Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әділдік және өркендеу: жаңа қоғамдық қор белсенді отандастарымызды біріктірді

0 610

Елімізде жақында «Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қоры құрылды. Ұйымның міндеттері мен мақсаттары туралы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Жангелді Омаров айтып берді.

– Дамыған азаматтық қоғам – «Жаңа Қазақстан» құрудағы негізгі бағыттардың бірі. Біздің жақтастарымыз ортақ мақсаттар төңірегінде бірігіп, азаматтық сектордың тұрақты дамуына үлес қосуға ниетті. Президент Қасым – Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Әділетті Қазақстанды» құру үшін іргелі реформалар жүріп жатыр. Біздің жол – осы. Біз – кедейлікпен, қымбатшылықпен күресіп, тұрғын үй коммуналдық тарифтерін көтермеуді, зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіп, жастарға жаңа жұмыс орындарын ашуды және мұқтаж жандарды әлеуметтік тұрғыда қорғау бағытындағы реформаларды қолдаймыз. Бұл қадам – қала мен ауылдағы ағайынның өмір сүру сапасын, білім дәрежесін жаңа деңгейге көтеруге жол ашатыны анық, – деді Ж.Омаров.

Қоғамдық қордың белсенділері Қазақстан азаматтарына Манифест-үндеу жариялады. Құжатта қоғамдық қор қызметінің негізгі бағыттары айқындалған: еңбек адамының құқығын қорғау, табыстың бөлінуіндегі әлеуметтік әділдік, заң алдындағы теңдік, барлық азаматқа тең мүмкіндік, әр азаматтың қадір-қасиетін құрметтеу және қорғау, азаматтардың шешім қабылдауға ықпалы.

Жамбыл облысында Манифестке 200-ге жуық адам қол қойды. Қозғалысқа фермерлер, мұғалімдер, жастар ұйымдары, тарихшылар, еріктілер, өнеркәсіп кәсіпорындарының қызметкерлері қосылды. Біздің облыс өңірлер арасында көшбасшылардың бірі болып табылады.

Ж. Омаров негізгі құжаттың әрбір тармағы егжей-тегжейлі зерттелетінін, мәселелерді ғана емес, олардың шешу жолдарын да ашық талқыланатыны атап өтті. Алғашқы нәтижелер де белгілі.

«Әділдік және Өркендеу» ҚҚ іс-әрекеттердің әлеуметтік платформасын жариялады. Тұрғындар жұмысшылардың мүдделерін қорғау, өмір сапасын арттыру, ұлттық байлықтарды әділ бөлуге қатысты қабылданып жатқан шараларға қатысты өз ұсыныстарын берді. Әлеуметтік мониторинг нәтижелері Қазақстан Үкіметіне жолданады.

Денсаулық сақтау және МӘМС саласындағы әлеуметтік мониторингке қатысушылар медицина саласының қазіргі проблемасы ретінде мына мәселелерді атады: учаскелік дәрігерлердің жетіспеушілігі, дәрігерлер біліктілігінің төмендігі, тегін стоматологиялық қызметтердің болмауы, заманауи медициналық жабдықтардың жетіспеушілігі, МӘМС-сіз медициналық қызметтерді ала алмау, медициналық мекеменің техникалық және санитарлық жағдайының нашарлығы.

Азаматтардың өз құқықтарын білмеуі әрі көрсетілетін медициналық қызметтер жөніндегі ақпараттың жеткіліксіздігінде атап өту керек.

Сарапшылар келесі ұсыныстарды жинақтады: азаматтарға медициналық сақтандыру түрін (ынтымақты немесе ерікті) таңдауға мүмкіндік беру, медициналық қызметтердің бағасын төмендету, азаматтарға кез келген медициналық ұйымда және олар үшін қолайлы кез келген жерде скрининг қызметін алу мүмкіндігін беру, жекеменшік медициналық ұйымдарға жүгінген кезде азаматтардың міндетті медициналық сақтандыру аясында жинақ ақшасын пайдалануына мүмкіндік беру.

Сонымен қатар, «Әділдік және Өркендеу» Қоғамдық қоры Қазақстан азаматтарының еңбек құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заңгерлік қолдау мен кеңес беретін «Әділеттілік құқығы» атты интернет-қабылдауын ашты.

Жобаның бас сарапшысы – еңбек құқығы бойынша белгілі тәуелсіз құқық қорғаушы, Астана қаласының Заң консультанттары палатасының заңгері Аржан Сәдуақас.

– Жақын арада тәжірибе алмасу басқа өңірлердегі біздің жақтастарымызбен кездесу өтеді. Ел тағдырына әрбір азамат жауапты. Шынында да, әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымыз елдің бүгіні мен ертеңі үшін маңызды, – деп қорытындылады Ж.Омаров.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.