Қалалық қоғамдық-саяси газет

Депутаттардың сауалына қала әкімі тікелей жауап береді

0 376
Бүгін Тараз қалалық мәслихатының кезекті төртінші сессиясынан кейін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің бастамасымен жаңа форматтағы басқосу өтті. Бұрын-соңды болмаған ерекше жиында халық қалаулылары шаһар басшысымен депутаттық сауалдардың орындалу барысын талқылады. Басқосуға сондай-ақ қала әкімінің орынбасарлары, әкімдікке қарасты бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысты.
Шаһар басшысының тікелей ұсынысымен қолға алынып отырған мұндай жаңаша жұмыс жүйесінің мақсаты – қала әкімі мен мәслихат депутаттарының қоян-қолтық тығыз байланыста болуын қамтамасыз етіп, тұрғындардың мәселесін тиімді шешу. Осы арқылы мәслихат депутаттары тараздықтармен кездесу барысында көтерілген мәселелерінің жауабын әкімнен бетпе-бет отырып, тікелей ала алады.
Жиын барысында қалалық мәслихаттың 27 депутаты өздері сайланған округтердегі мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, нақты жауаптарын алды. Мәселен, Марат Жұманқұлов өзі сайланған №1 округтегі аялдамалардың тозығы жеткенін және шұғыл жаңартуды қажет етіп отырғанын айтты. Сонымен қатар, жол мен жаяу жүргіншілер жолын салу секілді инфрақұрылымдық қажеттіліктерге де тоқталды.
– Завод, Завод-2, Завод-3, Строитель көшесінің 1, 2, 3, 4, 5, 7, 8, 9 бұрылысы, Хмелевский көшесі, Хмелевский көшесінің 1 – бұрылысы, С.Стариков, Қ.Рысқұлбеков, Байқоразов көшелерін асфальттау қажет. Көшелерге жаяу жүргіншілер жолын төсеп, «Қант зауытының» науаларын (лоток) ауыстыру керек. Осы жұмыстар қашан жасалады?, – деді Марат Сейітбекұлы өз сауалында.
Өз кезегінде шаһар басшысы қаланы дамытудың 3 жылдық жоспарына сәйкес облыс орталығына 120 аялдама орнату көзделіп отырғанын жеткізді.
– Ағымдағы жылы 36 бірлік аялдама орнату жоспарда. Оның ішінде 6 бірлік аялдама № 1 округтің аумағында орнатылады. Жалпы алқап аумағында орнатуды және ауыстыруды қажет ететін 10 аялдама бар. Қалған 5-уі іс-шара жоспарына және бюджет бөлінісіне сәйкес қойылады. Қалған 30 аялдама да қажет етіліп отырған жерлерге орнатылады.
Көшелерге келер болсақ, қазіргі таңда мердігер мекеме «B grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 3-ші Завод көшесіне орташа жөндеу жұмыстарын аяқтады. Одан бөлек, «KATSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен көшелерді орташа жөндеу мақсатында келісім шарт жасалды. Аталған келісім аясында Кирпичный, Стариков, 1,2,3,4,5,6,7,8,9 Строитель бұрылыстары, Хмелевский көшесі және бұрылысы, Байқоразов тұйығы, Рысқұлбеков көшелері жөндеуден өтеді. Одан бөлек Байқоразов көшесін орташа жөндеуге мемлекеттік сатып алу конкурсы өтуде, – деді қала әкімі өз сөзінде.
Жалпы жиын барысында бас-аяғы 100-ге жуық сауал жолданып, барлығына тиісті жауап берілді. Халық қалаулылары өз сөздерінде жол, су жарық, кәріз жүйесін салу секілді инфрақұрылымға қатысты мәселелерден бастап, білім нысандарын жөндеу, шалғай алқаптарға жүретін қоғамдық көлік санын арттыру, «Оқушылар сарайын», балаларға ойын және спорт алаңшаларын салу, көшелерді жарықтандыру, каналдарды тазалау секілді тұрғындар тарапынан түскен өтініш-тілектерді қала әкімінің назарына жеткізді.
Айта кетер жайт, мұндай жаңаша форматтағы жиын әрі қарай да жалғасын табады.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.