Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дамудың жаңа моделі

0 870

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын ұсынуы жаһанданған әлемнің жаңа сын-қатерлеріне жауап ретінде қабылданды.

Кемелді болашақтың жоспары – «100 нақты қадамның» «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты бөлігінде электр энергетикасын дамытуға байланысты бірнеше міндеттер қамтылған. Нақтырақ айтқанда, электр энергетикасы саласындағы атқарылар іс-шаралар әлеуметтің үдесінен шығуы тиіс. Бүгінде осы бағытта бірқатар ауқымды істер жүзеге асырылуда. Осы тұрғыда «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы 50-қадам «Электр энергетикасын қайтадан құру», «Бірыңғай сатып алушы» моделін бекіту» міндеттерін көздейді. Бұл өңірлер арасындағы электр энергиясының әртүрлі тарифтерін реттеуге мүмкіндік береді.
Жасыратыны жоқ, электр энергиясы түрлерінің тарифтері барлық жерде бірдей емес. Осыған орай, тұтынушылар тарапынан тарифтердің жиі өзгеріске ұшырауына байланысты наразылықтар туындауы ықтимал. Сондықтан мұндай олқылықтарға жол бермеу мақсатында электр энергетикасы саласын ұлғайта отырып, «Бірыңғай сатып алушы» моделі енгізілгені жөн. Қазіргі таңда электр энергетикасын қайта ұйымдастыру аясында ҚР Энергетика министрлігі салаға инвестициялар тартуды ынталандыратын жаңа тарифтік саясатты енгізу жұмысын жүргізуде. Қуат өндіретін ұйымдардың арасында бәсекелестікті дамыту үшін электр қуатын сатып алу орталықтандырылған сауда-саттық арқылы жүргізіледі. Сонымен қатар қуатты сатып алу ісімен Есептік-қаржы орталығы – Тікелей ұзақ мерзімді шарттар жөніндегі бірыңғай сатып алушы айналысады. Бұл инвесторларға жаңа жинақтаушы қуаттарды салуға және жұмыс істеп жатқандар нысандарды кеңейтуге кеткен салымдарын қайтару кепілдіктерін алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ 51-қадамда «Өңірлік энергетикалық компанияларды (ӨЭК) ірілендіру» мәселесі жолға қойылған. Бұл міндетті іске асыру энергиямен қамтамасыз етудің сенімділігін арттырып, өңірлерге электр энергиясын таратудың шығынын төмендетеді, тұтынушылар үшін электр энергиясының ақысын азайтады. Осының өзі тұтынушы тілегіне сай келетіні талас тудырмайды.
Ал Ұлт жоспарындағы 52-қадам «Электр энергетикасы секторында салаға инвестиция тартуды ынталандыратын жаңа тариф саясатын енгізу» деп аталады. Әрине, тариф құрылымы өзгертуді талап етеді. Тарифтерде 2 құрылушы ерекшеленетін болады. Яғни күрделі шығындарды қаржыландыру және электр энергиясы өндірісінің ауыспалы шығындарын жабу үшін пайдаланылатын электр энергиясы үшін төленетін ақы белгіленеді. Бұл шығынды өтеу әдісі бойынша тарифтерді бекітетін қазіргі ахуалды өзгертуге мүмкіндік береді. Көріп отырғанымыздай, ел экономикасын ілгері дамытудың басты тегершігіне айналған электр энергетикасын оңтайландыру жолдары баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің Ұлт жоспарында осылайша көрініс тапқан. Өңірлер арасында электр энергиясының әртүрлі тарифтері реттелуі – «100 нақты қадам» қабылданған бетте іске асырылуы басталып кеткен шаралардың бірі. Яғни елуінші қадам бойынша әртүрлі тарифтерді реттеу арқылы «Бірыңғай сатып алушы» моделі енгізіле бастады. Сондай-ақ өңірлік энергетикалық компанияларды ірілендіруге де басымдық берілуде. Бұл да электр энергиясы шығынын төмендетіп, ақысын азайтуға мүмкіндік беретін іргелі қадамдардың бірі ретінде өз бағасын алып үлгерді. Сонымен қатар электр энергетикасы саласына инвестиция тартып, жаңа тариф саясатын енгізу де қолға алынды.
Сондай-ақ құнды құжатта мемлекетті нығайту, қазақстандық қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттыру шаралары да сөз болды. Бұл іс-шаралар білім беру жүйесіне тікелей қатыстылығы айқын аңғарылады. Дүниежүзілік үрдіс бойынша барған сайын ғылым мен білімнің рөлі артып, ол қоғамдық байлықты құрудың басты тәсіліне айналды. Бұл үрдістер білім жүйесінің алдына жаңа талаптар қойып отыр. Ақпараттық қоғамда жұмыс күшінің нарығы жоғары білім дәрежесі және адамның қайта мамандануға бейімділігіне қарай қалыптасады.
Кез келген мемлекеттің басты байлығы – адам. Адам капиталы қазіргі заманда қоғамдық дамудың бағытын және елдің болашағын айқындайтын маңызды фактор саналады. Адами капиталды табысты жүзеге асыру тиісті әлеуметтік кеңістік құруды және интеллектуалдық қабілеттерді ашатын мүмкіндіктер жасауды қажет етеді. Мемлекетті табысқа жеткізетін де осы креативті топ – ғалымдар, білікті мамандар, инноваторлар мен кәсіпкерлер. Сондықтан да жастарды жұмысқа тарту аса маңызды. Бұдан былай жастар жаппай заң, құқық, қаржы іспетті мамандықтарға жүгірмей, заманауи кәсіпорындарда еңбек ететін техникалық мамандық түрлерін таңдағаны өздері үшін тиімді. Мұндай жұмысшылар жоғары жалақы алады, олардың біліктілігі мен кәсіби дағдылары жұмыс нарығында әрдайым сұранысқа ие. Еліміздегі индустрияландыру бағдарламасы бойынша ашылған жаңа кәсіпорындардағы мамандар тапшылығы – білікті мамандарға деген өткір сұраныстың айқын дәлелі. Сонымен қатар индустриалдық өндірістегі еңбек өнімділігінің артуына және технология жетістіктерін қолдануға байланысты бұған дейінгі кәсіптік дағдылар мен біліктіліктердің ескіретіні сөзсіз. Осыған орай жаңа талаптарға жауап бере алатын мамандықтарға баулитын кәсіптік-техникалық оқу орындарын жаңғырту мәселесі өзектіленді.
Сонымен қатар «100 нақты қадамның» 77-қадамында айтылған экономиканың алты негізгі саласы үшін он алдыңғы қатарлы колледж бен он ЖОО-да білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарына таратудың да басты мақсаты мамандардың бәсекеге қабілетін арттырудан туындап отыр. Бұл міндет қазірдің өзінде үлкен өзгерістерге жол ашты. Мысалы, кәсіптік-техникалық оқу орындарында дуальді оқыту моделін енгізу еңбекке жағымды көзқарасты қалыптастырумен бірге жаңа технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды қолдануға ұмтылысты ынталандырады, өндірістің және халық табысының жедел өсуіне үлес қосады. Дуальді оқыту теория мен тәжірибенің тығыз ұштастырылуы негізінде жүзеге асады және жас маманның алған білімдерін өмірде қолдана алуына ықпал етеді. Германияда кең таралған оқытудың бұл әдісі бойынша практикалық сабақтар тікелей кәсіпорында өткізіледі. Кәсіпорындағы білікті мамандардың көмегімен студенттер теориялық білімімен қоса нақты тәжірибеден өтуге мүмкіндік алады. Осылайша оқу орнын бітірген түлек тәжірибелі маман болып шығып, бірден өндіріс орнына жол тарта алады. Бұл – оқу орны түлектерінің жұмыссыз қалмауының бір кепілі. Еуропа елдерінде сыннан табыспен өткен дуальді оқыту жүйесі алдағы уақытта оқу орындарының басым көпшілігінде қолданылуы әбден мүмкін. Өйткені жұмыс берушілер де білікті маманға зәру және бұл еңбек өнімділігін арттыруға септігін тигізетін оң үрдіс.
Баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекеттің негізгі қазығы – Н. Әбішұлы ұсынған Бес институттық реформа мен содан туындайтын «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздің ертеңгі болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім білім беру және оның тетіктерін барынша жетілдіру мәселесі жиі көтеріліп келеді. Біз бұған қуануымыз керек және оны барынша қолдауға тиіспіз. Өйткені жас ұрпақтың келешегі кемелді, білімі терең, ақыл-ойы мен парасаты биік болуына бүгінгі біздер, аға ұрпақ өкілдері, зиялы азаматтар айрықша жауаптымыз. «100 нақты қадамның» әрбір жолын оқыған сайын осындай ой түюге болады. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында білім беру жүйесіне байланысты айтылған 77-ші қадамда экономиканың алты негізгі саласы үшін 10 алдыңғы қатарлы колледж бен 10 жоғары оқу орнында білікті кадрларды әзірлеу, кейіннен бұл тәжірибені еліміздің басқа оқу орындарын тарту қажеттігі айтылған. Мұның да пісіп-жетілген мәселе екені даусыз. Білікті кадрлар біздің елімізде жеткілікті. Бұл тәжірибені басқа да оқу орындарына таратқаннан еш ұтылмаймыз. Тәжірибе көпке ортақ қасиетін ешқашан жоғалтпайды. Қазіргі таңда әсіресе Назарбаев зияткерлік мектептері өзінің білім саласындағы табыстарымен көзге түсіп үлгерді және осы білім беру ошақтарының тәжірибесі бүкіл ел ұстаздары үшін үлгі ретінде кеңінен таратылуға лайық. Бұл бағыттағы іс-шаралар оқушы жастардың сапалы білім алуына септігін тигізеді және жастардың бәсекеге қабілетті маманға айналуына ықпал етпек.
«Назарбаев Университеті тәжірибесін ескере отырып (78-қадам), ЖОО-лардың академиялық және басқарушылық дербестігін кезең-кезеңімен кеңейту. Коммерциялық емес ұйымдардағы жекеменшік ЖОО-ларын халықаралық тәжірибеге сәйкес трансформациялау» мәселесі де орынды. Бұл міндет ЖОО-лардың қызметіне тың серпін беріп, ең бастысы, даярланатын кадрлардың сапасын көтеруге әсер етуі тиіс.
Ұлт жоспарының одан әрі 79-ші қадамында білім беру жүйесінде жоғары сыныптар мен ЖОО-ларда ағылшын тілінде оқытуға кезең-кезеңімен көшудің қажеттігі айтылған. Мұндағы басты мақсат – даярланатын кадрлардың бәсекелестік қабілетін арттыру және білім беру секторының экспорттық әлеуетін көтеру. Бұл еліміз үшін маңызды өмірлік мәселе ғой. Ағылшын тілі – әлемге кең тараған тіл. Бүкіл білім атаулының негіздері, ақпараттың көзі осы тілде дүниеге келеді. Оны бүлдіршіндерімізге балабақшадан, мектептен бастап тыңғылықты үйрете берсек, ештеңеден ұтылмаймыз. Болашақ маман жастардың қай-қайсысына да өз ана тілін, өзге де тілдердің бәрін білгеннің еш зияны жоқ. Көптілділік бүгінгі заманға жарасады. Тек Қадыр ақын айтқандай, «өз тілімізді де қадірлей білейік». Ал тіл білген адам әлемнің кез келген бұрышында емін-еркін жүре алады. Мұның бәрі, сайып келгенде, Қазақстан азаматтарының әлемдік дәрежеде білімді, кез келген саланы игерген толыққанды маман болуы арқылы елімізді жаңа бір белеске көтеруді көздейтін игілікті бастамадан туған іс-шара деп білеміз.
Аталған Жолдауда Нұрсұлтан Назарбаев елімізді дамытатын Бес институттық реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» белгілеп берді. Бұл ұлт болашағы үшін жасалған нақты жоспар, халықтың әл-ауқатын барынша жақсарту, тұрмыс дәрежесін жоғары деңгейге көтеруден туған және де жан-жақты қорытындыланған тұжырымдарын толық қолдауға лайық. Бұған дейінгі жеткен жетістіктерімізге сүйене отырып, алға қарай қозғалу мемлекеттілікті дамытудың бір шарты болмақ. Сондықтан ел дамуының 100 нақты қадамы әрбір саладағы еңбек ұжымдарынан алда атқарылар қыруар шараларға барынша ықтияттылықпен және жауапкершілікпен қарауды талап етеді.
Бәрімізге мәлім, Бес институттық реформадан туындайтын «100 нақты қадам» – бұл стратегиялық үлкен жоспар. «100 нақты қадамның» «Индустрияландыру және экономикалық өсім» атты тарауы ел дамуының басты тетігі – экономикаға байланысты ең өзекті мәселелер тізбегін құрайды. Мұндағы 35-тен 84-ке дейінгі қадамдар елімізде экономикалық реформалардың кешенін жүзеге асырудың жағдайын жасайтын негіздерді қамтиды. Атап айтқанда, сол 35-інші қадамда «Ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану мақсатымен оларды нарықтық айналымға енгізу. Жер кодексіне және басқа да Заң актілеріне өзгерістер енгізу» мәселесі көтерілген. Жеріміз бай, ұшы-қиыры жоқ кең дегенімізбен де, жердің де сұрауы бар екендігін ұмытпауға тиістіміз. Оның ішінде халықтың дастарқанына көл-көсір өнім әкелетін ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалану, оларды нарықтық айналымға енгізу – бүгінгі күннің басты мәселесі екендігі даусыз.
Осы тараудың 39-ыншы қадамында: «Кеден және салық жүйелерін интеграциялау. Тауар салық салу мақсатында Қазақстан аумағына кірген кезеңнен бастап оны сатқанға дейін бақылауға алынады», – делінген. Бұл да экономикалық өсімге игі әсер ететін шара. Кедендік ресімдеулердің оңтайландырылуы, әлемдік тәжірибеге кереғар тариф саясатын жеңілдету шаралары осы салада ауқымды жұмыс жүргізуді білдіреді және олар басталып та кетті. Айталық, кеден ресімдерінен өту кезінде «бір терезе» қағидатын, электронды жүйе енгізу, қажетті құжаттар санын азайту экспорт пен импортпен айналысушыларға үлкен жеңілдік болмақ. Сондай-ақ кеден және салық жүйелерінің жұмысына бұл қадамның да оң өзгеріс әкелері сөзсіз. Сондай-ақ құрылыс, электр энергетикасы, жол-көлік инфрақұрылымы, өндірістік инновациялар енгізу, осы салаларда жаңа нормативтерді енгізу, оларды қаржыландыру, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, еңбек қатынастарын ырықтандыру, жаңа Еңбек кодексін әзірлеуге қатысты қадамдардың да көтеріп тұрған жүктері салмақты.
Басты міндет – экономикалық даму серпінін қамтамасыз етуден туындайтын бұл іс-шараларды іске асыру экономиканы әртараптандыру есебінен жүргізіледі және мұның бәрі елдің әл-ауқатын көтеру жолындағы шешуші бағыттарды құрайды. Бір сөзбен айтқанда, әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына қосылу үшін елімізде жаңа индустрияландыру мен экономикалық өсімнің қарқыны жоғары деңгейде болуы шарт. «100 нақты қадам» бізді осыған бастайды және де ол – баршаның көкірегіне үміт отын ұялататын маңызды құжат.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспары – біздің қоғамның бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына жетелейтін бағдарлама. Бұл құжатта әрбір қазақстандықтың мүддесі қозғалған. Кәсіби мемлекет, қызмет, бизнес құрудың жолдары көрсетілген. Жалпы Ұлт жоспарының маңызы зор. Мұнда біздің орта және ұзақ мерзімді кезеңге арналған дамуымыздың негізі салынған. Шын мәнінде, барлығымыз үшін Ұлт жоспары әлемдік экономикалық дағдарыстың тыншымайтын теңізіндегі шамшырағы болып табылады. Жоспарды іске асыру – бұл жалпы бірінші кезектегі міндет қана емес, ол командалық рух пен қоғамның барлық ұйымдарының бірлігін көрсету.
Бәрімізге мәлім, «Нақты 100 қадамның» 15 қадамы кәсіби мемлекеттік аппарат құруға арналған. Себебі заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор. Кәсіби аппарат құрудың 15 қадамы азаматтарды мемлекеттік қызметке алғаш қабылдау рәсімінен бастап, оларды кешенді аттестаттауға дейінгі аралықты қамтиды. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, сонымен бірге, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу және сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру Ұлт жоспарының 13-қадамында атап көрсетілген болатын. Сондай-ақ құнды құжатта мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдерін жаңғыртуға, мемлекеттік қызметке қабылдау төменгі лауазымдардан басталуы тиістігі, мемлекеттік қызметке алғаш қабылдағандарға міндетті түрде сынақ мерзімін енгізу, мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын қызметінің нәтижесіне байланысты өсіру, еңбекақыны нәтиже бойынша төлеуге көшу туралы нақты тапсырмалар жазылған. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлерді тұрақты түрде оқыту жүйесін заңды түрде бекіту – үш жылда бір рет олардың кәсіби шеберлігін арттыру, мемлекеттік қызметкерлерді мансаптық жоғарылату үшін конкурстық негізде көшу, мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау міндеттері мен оларға қатысты нақты мәселелер еліміздегі мемлекеттік қызмет саласын жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
Қоғамдық-саяси жағдай өткенді шолып қарасақ та, қазіргі таңда да қоғамның дамуына әлеуметтік-экономикалық фактордың әсер ету заңдылығын негіздейді. Н.Ә.Назарбаевтың Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру мақсатында ұсынған «100 нақты қадам» бағдарламасы – бұл Қазақстанның әлемдегі ең дамыған отыз мемлекет қатарына кіру жолындағы сенімді қадамдары, қазақстандық қоғамды өркениетті дамытуға, адам мәселелерін шешуге бағытталған әрі жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап ретінде ұсынылатын мемлекетті жаңғыртудың кешенді бағдарламасы. Бүгінгі күні мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси негіздерін қарқынды дамытуға арналған кең ауқымды іс-шаралар жүргізіліп келеді. 5 институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Қазақстанның барлық салада ұзақ мерзімді өркендеуіне әкеледі. Ұлт жоспарын тиімді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың, сараптама қауымдастығының және азаматтық сектордың белсенді өзара қарым-қатынасқа түсуін талап етеді. Бағдарламалар – бұл мемлекеттік шешімдер өмірге келтірудегі негізгі тәсілдердің бірі. Ұлт жоспарының негізін құрайтын 100 қадам, бірінші кезекте, мемлекеттік құрылыс процесін нығайту деген сөз. Ұлт жоспарының ерекшелігі – оның тарихи маңызды кезеңде, мемлекет эволюциясының сапалы тұрғыда жаңа кезеңде қабылдануы. Қазақстандық қоғамның сенімі мен әлеуеті 100 қадамды сәтті жүзеге асырудың екінші құраушысы болып табылады, ол белсенді әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістер үшін жасалған.
Сондай-ақ Ұлт жоспарының 87-қадамы шеңберінде «Менің елім» азаматтық бірегейлікті нығайту жалпыұлттық жобасының және 89-қадамдағы «Нұрлы болашақ» Ұлттық жобасының нәтижелері өзінің жоғары деңгейін көрсете білді. Ал Ұлт жоспарының «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бөлімінде қамтылған, соның ішінде, әсіресе мемлекеттік жоспарлаудыӊ ықшам жүйесін құру, аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудыӊ жаӊа жүйесін енгізу, «Ашық үкіметті» енгізу, ақпаратқа қолжетімділік туралы заӊды әзірлеу, орталық мемлекеттік органдардыӊ статистикалық базалары мәліметтеріне онлайн-қолжетімділікті қамтамасыз ету секілді көптеген бағыт бойынша да тиісті шаралар қолға алынып, олардың басым бөлігі іске асты. Қазіргі таңда «Ашық үкіметтің» мөлдірлігін, мемлекеттік органдардың есеп беруін, қоғамдық бақылаулардың күшеюін, азаматтық қоғамның араласуын қамтамасыз ету өз маңыздылығын көрсетіп отыр. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасының артуына, сондай-ақ барлық үдерістердің ашық болуына жол ашады.
Түйіндей айтсақ, Қазақстанның жайлауы мен жайылымы мал шаруашылығын, дархан даласы егін шаруашылығын дамытуға да аса қолайлы. Бұл үшін жерден көп өнім алудың соңына түсіп, оны улаудың да, химиялық қоспалармен бүлдірудің де еш қажеті жоқ. Қоспасыз таза өнім – Қазақстанның басты ерекшелігі. Ең ақыр аяғы, Қазақстан өзінің әлемдік аренадағы органикалық, экологиялық таза тағам өндіретін ел ретінде имиджін құру керек. Қазірдің өзінде бұған мол мүмкіндік бар. Өйткені Ресейде, Араб Әмірліктерінде және Қытайда Қазақстан экоөнімдерімен танымал бола бастады. Бұл іс ары қарай жалғасын тапса, оған мемлекеттік деңгейде мән берілсе игі. Сонымен қатар экологиялық таза, қоспасыз органикалық өнімді ішкі нарықта да қолдап, халық саулығы үшін де, экономика үшін де өз нарығымызды осындай өніммен толтырып алсақ. Бұл ретте елімізде азық-түліктің 70 пайызы импорттан келетінін де естен шығармағанымыз ләзім.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.