Қалалық қоғамдық-саяси газет

Депутаттар көтерген мәселе қала әкімінің назарында

0 344
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыстық мәслихаттың депутаттарымен кездесті. Босқосуды мәслихаттың Кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті, құрылысты, көлікті және коммуналдық саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Мұханбеталы Шалқарбеков ашып, жүргізіп отырды.
Облыстық мәслихаттың 2024 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес өткен жиында «Жергілікті автомобиль жолдары мен қоғамдық көлікпен жолаушылар тасымалын ұйымдастырудың жайы және оларды жақсарту шаралары туралы» мәселе қаралды.
Шаһар басшысы депутаттарға аталған бағытта атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап өтті.
–Тараз қаласында 1 445 көше жолдары бар. Жолдардың жалпы ұзындығы – 1 888,5 шақырым. 2021-2023 жылдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен 6,5 млрд теңге бөлініп, 199,5 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілді. Нәтижесінде асфальтталған көшелердің үлесі 56 пайыздан 62,4 пайызға артты.
Ағымдағы жылы ұзындығы 68,6 шақырым құрайтын 41 жобаны, ұзындығы 18,1 шақырым құрайтын 7 жаяу жүргінші жолын және ұзындығы 73,8 шақырым құрайтын шағал жолды жөндеуге 4,0 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, құрылыс монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 2023 жылдан өтпелі Саңырық батыр және Шостакович көшелерінде қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, «Барысхан», «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқаптарында асфальт жол төсеу жұмыстары жүргізілуде. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл соңында асфальт көшелердің үлесі 64,5 артады. Ал 2025-2026 жылдары 250-ге жуық көше жөндеуден өткізіліп, асфальт төселген көшелер үлесі 80 пайызға жуықтайды, – деген шаһар басшысы облыс орталығындағы шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымды жөндеу, қала аумағында құрылысы жүретін және жөндеуден өтетін көпірлер жайында толыққанды ақпарат беріп өтті.
Өз сөзінде қала әкімі қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету және жолаушылар тасымалын ұйымдастыру жайына да кеңінен тоқталды. Бақытжан Әмірбекұлы биыл қалаға 80 бірлік автобус жеткізіліп, жоспар артығымен орындалғанын тілге тиек етті. Бұл автобустардың бір бөлігі қалалық маршруттардағы ескірген автобустарды алмастырса, қалған бөлігі кесте санын арттырады. Енді жыл соңына дейін қосымша 60 автобус жеткізу жоспарда тұр.
Басқосу барысында облыстық мәслихат депутаттары қаладағы жол құрылыстарының сапасы мен аяқталу мерзімі, ауызсумен қамтамасыз ету, қураған ағаштарды бұтау, халық саны артып келе жатқан тұрғын алқаптарға балабақша мен мектептер салу сынды тараздықтарды толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Сонымен қатар өздері сайланған аумақтардағы азаматтардың жолдаған сұрақтары мен өтініш-тілектерін қала әкімінің назарына жеткізді.
Депутаттардың сауалдарын мұқият тыңдаған Бақытжан Әмірбекұлы қойылған сұрақтың әрқайсысына толыққанды жауабын беріп, тұрғындардың талап-тілектері назардан тыс қалмайтынын айтып өтті.
Жиын соңында қала әкімі бірлескен істе береке болатынын айтып, халық қалаулыларын тығыз байланыста жұмыс істеуге, облыс орталығының көркеюіне атсалысуға шақырды.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.