш-жігер қажет. Мысқал ғана өзгеріс емес, Үкімет тарапынан үлкен өзгерістер күтіп жүрген адамдар жақсылық пен нәсіпті жеке басынан көргісі келетіні, сөз жоқ, орынды. Ағымдағы күнбе-күнгі нәрселер: жол жөндеу, ауыз сумен қамтамасыз ету, жайылым жерлерді көбейту секілді әлеуметтік мәселелерді шешуді негізгі мәселе деп санайды, ал ең керекті жаңа жұмыс орнын ашу, тұрақты жалақысын табу, кедейшіліктен құтылу секілді күйіп тұрған жағдайға келгенде зорлық-зомбылық, жемқорлық, ұрлық-қарлық, парақорлық, заңсыздықты түбірімен жою арқылы ақырын-ақырын, бірте-бір емес, шұғыл қолға алуды тағатсыздана күтетіні байқалады. Ескі жүйенің озбыр топтарын тәртіпке шақырып, заңсыз тапқан ағыл-тегіл байлығы мен шаш-етек дүниелерін құқықтық негізде кері қайтарып жатқанын ел көріп, естіп, бір жағынан, өткен шақта ренішті, екінші жағынан, шындық салтанат құрған, әділ іс-әрекеттерді, оң шешімдерді құптап отыр. Сосын… Шетелдерде миллиардтаған доллар жасырғандар «ұлттық намыстан жұрдай имансыздар» дейді. Солардың заңсыз жылыстатып жіберген қаржыларын кері қайтару жұмысы қолға алынғаны белгілі, әрине, ол оңай шаруа емес, нақты жүзеге асыру өз нәтижесін бермек. «Біздің елде суға салса батпайтын, отқа жақса жанбайтын, мұрты қисаймай «мызғымайтын мықты» болмауы керек» дейді халық. Кінәсі мен күнәсі бар адам Алланың алдында да жауапты. Құран Кәрімде осылай айтады.
Ашығын айтайық, ақ ниетті елдің сөзіне құлақ түрейік.
Жаңа Қазақстан дегенде адамдар нені айтады?
«Жаны сірі екен, мемлекеттік қазынаға қол салған жемқорлар мен қорқаулардан қалай құтылсақ екен?» деп алаңдайды. «Мұндай масқаралыққа жол бергендерді аяусыз жазалау керек» дейді. «Тамыр-таныстықпен, жерлестік, рушылдықпен кадр тағайындау қашан тыйылады?» дейді.» Айла-шарғысы мол белгілі бір сыбайлас адамдардың әлі де өңірлерде билікке жақын жүргені нені білдіреді?» дейді шамырқанып. «Қызмет орындары әлі де сатылады» деген алыпқашпа сөзді естігенде, шынымен де сенер-сенбесіңді білмейсің. Бұл қалай болғаны сонда? Сенімге селкеу түспей ме?
Кадрдың қадірін қашырған жағдайларға көзжұмбайлық бар дейді.
Мемлекет басшылығынан және құқық қорғау органдарынан әрбір мәселеде мемлекеттік бақылау мен қадағалауды қатайта түсу керектігін айтады. Бұл арада қоғамдық пікірді елеп, ескеру өте маңызды. «Халық айтса, қалт айтпайды».
«Идеологиялық тәрбие жұмысын жандандыратын пәрменді тетік керек» дейді. Қоғамдық пікірге ие, шындықты қасқайып айтатын, адал тұлғалардың мектебі де ұсақталып бара жатқан сықылды. Жергілікті мәндегі жан ауыртатын мәселеде «Әкім мырза, сіздің мына ісіңіз дұрыс болмайды» деп адал жанашырлықпен айтатын тәжірибелі, позициясы мен принципі мықты, беделді тұлғаларды өсіріп, қалыптастыра алдық па?
Солай да солай…
Идея иірімдері мен идеологиялық жаңашылдықтың иінін қандырып, иісі қазақ, барша отандас ағайындардың жүрегін толқытып, көзін ашатын мәселені алға тартады, екіншіден, алуан түрлі қоғамдық пікір мен ойлы көзқарастарды тоғыстыратын, иіні қанған, ұйымшылдықпен қолға алынатын тәрбие, насихаттау жұмыстарына деген сұраныс пен талап әсіресе қарапайым адамдар арасында жиі-жиі қозғалуда. Бұл бұқаралық мәселеде олқылықтар аз емес секілді, өйткені жергілікті атқару органдарында, әкімдіктерде атқарылып жатқан идеолгиялық жұмыстардың әсері қатты сезіле бермейді. Әсіресе жастармен қоян-қолтық араласып, соларды қоғам белсендісі және еңбексүйгіш талантына жол ашу, көмектесу ерекше маңызды. Өзге әлеуметтік топтар санатындағы адамдарға да мемлекет пен қоғамдық ұйымдардың ықпалды жанашырлығы қажет. Көп жағдайда өңірлерде нақты істен гөрі жалаулатып өте шығатын науқаншылық басым, жиналысқұмарлық жаппай етек ала бастады. Жер-жерде әкімдердің астына көпшік қойып есіртетін көкезулік, ескі жүйеден бері қалмай келе жатқан дерт – лауазымды әкімдерді кешегі биліктің қызығын көрген кісілердің жерлестік әлепетімен ұялмай-қызармай асыра әспеттеу орын ала бастады. Мұны кішіпейілдікпен артық санайтын оқалы мырзалар жоқ. Ескі сарынмен сарнатып өмір сүруде. Қаңтар оқиғасынан қажетті тағылым, тәлімді сабақ алмаған сияқты. Өзінің қадірін өздері қашырып отырған құбылысқа мәз. Бұл жақсы емес, талапқа сай емес қылық.
Бір жарым жылдан бері әділетті Қазақстан құруға қаншама тың, жаңа батыл қадамдар жасалып жатқан жоқ па? Жүктелген жауапкершіліктің тарихи маңызы айтылған жоқ па? Халықтың қолдауымен қоғамдық ой-санаға дүмпу туғызған ашықтық, ірі саяси реформаларды сәтті жүзеге асыру ең бірінші кезектегі міндеттері емес пе?
Қалың бұқара алдында даналарымыз бен ардақты ағаларымыздың айтқан бір ауыз адал сөзі мыңның жүрегіне сәуле түсіреді. Үміт пен ұмтылыстарға қуат береді. Ақ баталы елдің дәстүрінде, салт-санасында тәрбиелі ұрпақтар үлкендерге қарап үйренеді.
«Жақсының жақсылығын айт» дейді халық. Алайда сонымен бірге іні толқынға теріс әсерін тигізетін жағымсыз құбылыстар да жоқ емес. Кешегі дәуірдің келеңсіз көріністері көлбеңдейді. Ар-намысы мен қадір-қасиетін жоғалтып алғандай.
Тіптен айтуға ұят. Ыңғайсыз. Ықыласқа бөленуден аулақ. Той емес-ау. Қандай да бір жайылған дастарқан үстінде де билікке жақын жүргенін өзіне артықшылық санайтын кейбір көкелер табақтас әкімдерді көкке көтеріп, көпіре мадақтап, бұрын-соңды мұндай ақылды басшы, керемет адам болмағандай сыпыра жағымпазданып, жалпақшешейлікпен мәймөңке болуын көріп, естіген жұрт не демейді? «Е…биік астаудан бір сәттік тойған тамағына риза кейпі ғой» дегеннен басқа не айтады? Ондай кісілерден не үміт, не қайыр?! Абзал аға боп ақыл айтудың орнына өзі абыз болудың орнына төменшектеп, жәдігөй рөлінде ойнағаны қай сасқаны, адалдықтан аттап, ізгі кісіліктен кейіндеп кеткені қалай? Жұрт жақтаған бір бастамашыл ісі болса, мақұл, оны айтса артық емес. Әңгіме әдепсіздік пен әбестіктің, жәдігөйлік пен өтірік айтудың салдары туралы болып отыр.
Мемлекет басшысының алға қойған іргелі де зор міндеттерін терең жауапкершілікпен түсініп, халықтың әл-ауқатын жақсартуда алғырлық, жаңашылдық, таза адалдықпен, ішкі мәдениеті жоғары белсенділікпен, биік парасатпен қызмет ету – күткен өзгерістер мен берекенің бастауы. Жұртқа сырттай болса да сыйлы тұлғалық деңгейде көрініп жатса, қане. Алайда, өкінішке қарай, қарамағындағы бағынышты адамдарды даурықпа мінезбен тоқпақтай түсіп, түн ортасы ауғанша әкімдік ғимаратында тапжылмай отырғандарын желеу ететіндері мүлдем түсініксіз. Мезі еткен жиын мен мимырт тірлікке телінгеннен не пайда, нендей тиімділік? Қолынан келмесе, көтере алмайтын шоқпарды беліне байламау керек қой. Өзіне жүктелген әлеуметтік-экономикалық міндеттерді мінсіз, дұрыстап атқара алмай жүрген әкімдер мен басшы шенеуніктердің бағасын сол өңірдегі саналы жұртшылық әділ бере алады.
Осы орайда барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындармен есептік кездесулерін формальды өткізуіне жол бермеуі керек. Алдын ала дайындалған сұрақтар мен жауаптардың таптаурын сценарийімен өтетін есептік кездесуден гөрі басты-басты проблемалық мәселені шешуді жария ету қажет. Әр ауыл, ауданның, қиян түкпірдегі елді мекеннің көкейкесті шаруаларын саралайтын жинақты сол жердің тұрғындарына сәл ертерек таратса, мұндай кездесу әлдеқайда нәтижелі болар еді.
Сонда барлық адамның ортақ мәселедегі ой-пікірі еленеді, ешкімнің абырой-беделіне көлеңке түспейді. Адамның қадірі қашпайды.
Біз әділетті қоғам, әділетті экономика және әділетті мемлекет құрудың мәнісін келешек ұрпақтың бақытты өмір сүруі мен заң үстемдігі түбегейлі орнатылған мемлекеттің өркениетті дамуынан іздейміз. Сенім мен үміт оты жанып, өшпес із қалдыратын, бекемдікті нығайтатын осы мақсат емес пе?
Үкімет уәде етті ме? Орындалу керек.
Жаңа Қазақстанға, оның мемлекеттік қат-қабат үлкен өзгерістерді жүзеге асыратын кезеңінде әділдікті түбегейлі жақтайтын және оған үлес қосатын әлеуметтің күш-қуаты керек. «Бүйректен сирақ шығаратын» міншіл мінез емес, сыншыл және шыншыл қоғам қажет.
Қоғамды демократияландырудың діңгегі де саяси жаңару мен жаңғыртуға тікелей байланысты. Сондықтан күшті билікке де жағымпаз, жалпақшешейлік, екжүзділікке ыңғайлы біреулер емес, елдің сөзін айтатын, айдай анық адалдығымен қоғамға танымал, мәдениетті, пікірі өтімді, халықшыл тұлғалар керек деп ойлаймыз. Ақша үшін ар, ұят, обал-сауапты ұмытып, қулық-сұмдықпен бәрін сатып жіберетін пенделерден сақтансын. Қолдары таза, былғанбаған, жүрегі ыстық және таза жандар ғана ел-жұртына барды бар, жоқты жоқ деп айтата алатын жөнімен ықпалды және саясат көшінде де сенімді тірек болмақ. Бұл қай тұрғыдан болмасын, ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. «Ел ішінде ұлтымызды асыл мұратқа ұйыстыра білетін, ұрпағына үлгі, жеке қара басын күйттейтін емес, қоғам сыйлайтын жаңа қайраткерлер бар ма, жоқ па, әлде кейінгі толқын көзге түспей келе ме?» деген сауалдар төңірегінде ойланатын жағдай. Қырық құбылған, аумалы-төкпелі уақытта жаңа тұлғалардың жарқырап шығуы шарт, десек те олардың қалың шоғыры әлі де жетілуде. Бұл орайда қоғаммен бірге жаңа заманда ұрпақтардың алмасуы да өмір заңдылығы екенін мойындауымыз керек. Аға ұрпақтар болмаса, олар қайдан шығады? Әлбетте, ұрпақтастар сабақтастығын сақтауда кіршіксіз сенім мен таза пейіл көрініс табуы тиіс. Дәл осы жағы да кейде талас тудырып жатады. Сол себепті ел тарихында айтулы, арда туған қайраткерлердің өшпейтін қанатты сөзі мен өткір, өміршең ой-толғаныстарына және ірі азаматтық, батыл ісіне тамсанумен келеміз. Заң үстемдігі орнайтын заманға сол бір ел есінде сақталған көрнекті адамдар сияқты көшелі кісілер көптеп керек еді деп армандаймыз. Ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіге қараңызшы, көпшілік кешегі зиялы да адуынды марғасқалардың артынан ілескен, айшықты, жоғалмайтын ізін басқан, ақылды, аузы дуалы мемлекетшіл қайраткерлер мен саясаткерлерді аңсаумен жабыла іздейді және дәл қазіргі кезеңде көргісі келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.