Қалалық қоғамдық-саяси газет

Демократиялық құндылықтарды қалыптастырды

0 816

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында бірқатар маңызды мәселелерді қозғады. Әсіресе оның сайлау жүйесіне өзгерістер енгізуді ұсынып, еліміздегі жүргізіліп жатқан саяси реформалардың қорын сақтау мақсатында жаңа стратегияға сәйкес басты мемлекеттік институттарды кешенді түрде қайта жаңғыртуға кірісу қажеттілігін айтқаны көңілге қонымды.

Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды іске асыру мақсатында Президент Жолдауда мандатының ұзақтығын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Ал бұл бастаманың негізі қандай?
Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды реформаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жағынан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет басшысының жалпыұлттық дамудың стратегиялық міндеттерін шешуге барынша жұмылуын қамтамасыз етеді. Ал бұл саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттырып, азаматтық қоғам құруға бет бұру. Осыдан 16 жыл бұрын Конституциялық реформа аясында Мәжіліс депутаттарын пропорционалды тәсілмен сайлауға көштік. Ал 2018 жылдан бастап мәслихат депутаттарын сайлау да осы үлгіге көшіп, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, облыстық және қалалық мәслихаттарға сайлана алмайтын болды. Бұл азаматтардың сайлауға деген сенім белсенділігін күрт төмендетті.
Президент Жолдауда осындай жағымсыз жайттарды ескере отырып, аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. Бұл жүйе жергілікті жерде бәсекелі саяси орта қалыптастырып, елдің алдында әртүрлі ортадан беделі бар жаңа тұлғалардың саясатқа келуіне жол ашады.
Осы орайда айта кетерлігі, саяси тұлғалардың қалыптасуы бір күндік немесе бір жылдық құбылыс емес. Оған талай уақыт керек. Екіншіден, азаматтардың билікке деген сенімі және соған сай халық сезінетіндей оң өзгерістер қажет. Оның басты бағыттарының бірі – партиялардың қоғамдық бірлестіктерден тіркелуіне мүмкіндік беру. Әділ сайлау өткізу – демократияға бет бұрғанымыздың айғағы. Соның арқасында саяси сахнаға озық ойлы, айтары бар азаматтар көтерілді. Әрине, көзі ашық азаматтар елдегі үлкен өзгерістерді көріп отыр.
Жалпы Жолдау дегеніміз – стратегиялық құжат. Сондықтан онда айтылған дүниелер қолдау тапқанымен, бірден жүзеге аса қоймасы белгілі. Өйткені осы құжатқа байланысты кейбір заңдарға өзгерістер енгізуге тура келеді. Сондықтан Жолдаудың толық жүзеге асуы белгілі бір уақытты қажет етеді. Қазақ «Асықсаң, жақсылыққа асық» дейді. Біз де осы Жолдауда айтылған бастамалардың тезірек жүзеге асуын қалаймыз.

Жайнар Мұрат,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.