Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дарабоз

0 466

Бауыржантанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының айтуынша, ат үстінде өмір сүрген қазақ халқының батырлық дәстүрі ешқашан жоғалмаған. Біздің халқымыз қандай жаугершілік заманда болсын өз батырларын дәріптеп, дарынды қолбасшыларын мадақтаған.

Түркі дәуіріндегі Тоныкөктей данамыз батырлықты тасқа қашаса, «Құтадғу білік» дастанын жазған Жүсіп Баласағұн өз еңбегінде соғыста ерлігімен танылған қолбасшыларды насихаттаған. Тарихты ақтарсақ, қай заманда болмасын батырлығымен көзге түскен қолбасылар өз қамы ғана емес, елі мен жерін қорғап, тәуелсіздік үшін күрескен. ХХ ғасыр өзіндік тұлғасымен, батырлығымен өнеге болар ұлы тұлға Бауыржан Момышұлы болғандығын талай ұрпақ мойындаған.

Б.Момышұлы тек батыр ғана емес, ол – ұлттық дамудың, ұлттық тәрбиенің де қатал жақтарына ерекше мән беріп қараған тұлға. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну өнері сөз болады. Ғалымдардың айтуынша, жылқы малын мінгенімізге 7 мыңдай жыл болған. Қазақ халық ауыз әдебиетінің батырлық жырының қайсысын алмайық, барлығында да батырларымыздың жан серігі – тұлпары болды. Баукеңнің де Ұлы Отан соғысында тұлпары болған. Ол туралы өз естеліктерінде Баукең былай дейді: «…Мен адымдай басып, шеткері тұрған ақбозға жақындап, зер салдым. Орташа ғана тығыршықтай ат. Құйрық-жалы сұйықтау, қоян жақ, бөкен қабақ, құйма тұяқ. Арқасында ер қаққан оймақтай ақ дағы бар. Япырмай, атқа ат ұқсай береді екен-ау. Сонау бір жылы тайға мініп жарысып жүрген кезімде, бүкіл Қаратау атырабында аңыз болып кеткен Сұркөжек, Тәуекел, Тарташап деген аттарды көріп едім. Оларды Жұманбай еліндегі Доспай әжінің бәйге аттары дейтін. Сол Сұркөжек те дәл осындай шағын ғана елеусіз жылқы болатын. Біреулер оны 800 аттан озған Шаңтимес, енді бірі сонау Асылдан Керегетасқа дейін тізгін тартқызбай келген тұлпар десетін. Мынау ақбоз да сол Сұркөжектен тартып келе жатқан тұяқ емес пе екен? Бірақ қасында тұрған майор: «Бұл ат тым көріксіз ғой» – деді. Баукең оған: «Мен ат баптар қазақтың баласымын. Жылқы жүйрігін айтпай танимын. Егер білсем, бұл – қазақтың қарабайыр жылқысы. Еркін далада құйынмен жарыса, көсіле өскен, кең тынысты жануар. Күн-түн шапсаң талмайды, өзі және ақбоз екен» – деп аттың жонарқасын сипап, сауырын қағып-қағып қойдым. Ақбоз маған қарап оқыранды» – дейді батыр. «Жылқының ақбозын халық қасиетті деп санайды. Біздің елдің батагөй қариясы да, ел қорғайтын батыры да ақбоз айғыр мінген. Егер сол аттың иесі шейіт болса, оның асына ақбоз шалатын болған. Бұл ертеден келе жатқан дәстүр, түсіндің бе? Онан соң ақбоз атпен жауға шапқан командир жеңіске жетпей қоймайды.

Естеріңізде ме, Суворов ақбоз атпен Альпі шыңынан асқан, Кутузов боз атпен француздарды Парижге дейін қуып барған, Чапаев боз айғырмен Колчактың қарақұрым қолына қырғидай тиген. Мен де осы атпен неміс фашистерін Берлинге дейін шегіндірсем деймін» – деп айтқан екен.

Баукеңнің Ұлы Отан соғысында жүріп елге жазған хаттарында жастарды тәрбиелеудің мәні бар. «Мен соғыста полкке, дивизияға командир болған кезімде, қарауымдағы жауынгерлерге жан-жақты тәлім-тәрбие беруді, оларды батылдыққа, ерлікке баулуды әсте бір ұмытқан емеспін» – деп өз естеліктерінде айтып отырған. Көріп отырғанымыздай, Б.Момышұлы өзінің әдеби мұраларында ұлттық дәстүрімізді жоғары қойған. Дәстүр арқылы ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді көздеген. Оның бізге қалдырған әдеби мұралары – әдебиетіміздегі патриоттық мәні зор құнды қазыналар.

Иә, Б.Момышұлы мұраларына үңіле зерттеп қараған адамға оның ой парасаты биік, жоғары мәдениетті түрде патриотизмге тәрбиелеуді өсиет еткен. Кез келген адамның мәдениетті болуына аса үлкен мән берген. Сондықтан да Б.Момышұлы: «Патриотизм – Отанға (мемлекетке) деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман-саулығы қоғамдық-мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді, мемлекетті нығайту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды, оны жеке адаммен барлық жағынан өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын білдіреді» – деген.

Патриотизмнің маңызды элементтерінің бірі, онымен етене байланысып жатқан ұлттық патриотизм жөнінде айтып өту қажет. Ұлттық рух пен ұлттық патриотизм бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті – өз халқына деген сүйіспеншілігі, жеке адам өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптасқан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты. Мұның бәрін міндетті түрде есепке алу үшін әрі бұл сезімді әскерлерге күш-жігер беретін мықты құрал ретінде пайдалана отырып, патриотизм, ұлттық сүйіспеншілік ұғымының жалпы арнасына бағыттап жіберу үшін білу қажет… Барлық халық барлық ұлы да тамаша нәрселер жасауға қабілетті. Біз дүниені лайықты бауырмалдық қарым-қатынас арқылы жасауға әрі кез келген ұлт пен халықты құрметтеуге тәрбиелеуіміз керек.

Осы күні ұлттық сананы ояту, соның бір бұтағы отансүйгіштік қасиетті тірілту және сол арқылы тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы үшін барша жұртымызды бір тудың астына біріктіру – мемлекеттік деңгейде күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер. Осыған қалай қол жеткізіп, қайтсек баянды етеміз деген сауал төңірегінде Елбасымыздан бастап, Отанымыздың барлық саналы азаматы ойланып-толғануда. Елбасының 2017 ж. 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы, оның жалғасы 2018 ж. 21 қарашадағы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында тарихты тану, сананы жаңғырту, түп тамырымызды білу, ұлттық салт-дәстүрімізді жоғалтпау, жаһандық жағдайда ұлттығымызды жоғалтпау мәселелері көтерілгені мәлім. Қаламгер Б.Момышұлын да толғантқан ұлтының осындай өзекті мәселелері болатын.

Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беруде Б.Момышұлы ұлттық дәстүрді, мәдениетті және әдебиетті өзек етіп алған. Қазақстанның таулы, табиғаты қатал аймағында туып, қазақи тәрбие алған, туған жердің киелі топырағынан нәр алған ұлы тұлға Абай, Шәкәрім, Мағжан, Жүсіпбек, Ахмет сынды ағаларының өлең-жырларымен сусындап өскен, бес қаруды пайдаланып, өз халқын, жерін, Отанын қорғаған батырлардың ұрпағы Б.Момышұлының бойында туған ұлтына деген сүйіспеншілік қашанда сезіліп тұратын. Ұрпақты дәстүрдің негізінде тәрбиелеу – Баукеңнен қалған тамаша үрдістің бірі. Ал қазір заман өзгерді, соған сай талап-тілек те жаңа арнаға бұрылды. Бүгінде қай мәселеге де ел тәуелсіздігі тұрғысынан қарап, егемен еліміздің қажетіне қарай оң шешім жасауға мүмкіндік тууда. Осы себептен де ел тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, тіліне қатысты айтылмай не бұрмаланып келген тұстарымызды айқындап, әділін ауызға алып, ақиқаттың салтанат құруына қолғабысымызды тигізсек деген ниет уақыт талабынан туындап отыр.

Алия ТҮЙМЕБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.