Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Денсаулық – Алланың берген аманаты

0 109

Денсаулық – сау адамдардың басындағы тәж, оның қадірін тек ауруға шалдыққандар ғана шынайы түсінеді. Бірақ адамдар денсаулық пен амандыққа тым үйреніп кеткендіктен, көбіне оның құндылығын сезбей, шынайы бағалай алмай жатады.

Алла Тағала бізге көрінетін де, көрінбейтін де сансыз нығметтерін молынан сыйлады. Сол ең ұлы нығметтердің бірі – денсаулық пен амандық, яғни өмірдің рахатын бұзатын түрлі аурулар мен қиындықтардан аман болу.
Абыз ақсақал Әсет биге айтқан өсиетінде әрбір нығметтің қадірін жанымызға батқанда ғана түсінетінімізді ескертіп:
«Аяқ-қолдың қадірін ақсағанда білерсің.
Отыз тістің қадірін қақсағанда білерсің.
Қызыл тілдің қадірін тоқтағанда білерсің» – деген екен.
Алла біздің денімізге саулық берді, ал науқастарды дертпен сынады. Мұның бәрі пендені бойындағы нығметтерді ой елегінен өткізіп, өзіне үңілуге шақырады. Біз осы нығметтерге шүкір ете білдік пе? Оларды Алланың разылығына сай пайдаланып жүрміз бе?
Сол себепті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Сендерден кім таңды үйінде амандықта атырса, дені сау болса және бір күндік несібесі жанында болса, оған – бүкіл дүние түгелімен берілгенмен тең», – деген (имам Тирмизи).
Яғни, адамға ең қажет үш нәрсе – амандық, денсаулық және жеткілікті бір күндік азық-түлік берілсе, оның өмірі толыққанды болып, еш нәрсеге мұқтаж болмайды. Алла берген осы нығметтер үшін әрбір адам шүкіршілік етуі тиіс. Өйткені дүние кеңдігі мен оның барлық жетістіктері тек қауіпсіздік пен денсаулық ұштасқанда ғана шынайы рахат сыйлайды.
Бір күні сахабалар мәжілісте үнсіз отырған еді. Сол сәтте есік жақтан нұрлы бір бейне көрінді. Бұл ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еді. Оның шашынан тамған судың ізі жарқырап тұрғандай болды. Сахабалар оған құрметпен, тамсана қарап:
– Уа, Алланың Елшісі! Бүгін көңіліңіз ерекше, жайлы көрініп тұрсыз, – деді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сабырлы үнмен:
– Иә, – деп жауап берді.
Осыдан кейін мәжіліс ішіндегі әңгіме байлық жайында өрбіді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге қарап, жүрекке терең жететін сөз айтты:
– Алладан қорқатын адамға байлықта айып жоқ. Бірақ Алладан қорқатын жан үшін тәннің саулығы байлықтан да артық. Ал көңілдің жайлылығы Раббысының құлдарына берген ең үлкен нығметтердің бірі, – деді.
Бірінші: денсаулық – аманат
Денсаулық – Алланың аманаты. Денсаулық болмаса, мал-дүние де, өнер-білім де, дәулет те мәнін жоғалтады.
Мұсылман адам амандықтың қаншалықты ұлы нығмет екенін танып, қысқа ғұмырдың әр сәтін қадірлей білуі керек. Себебі өмір – өткінші. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсенің орнын біл: өлім келмей тұрып өміріңді, ауру келмей тұрып денсаулығыңды, шұғылданбай тұрып бос уақытыңды, кәрілік жетпей тұрып жастық шағыңды, жоқшылық келмей тұрып байлығыңды қадірле», – деген (имам Бәйһақи).
Қиямет күні адам баласы денсаулығы үшін де сұраққа тартылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл туралы былай дейді:
«Қиямет күні құлдың ең әуелгі болып жауапқа тартылатын нығметі ретінде: Саған тәніңнің саулығын бермедік бе? Саған салқын судың рақатын таттырмадық па? – деп сұралуы», – деген (имам Термизи).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
«Адамдардың көбі қадірін біле бермейтін екі нығмет бар – денсаулық және бос уақыт» (имам Бұхари).
Бұл хадис бізге денсаулықтың қадірі тек ауырғанда ғана сезілетін, орны толмас байлық екенін ескертеді. Кімге амандық пен саулық беріліп тұрып, соған қарамастан біреудің өзінен артық нығметке ие екен деп ойласа, ол үлкен нығметті азайтып, аз нығметті көбейтіп қойғанмен тең.
Ендеше бізге денсаулық пен амандықтың шапанын кигізген Алла Тағалаға шынайы шүкіршілік етейік. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Егер шүкіршілік етсеңдер, нығметімді арттырамын», – деген («Ибрахим» сүресі, 7-аят).
Қалайша шүкір етпеске?! Өзінің сансыз нығметтеріне шүкіршілікті бізге міндет етіп, Алла Тағала қасиетті Құранда былай деп бұйырған:
«Бір Аллаға ғана құлшылық ететін болсаңдар, берген нығметтерінің қадірін біліп, шүкіршілік етіңдер», – деген («Нахл» сүресі, 114-аят).
Бірде бір кісі ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлем болсын):
– Уа, Алланың Елшісі! Адамдардың қайсысы ең қайырлы? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Ұзақ ғұмыр кешіп, амалы жақсы болған адам, – деп жауап берді.
Сонда әлгі кісі тағы:
– Ендеше адамдардың ең жаманы кім? – деп сұрады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Ұзақ ғұмыр кешіп, амалы жаман болған адам, – деп жауап берді.
Денсаулықты күту – Пайғамбардың өсиеті.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) денсаулықты сақтауды өз үмбетіне өсиет еткен. Ол кісінің сүннеті – дұрыс тамақтану, еңбек ету, қимыл-қозғалыс жасау, зиянды нәрседен тыйылу.
Алла Тағала Құран Кәрімде бізді өзімізге зиян келтірмеуге бұйырады:
«Өз-өздеріңді қауіп-қатерге салмаңдар», – деген («Бақара» сүресі, 195-аят).
Бұл аят адам өмірі мен денсаулығын сақтау міндет екенін көрсетеді. Әрбір мұсылман денесін, жүрегін, жанын аманат ретінде қорғауы тиіс. Байлығы бар науқас адам, дені сау адамдарға қызыға қарайды.
Әйгілі табиғин Қабиса ибн Зуәйб: «Халифа Абдулмәлік ибн Маруан ауырып жатқан хәлінде бөлменің сыртынан дауыстап: Ей нығмет иелері! Амандықпен бірге келген нығметтердің ешбірін аз көрмеңдер! – деп үнемі ескертіп отыратынын еститінбіз», – деп айтқан. Осыдан ғибрат алып, адам кедей болса да, Алла Тағалаға амандығы мен саулығы үшін шынайы шүкір етіп, байлардың мал-дүниесіне қызықпауы керек. Өйткені қаншама мал-мүлкі толық, бірақ денсаулығы жоқ жандар бар. Ол сәтте, жинаған таудай алтыны болса да, денінің саулығын сатып ала алмайды. Халқымыздың да даналық сөздерінде «Денсаулық – зор байлық» деп бекер айтылмаса керек.
Денсаулықты сақтауға қатысты бірнеше тақырыптарға тоқтап өтейік:
1.Адал әрі пайдалы тамақтану
Артық тамақтану қауіпті. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:
«Адам баласы өзінің асқазанынан басқа ешбір жаман ыдысты толтырмаған», – деп артық ас ішудің де зиян екендігін айтып өткен (имам Термизи).
Алла Тағала тыйған барлық нәрсе – арам, ал барлық арам – денсаулыққа зиян. Ал арам нәрсені адал деп айту адамды діннен шығарады. Өзі жаратқан пендесіне ненің пайда, ненің зиян екенін Жаратушының Өзінен басқа кім жақсырақ біледі?! Мәселен, Алла Тағала Құранда доңыз еті, аққан қан, өлексені арам етіп бекіткен.
«Шынайы түрде сендерге өлексені (арам өлген малды), қанды, доңыз етін және Алладан басқаның атымен бауыздалғанды арам қылды. Сонда кім мәжбүрленсе, қарсылық қылмаса, шектен шықпаса оған кінә жоқ. Күдіксіз Алла өте жарылқаушы, ерекше мейірімді», – деген («Бақара» сүресі, 173-аят).
Ибн Кәсир кейбір ғалымдардың сөзін жеткізіп: «Алланың халал еткен нәрселерінің әрбірі жақсы саналады әрі ол адам баласының ағзасы мен дініне пайдалы. Ал әрбір харам еткен нәрсесі лас есептеледі әрі ол адам ағзасы мен дініне зиян келтіреді», – дейді.
2.Денені шынықтыру
Денені шынықтыру – сүннет. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын ) өзінің хадисінде:
Балаларыңды жүзуге және садақ атуға үйретіңдер, ал әйелдерге тоқуды үйретіңдер», – деген (имам Бәйһәқи).
Әділетті халифа Омар (Алла оған разы болсын) Шам еліне жазған хатында: «Өз балаларыңа садақтан оқ атуды, суда жүзуді және атқа мінуді үйретіңдер», – деп айтқан.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Күшті мұсылман әлсіз мұсылманға қарағанда жақсырақ, әрі Аллаға ұнамдырақ. Бірақ екеуінде де қайыр бар. Өзіңе пайдалы дүниеге ұмтыл, Алладан жәрдем сұра, дәрменсіздік танытпа. Бір жағдайға тап бола қалсаң, «Егер мен былай істегенде былайша-былайша болар еді» деп айтпа. Алайда: «Алла Тағала жазды, Оның қалауы болды», деп айт. Өйткені «егер» деген сөз шайтанға жол ашады», – деген (имам Мүслим).
3.Зиянды әдеттерден сақтану
Темекі, арақ, нашақорлық – денені де, иманды да әлсіретіп, үлкен күнәға жетелейді. Ішімдіктен әрбір есірткі, алкогольды сусындардың барлық түрін Алла Тағала Құранда, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде арам етіп, тыйым салған. Алла Тағала қасиетті Құранда:
«Әй мүміндер! Арақ, құмар, тігілген тастар (пұттар) және бал ашатын оқтар лас, шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыларсыңдар», – деген («Мәида» сүресі, 90-аят).
Алкогольді ішімдіктердің қандай түрі болмасын, арақ, шарап, сыра т.б адамды есіртіп, миын айналдыратындардың жеңілі де, ауыры да, ащысы да, тұщысы да, қымбаты да, арзаны да, көбі де, азы да харам болып бекітілген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
«Барлық мас қылушы – арақ һәм барлық мас қылатын нәрсе – харам», – деген (имам Бұхари).
Есірткінің қай түрі болмасын, адамды абыройдан, ақылдан, отбасынан айыруға себеп болғанынан бөлек, деннің саулығына да орасан залалы бары баршамызға белігі. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да бұл нәрселерді барлық жамандық атаулының бастауы екенін ескерткен. Хадисте:
«Ішімдіктен сақ болыңдар. Өйткені ол – барша жамандықтың кілті», – деген (имам Бәйһәқи).
4.Уақытында емделу
Емделуді кешіктіру – денсаулыққа қиянат. Денсаулығымыз сыр берсе, оны өз уақытында емдеу де мұсылманның міндеті. Ал Алла мені сынау үшін ауру берген екен деп, қолымыздан келе тұра, шамамыз жете тұра оны асқындырып алсақ, өзімізден басқа кім кінәлі болмақ? Шариғатымыз аурудан Аллаға жалбарына шипа тілеп, оның емін іздеуді талап етеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде:
«Емделіңдер, себебі дертті жаратқан Алла оның шипасын да жаратқан. Тек кәріліктің емі жоқ», – деген (имам Термизи).
Аталмыш хадисті ұстана отырып, қазіргі таңдағы дамып жатқан медицинаның қызметтерін, бұрыннан келе жатқан халықтық емдердің адал түрлерін, сондай-ақ Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткен емдік амалдарды және де Құрандағы шипа аяттары мен хадистерде келген шипалық дұғаларды пайдалана отырып емделу, денсаулықты нығайту сауапты да міндетті амал екенін ұмытпаған жөн.
Құрметті жамағат!
Денсаулықтың қадірін көбіне ауырғанда ғана түсінеміз. Ал шынайы мұсылман әрбір сәтін бағалап, өзіне берілген денсаулығы мен амандығы үшін Аллаға шүкір етуі тиіс.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бізге денсаулықты сақтау жолдарын үйретті: адал тамақтану, денені шынықтыру, зиянды әдеттерден аулақ болу, уақытында емделу – осы амалдар арқылы біз Алланың аманатын сақтап, өз өмірімізді мәнді ете аламыз.
Сондықтан денсаулықты нығмет ретінде қабылдап, оны күту –  барлығымыздың борышымыз. Деніміз сау, күніміз аман болсын. Әумин!

Ермұрат Шопан,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.