Елімізде мемлекеттік қызметшілердің мәртебесімен қоса олардың жауапкершілігіне де ерекше мән берілуде. Бұл тұрғыда ҚР Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен қабылданған Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) маңызы зор. Алайда облысымызда өзгелерге үлгі болудың орнына Кодекстің нормаларын өрескел бұзып жүрген мемлекеттік қызметшілер жетерлік. Бұған жуырда өткен Әдеп жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысында көз жеткіздік.
Жемқорлыққа жол бергендер жаза арқалады
Өткен жылдың қорытындысы бойынша Әдеп жөніндегі кеңес қарамағындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін басшылардың тәртіптік жауапкершілігі мен саяси қызметшілердің отставкасы мәселесіне жүргізілген мониторинг қорытындыларына зер салды. Бұл ретте Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен мемлекеттік органдардың осы мәселедегі жұмысын үйлестіру Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен оның аумақтық департаменттеріне жүктелген. Осы орайда облыстық департамент тарапынан ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің ақпараттық жүйесі арқылы аталған мәселеге қатысты тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Мониторинг нәтижелері көрсеткендей, 2022 жылы басшылық лауазым атқаратын 21 тұлға бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 14 құқық қорғау органдарының, 2-і жергілікті атқарушы органдардың, 4-і орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, 1-і квазимемлекеттік ұйымдардың басшылары. Сондай-ақ олардың 2-і атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатылса, 8-іне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беріліп, 8-іне қатаң сөгіс, 3-іне жай сөгіс жарияланған. Ең сорақысы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, 10 адам «Пара алу», 6 тұлға «Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу», 8-і «Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген адам не оған теңестiрiлген адам не лауазымды адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаған алаяқтық», 3-і «Лауазымдық өкiлеттiктерді теріс пайдалану», 5-і «Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану», 3-і «Пара беру», 3-і «Қызметтік жалғандық жасау», 1-і «Билікті теріс пайдалану» баптары бойынша сотталған. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөліміне қарасты №4 мектеп-лицейінің директоры А.С.Есжанова Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін айыпталып, іс материалдары сотқа жолданған. Байзақ аудандық сотының 2022 жылғы №3136-22-00-1/22 үкімімен А.С.Есжановаға жымқырылған мүліктің 10 еселенген мөлшерінде 3 миллион теңге айыппұл салу жазасы белгіленген. Осыған орай бағынысты қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Байзақ ауданының білім бөлімінің басшысы Н.Мамырбаев «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған. Бұған қоса, Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Е.Шымыркулов Тараз қаласы №2 сотының 13.07.2022 жылғы №1-138/2022 үкімімен кінәлі деп танылып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылған. Бұл ретте бағынысты қызметшілердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасаудың алдын алу жөніндегі лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Тараз қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы А.Ажмахановқа және оның орынбасары А.Даулетбаевқа «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылыпты.
Әдеп нормаларын бұзу фактілері артқан
Бүгінде Жамбыл облысындағы жергілікті атқарушы органдарда жалпы саны 12 әдеп жөніндегі уәкіл қызмет атқарады. Олардың да жұмыстары кеңес мүшелерінің назарынан тыс қалмады.
Әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілердің әдептілігі деңгейін көтеру, мемлекеттік органдардағы тәртіпті нығайту, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының профилактикасы бағыттары бойынша бірқатар жұмыстар атқарған.
– Есепті кезеңде уәкілдерге мемлекеттік қызметшілерден әдеп нормаларын бұзу мәселелері жөнінде 2 өтініш келіп түскен, алайда олардың ешқайсысы расталмаған. Сондай-ақ уәкілдер тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы заңнама және Кодекс талаптарын сақтау мәселелері бойынша барлығы 2 700 консультациялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ БАҚ-та әдепсіз мінез-құлық көріністеріне тұрақты түрде мониторинг жүргізу нәтижесінде мемлекеттік қызметшілерге қатысты 15 жағымсыз материалдарға зерделеу жұмыстары жүргізілді. Оның 2-і расталып, Жамбыл ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы қыз- метінен босатылса, ал Жамбыл ауданы Бесағаш ауылдық округінің әкіміне «қатаң сөгіс» түрінде тәртіптік жаза қолданылды. Әдеп деңгейін қалыптастыру саласында «Жамбыл – адалдық алаңы», «ЖАҢАРУ», «Әділдік жолы» азаматтық қоғам институттарының өкілдерімен бірлесіп профилактикалық бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Былтыр мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша 10 өтініш қаралып, оның 2-і расталған. Айталық, Шу және Т.Рысқұлов аудандарындағы лауазымды тұлғаларға «қатаң сөгіс» түрінде жазалар қолданылды, – дейді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Шәкір Сұлтанхан.
Шәкір Асылханұлының айтуынша, өтініштерге талдау жүргізу барысында мемлекеттік органдардың ұжымдарындағы моральдық-психологиялық ахуалдың төмен екендігі белгілі болған. Оның негізгі себептері – басшылар тарапынан қызметкерлерге қысым көрсету, өз еріктерімен жұмыстан шығуға өтініш жазуға мәжбүрлеу мен мүдделер қақтығысы болса, ал қызметкерлер тарапынан ұжымдағы
келіспеушілік, дөрекеліктер мен әдеп нормаларын сақтамауда екен.
Жиын барысында әдеп жөніндегі уәкілдердің жұмысындағы бірқатар кемшіліктер белгілі болды.
– Мәселен, қолжетімділікті бақылау және басқару жүйесі мен «Е-қызмет» жүйесін интеграциялауға бюджеттен 36 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. Алайда облыс әкімі аппаратындағы қызметшілердің кіру-шығу уақыттары белгісіз себептермен «Е-қызмет» жүйесінде қалыптастырылмауда. Осыған ұқсас жағдайлар Тараз қаласы, Жуалы, Меркі, Сарысу, Талас және Шу аудандарында да орын алған. Сонымен қатар онлайн сауалнаманың нәтижелеріне сәйкес, мемлекеттік қызметшілердің 73,9 пайызы басшылықтың мереке күндері жұмысқа шығуға міндеттемейтінін көрсеткен. Алайда қалған 26 пайыздан астамы үстеме жұмыс жасайды деп пайымдауға негіз бар. Демек, Әдеп жөніндегі кеңес, мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарының қорғалуына уәкілдер тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтіндігіне назар аударады. Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында әдеп нормаларын бұзу фактілерінің 14,3 пайызға артуы осы саладағы профилактикалық шараларды сапалы әрі нәтижелі жүргізу қажеттігін көрсетеді, – дейді Жамбыл облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Елдос Бекпатшаев.
Дегенмен бұл бағыттағы жетістіктер де аз емес. Мәселен, қабылданған шаралардың нәтижесінде, тәртіптік жазаға тартылған жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің саны 2021 жылмен
салыстырғанда 569-дан 454-ке, яғни 20,2 пайызға азайған. Оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін жазаға тартылған қызметшілердің саны 23-тен 11-ге, яғни 52,2 пайызға кеміген.
Жекешелендіру объектілерін сату талаптары өрескел бұзылған
Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қайрат Терлікбаев жекешелендіру объектілерін сату қағидасының талаптарын өрескел бұзған. Бұл жөнінде Талас ауданы прокуратурасының аға прокуроры Батыр Қалмұратов баяндады.
– Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен Талас ауданы прокуратурасының 2022 жылғы 2 тамыздағы №2-0710-22-00577 «Заңдылықты бұзушылықты жою туралы» ұсынуында көрсетілген фактілер бойынша Қ.Терлікбаевқа қатысты қызметтік тергеп-тексеру жүргізілді. Ұсынуда аталған тұлға «Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 9 тамыздағы №920 қаулысымен бекітілген Жекешелендіру объектілерін сату қағидасының талаптарын бұза отырып, жеке кәсіпкер А.Т.Буркитбаеваға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетілгені мәлім болған. Мәселенің мәнісіне үңілер болсақ, 2021 жылдың 31 тамызында Талас ауданының әкімдігімен «Аудандық коммуналдық мүлікті жекешелендіру туралы» №264 қаулы қабылданған. Аталған қаулының 1-ші және 2-тармақтарына сәйкес, Қ.Терлікбаевқа заңнамада белгіленген тәртіпте Талас ауданы әкімдігінің «Таза-Талас» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының теңгеріміндегі Қаратау қаласы, Шахтерская көшесі №22 мекенжайында орналасқан қонақ үй ғимаратын сатуды ұйымдастыру тапсырылған. Осының негізінде Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінің тапсырысы бойынша «Тараз-Сервис «Деловой мир» жауапкершілігі шектеулі серік- тестігі 2021 жылдың 28 қыркүйегінде жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын бағалау туралы №0-046 есеп әзірлеген. Есепке сәйкес, жоғарыда көрсетілген ғимараттың нарықтық құны 7 657 000 теңге болып айқындалған. Бұдан әрі, 2021 жылдың 22 қарашасында коммуналдық меншік объектілерін сатуды ұйымдастыру мен өткізу, сондай-ақ кейін сатып алу құқығымен (құқықсыз) сенімді басқаруға беру жөніндегі комиссия отырысы ұйымдастырылып, соның шешіміне сәйкес, қонақ үй ғимаратының алғашқы бағасы
22 971 000 теңге, ал ең төменгі бағасы 3 828 500 теңге болып белгіленген, сондай-ақ аукционға шығарылу саны 2 рет деп айқындалған. Алайда көрсетілген талаптарға қарама-қайшы, Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімімен Қағиданың 41-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес, жекешелендіру объектісі, яғни қонақ үй ғимараты үшінші сауда-саттыққа шығарылмаған. Сондай-ақ сауда-саттық нәтижелері туралы тиісті хаттама болмағанына қарамастан, 2022 жылдың 28 ақпанында Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімі және Тажикуль Ауелова арасында қағаз жүзінде №1 жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарты жасалған. Шарттың жалпы сомасы – 3 800 000 теңге. Бұл ретте аталған шартқа сатушы тарапынан Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінің басшысы Қ.Терлікбаевтың қолы қойылған. Осы шарттың негізінде 2022 жылғы 9 наурыздағы өткізу-қабылдау актісіне сәйкес, Талас ауданы, Қаратау қаласы, Шахтерская көшесі №22 мекенжайында орналасқан, көлемі 106,1 шаршы метрді құрайтын ғимарат Т.Ауелованың меншігіне өткен. Осыған байланысты Талас ауданының прокуратурасы 2022 жылдың 14 қыркүйегінде Талас аудандық сотына аудан әкімдігінің қаржы бөлімі мен Т.Ауелова арасында жасалған №1 шағын қонақ үйді сату-сатып алу шартын және Қаратау қаласы әкімінің 2022 жылғы 5 тамыздағы №153 «Тажикуль Буркитбаевнаға Қаратау қаласы Шахтер көшесі №22 мекенжайында орналасқан шағын қонақ үй ғимаратына қызмет көрсету үшін жалпы ауданы 0,0865 гектар жер телімін сатып алу арқылы жекеменшік құқығын беру туралы» шешімін заңсыз деп тану жөнінде сотқа шағым келтірген. Нәтижесінде, Талас аудандық сотының 2022 жылғы 21 қарашадағы №3162-22-00-2/299 шешіміне сәйкес, аудан прокуратурасының талабы толық көлемде қанағаттандырылған. Ал сот шешімі 2022 жылдың 27 желтоқсанында заңды күшіне енді. Қ.Терлікбаевтың қызметтік тергеп-тексеру барысында берген түсініктемесіне сәйкес, ол жекешелендіру нысанының 1 (бір) теңгеге өтіп кетуі қаупін, сондай-ақ нысанның салық қарыздарының көлемі күн санап артып бара жатқанын ескере отырып, нысанды үшінші сауда-саттыққа шығармастан, жеке кәсіпкер Т.Ауеловамен сатып алу-сату шартын жасасу туралы шешім қабылдаған.
Сондай-ақ Қ.Терлікбаев өзінің іс-әрекеттерімен мемлекеттік бюджетке қандай да бір шығын келтірмегенін, керісінше, оның қабылдаған шешімінің нәтижесінде «Таза-Талас» мекемесінің қарыз берешегі қысқарғанын және өсімпұлдың тоқтатылғанын түсіндірген.
Талас ауданы әкімі аппаратының ақпаратына сәйкес, К.Терлікбаевтың тәртіптік теріс қылық жасау күніне алынбаған тәртіптік жазасы болмаған, мемлекеттік қызметтегі өтілі 27 жылдан астам және Талас ауданы әкімдігінің қаржы бөлімінде бос тұрған лауазымдар жоқ, – дейді Батыр Сапарұлы.
Қызметтік тергеп-тексеру құжаттарын және Қ.Терлікбаевтың түсінігін зерделей келе, облыстық әдеп жөніндегі кеңеспен қызметіне толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жаза қолданылған.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы