Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Дамуға даңғыл жол

0 366

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан екі мың жылдық тарихы бар Тараз қаласы бүгінде тотыдай таранып, күн санап көркейіп келеді. Осыдан үш жыл бұрын қала әкімі қызметіне кіріскен Бақытжан Орынбековтің бастамасымен шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған Даму картасы әзірленген болатын. Соның аясында көне шаһарда атқарылған айшықты жұмыстар жетерлік. Әсіресе, өзекті саналатын біраз мәселе өз шешімін табуда.

Жарқын жобалар жүйесін табуда

Бүгінде облыс орталығында ауқымды, ірі жобалар жүзеге асырылуда. Біріншіден, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында көпір құрылысы басталды. Атап айтсақ, Абай даңғылындағы теміржолдың үстімен өтетін көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды. Қазірде көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлер мен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Маңызы зор ауқымды жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда
Екінші жоба Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейінгі аралығын қамтиды. Мұнда Тараз қаласындағы теміржол, өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салуға басымдық беріледі. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен жерүсті көпіріндегі көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, №14 шағынауданына тікелей қатынауға мүмкіндік туады.
Тағы бір ірі жоба – кәріз суын тазарту кешені. Жалпы, дәл қазір қала аумағынан шыққан кәріз суы көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылып жатыр. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан, Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша Жол картасы әзірленді. Соған сәйкес, Еуропа Қайта құру және даму банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме жасалып, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынды. Кешеннің құны – 47 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 80 мың текше метр болады деп болжанып отыр.
Жобаны қаржыландыру «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ, оның еншілес ұйымдары арқылы мемлекеттік бағалы қағаздарды, ұлттық даму құралдарын шығару тетіктерін пайдалана отырып жүзеге асырылады деп көзделген.

Қала аумағы кеңейіп, екі аудан құрылды

Тараздың тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында қаланың Бас жоспары қайта қаралып, оған толықтырулар енгізіліп, Үкіметтің 2024 жылғы 29 қаңтардағы қаулысымен бекітілді. Осы Бас жоспар көлік инфрақұрылымын дамыту, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды жер учаскесімен, пәтермен қамтамасыз ету, шаһар аумағын абаттандыру, көгалдандыру, сәулеттік келбетін жаңғырту, туризмді дамыту секілді негізгі бағыттарды қамтиды.
Соған сәйкес, биыл іргедегі Байзақ, Жамбыл аудандарынан бірнеше елді мекен қала аумағына қосылып, облыс орталығында Әулиеата және Жібек жолы аудандары құрылды. Екі ауданның құрылуы нәтижесінде жер көлемі 19 мың гектардан 31 мың гектарға дейін ұлғайып, халық саны 437 мыңнан 482 мыңға жетті.
Шаһарда екі ауданның құрылуы қаланың аумақтық тұтастығын, бүкіл қаланы бақылауды, жалпыұлттық қызметтерді аумақтық ұйымдастыру, төтенше жағдайлар кезінде күштерді жедел ұйымдастыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданынан Талас ауылы, Талас стансасы мен Қызылжұлдыз елді мекендері қосылды. Жамбыл ауданынан Шайқорық, Шайқорық стансасы, Танты, Қоңыртөбе, Бектөбе, Қызылшарық, Сұлутөр, Кемел, Түркісіб, Жалпақтөбе, Ақбұлым ауылдары қалаға кірді. Бүгінде бұл тұрғын алқаптар толығымен құжаттандырылды. Десек те, қосылған ауылдардың мәселесі де жоқ емес. Қазірде зерделеу жұмыстары жүргізіліп, инфрақұрылым мәселелерін кезең-кезеңімен шешу жөнінде тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

Баспана – бақыт шамы

Қаланың аумағы кеңейген соң, халықтың тұрғын үйге сұранысы артатыны анық. Бүгінде шаһар бойынша 23 мыңға жуық азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Бұл – әрине, қоғамдағы аса өзекті мәселелердің бірі. Сондықтан, қазір қалада осы мәселені шешу мақсатында ауқымды құрылыс қолға алынып жатыр.
– Бүгінде «Шапағат» шағынауданында 16 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға қабылданды. Қалған 4 үйдің құрылысы жалғасуда. Сондай-ақ аталған шағынауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша 351 жеке тұрғын үй құрылысы, 82 бесқабатты көппәтерлі тұрғын үй, жалпы білім мектебі, балабақша, емхана, халыққа қызмет көрсету орталығы, өрт сөндіру бекеті, әкімшілік ғимараты, жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, саябақ, инженерлік, коммуналдық қойма құрылыстарының аумақтары, коммерциялық қызмет көрсету нысандары, перзентхана, спорт кешені, мәдениет үйі, мешіт қарастырылған.
Сондай-ақ «Ұлы дала» шағынауданында 34 көпқабатты тұрғын үйдің 12-сі пайдалануға тапсырылып, қалған 22 үй әлі салынып жатыр. «Балауса» шағынауданында 22 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп келеді. Егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, мұнда 2 мектеп, 3 балабақша, онкологиялық диспансер, көпсалалы аурухана, профильдік емхана, лицей-интернат, Салтанат сарайы, инновациялық шығармашылық орталығы, дене шынықтыру-сауықтыру кешені, инженерлік құрылымдар, кәсіпкерлік нысандар қарастырылған.
Бұған қоса шаһарымыздағы А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алабына қосымша 66 көпқабатты үйдің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, сараптама қорытындысы алынды. Бұл жөнінде республикалық бюджетке өтінім ұсынылды.
Ерекше атап өтерлігі, «Қарасай» шағынауданының жоспарлау жобасын да әзірледік. Бұл жерде де көпқабатты тұрғын үйлермен қатар түрлі әлеуметтік, коммерциялық нысан халыққа қызмет көрсетеді.
Жеке инвестициялар есебінен іске асырылып жатқан жобалар да қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отыр. Атап айтқанда, Жамбыл даңғылының бойында бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оған қоса 120 бөлмелік «Hilton» қонақүйінің құрылысы да жоспарланған.
Тараздықтар тарапынан жер кезегіне байланысты өтініш жиі түседі. Оның үстіне қалаға жаңа елді мекендердің қосылуы бұл мәселені күн тәртібіне қайта шығарғаны белгілі. Осы сәтті пайдаланып, осы мәселеге жауап бере кеткім келіп отыр. Бүгінде шаһарда тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға арнайы кезекте 2005-2025 жылдар аралығында 130 479 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізуге ден қойдық. Соның нәтижесінде А.Асқаров көшесінің соңында – 312 гектар, «Хамукат» алқабында – 126 гектар, «Қарасай» алқабында 126,6 гектар алқаптарында тұрғын алабын орналастыру мақсатында 16 шаруа қожалығынан жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Бүгінде жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыс жүзеге асырылып жатыр, – дейді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Жаңғырған тұрғын үйлер шаһар шырайын ашады

Бұдан бөлек, шаһарда тұрғын үйлерді жөндеуге де ерекше мән берілуде. Мәселен, Тараз қаласының тұрғын үй қорында қазіргі таңда 1 438 көппәтерлі үй бар. Оның 151-і – барак типтес үйлер, 1 287-сі – екі қабатты және одан жоғары үйлер. Қала аумағында өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 553 үй жаңғыртылса, қалған 550 үй жөндеуді қажет етеді. Осыған орай 2024 жылы 5,1 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енді. Сонымен қатар қайтарым қаражат есебінен 870 миллион теңгеге 10 көпқабатты тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті. Биыл 73 үйді күрделі жөндеу үшін 7,8 миллиард теңгеге бюджеттік өтінім берілген.
Қаланың орталық көшелеріндегі тұрғын үйлердің бірыңғай сәулеттік келбетін жаңарту жобасы бойынша өткен жылы Төле би даңғылының бойындағы 12 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. 2025 жылы Абай даңғылы, Әйтеке би, Қазыбек би көшелеріндегі 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі. Қазір 8 көпқабатты үйде жөндеу жұмыстары басталып, құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Жылу желілері жаңғыртылуда

Кейінгі бірер жылдың бедерінде қыс айларында еліміздің солтүстік аймақтарында болған төтенше жағдайлар жылу желілерін жаңғырту жұмысын жеделдету қажеттігін көрсеткен болатын. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы да нақты тапсырмалар жүктеді. Президенттің осы тапсырмасы Таразда ойдағыдай орындалуда.
Атап айтсақ, жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 2024 жылы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жүргізіліп, 4 602 метр жылу құбыры ауыстырылды. Биыл Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі 1 536 метр жылу құбыры қайта жаңғыртылды.
«Ұлы дала» шағынауданындағы магистралдық, орамішілік жылумен жабдықтаудың инженерлік желілерін кеңейту жұмысы жүргізілді. Бұдан бөлек, Жамбыл даңғылы мен Төле би даңғылының қиылысынан бастап, Д.Қонаев, С.Сейфуллин көшелері бойындағы «М-3» жылу магистралі қайта жаңғыртылып, Төле би, Әйтеке би көшелерінің белгілі бір бөлігінде құрылыс жұмыстары аяқталды. Қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу құны 27,3 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба бойынша республикалық бюджетке өтінім берілді. Осы жобалар толығымен іске асырылған жағдайда шаһарымыздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67,8 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді.

Тұрғындар тіршілік нәрінен тарықпайды

Мемлекет басшысы жүктеген тағы бір маңызды міндет – 2025 жылдың соңына дейін халықты 100 пайыз ауызсумен қамту. Бұл бағыттағы жұмыстар да – басты назарда. Осы мақсатта шаһар аумағында 2023-2025 жылдары «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында республикалық, облыстық бюджеттің қолдауымен 10,2 миллиард теңгеге 641,7 шақырым су құбыры жүргізілді. Нәтижесінде «Шөлдала», «Құмшағал», «Көлтоған», «Қызылабад», «Жиделі», «Қарасай», «Тектұрмас», «Родничок», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуренец», «Шалғай Қарасу-1, 2, 3, 4, 5, 6, 7» тұрғын алаптарындағы 11 258 аула мен 56 мыңнан астам тұрғын сапалы тіршілік нәрімен қамтамасыз етілді.
Бұдан бөлек, екі ауданнан қосылған Бектөбе, Қызылшарық, Түркісіб елді мекендеріне орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылғанымен, іске қосылмаған. Қазіргі кезде аталған су ғимараттарын ауданнан қабылдап алынған. Ақаулары анықталып, су беруге қатысты жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Былтыр шаһар аумағында 9,8 шақырымға созылған 10 көшенің ауызсу құбыры жергілікті бюджет есебінен жаңартылды. Жаңадан бұрғыланатын су желілерінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Магистралдық су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айша бибі көшесінен Ы.Сүлейменов көшесіне дейін «Төрткөл» алабының су құбырын, бас су мұнарасынан магистралдық су құбырларын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.
Бұдан бөлек, Абай даңғылы, Қолбасшы Қойгелді, А.Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан, Е.Ниетқалиев көшелеріндегі магистралды су құбырларын қайта жаңғырту жөнінде сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жіберілді.
Тараз қаласындағы «Алматы теміржол су» мекемесінен қабылданған М.Тынышбаев, Б.Пірманов, Локомотив, С.Шаумян көшелері, «Песочный» алабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту туралы сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жолданды. №16 шағынауданды ауызсумен қамтамасыз етудің екінші кезеңі де аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қала аумағында 2022-2023 жылдары жүзеге асқан нысандардың жобаларында деректерді қашықтықтан беру есептегіш құралдары қарастырылған. Бұл құралдар жобаға сәйкес су құдықтарына орнатылған. Биыл «Ақылды қала» жобасын ауызсу саласында дамыту үшін су ресурстарын есепке алудың автоматтандырылған жүйесіне қолжетімділікті ұйымдастыру жүзеге асырылады. Бұл жұмыстарға 44 миллион теңге қарастырылып, мемлекеттік сатып алу рәсімдері арқылы мердігер анықталып, жұмыс басталды. Яғни енді тұтынушылардың су есептегіштерінен деректерді тікелей «Жамбыл су» мекемесіне жолдауды қамтамасыз етеді.
Ауызсу желісі жүргізілмеген «Новоджамбулец», «Дорожник», «Талас» алаптарының да мәселесі назардан тыс қалмай, орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға ұсынылды. «Дорожник», «Талас» алаптарын ауызсумен қамтамасыз ету жобаларына сараптаманың оң қорытындысы алынды. «Новоджамбулец» алабын ауызсумен қамтамасыз ету жобасына сараптаманың оң қорытындысын алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ Тараз қаласындағы тозығы жеткен су құбырларын жөндеу көзделген. Биыл 6 көшеде ауызсу құбыры тартылады.

Жарқыраған көше жаяу жүргіншіге жайлы

Тараздық тұрғындар тарапынан көп қойылатын сауалдың бірі – көше жарығы. Осыған орай былтыр 76 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған еді. Ол жұмыс толығымен аяқталды. Нақтырақ тоқталсақ, 2025 жылы 85 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату көзделген болатын. Оның ішінде 67 көшенің жұмысы биыл аяқталса, 18 көше – 2026 жылға өтпелі.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен 2024 жылы қалалық бюджеттен 266 миллион теңге бөлініп, 10 шағынауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы жарықтандырылды. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жол, 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, С.Сейфуллин көшесінің бойына, Жамбыл даңғылының Қ.Сәтбаев көшесі мен Сыпатай батыр көшесі аралығындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарық шамдары орналастырылды. Биыл қаладағы негізгі көшелерде орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын жарықтандыруға мердігер мекеме анықталып, жұмыс басталды. Сонымен қатар С.Сейфуллин көшесінің бір жақ бетіне түнгі жарық шамдары орнатылып жатыр.
Қалаға қосылған 14 елді мекен де назардан тыс қалмай, ондағы 38 көшені 2026 жылы жарықтандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалып, сараптамадан өткізілген. Бұған қоса 2024 жылы қала маңындағы саяжай алаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында жоғарывольтты желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталды. Құны 8,7 млрд теңгені құрайтын жоба 2026 жылы аяқталады.

Үш жылда 420 көшеге асфальт төселді

Жол – экономиканың күретамыры. Тақтайдай тегіс жол тұрғындардың өмір сапасына, тіршілігінің тіктелуіне тікелей әсер ететіні белгілі. Қалада қазір жол жөндеуге жарқын жобалар жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, кейінгі үш жылда облыс орталығында жол жөндеу жұмысы тың қарқын алды.
– Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында аталған мәселеге баса назар аударылған. Расында, шаһардың сәулеті мен ажарын айшықтап тұратын басты көрінісі жолдың жайы екені жасырын емес. Шаһардың сән-салтанатынан бөлек, қатынастың қолайлылығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі, көлік қозғалысының діттеген бағытына уақытында жетуі де жол сапасына байланысты. Кейінгі 3 жылда Тараз қаласында 420 көшеге асфальт төселді. Бұл да кейінгі жылдары атқарылған ауқымды жұмыстардың бірі.
2024 жылы 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше орташа жөндеуден өтті. «Победа», «Береке», «Юбилейный», «Химик», «Жамбылстрой», «Комунальник», «Лето», «Ветеран» тұрғын алқаптарында ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшеге шағалтас төселді. Сондай-ақ былтыр шағынаудандардың ішкі жолдарына жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биыл Рысбек батыр, А.Асқаров көшелерін қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Сонымен қатар 96,7 шақырымды құрайтын 113 көше мен жаяу жүргінші жолдары орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек, 20 саяжайдағы ұзындығы 34,6 шақырымды құрайтын 100 көшеге шағалтас төселді.
Жылдар бойы шешімін таппаған «Бурыл А,Б,В», «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Бурыл А,Б,В» алқабындағы 75 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. Бүгін 66 көшені асфальттау толық аяқталса, қалған 9 көшедегі жөндеу жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, – дейді шаһар басшысы.
Бұған қоса, «Барысхан» тұрғын алқабындағы 24 көшеге асфальт жабындысын төсеу қарастырылған. 10 көшенің асфальт жабындысы толық төселді. Бұл жұмыстарды биыл аяқтау жоспарланған. Атқарылған жұмыстың нәтижесінде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65-тен 72,5 пайызға дейін артпақ.

Абаттанған аулалар – қала көркі

Қалалар мен елді мекендердің дамуы тек ғимараттардың биіктігімен немесе жолдардың кеңдігімен өлшенбейді. Нағыз өркениетті қоғамның белгісі – тұрғындардың өмір сүруіне жайлы орта қалыптастыру. Осы тұрғыдан алғанда аулаларды абаттандыру – күнделікті өмірімізге тікелей әсер ететін маңызды бағыттардың бірі.
Абаттандырылған аула тек әдемі көрініс емес, балалардың қауіпсіз ойнауына, қарттардың тынығуына, ересектердің серуендеп, демалуына қолайлы жағдай жасайтын орта екені белгілі. Бүгінде бұл бойынша да ілкімді істер қарқын алып отыр.
Мәселен, өткен жылы аулаларды абаттандыру, оның ішінде балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 500 миллион теңге бөлініп, 24 аула абаттандырылды. Биыл да 768,7 миллион теңгеге 25 ауланы абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр.
Бұған қоса қалада бұқаралық спортты дамытуға баса мән беріліп, былтыр 225 миллион теңгеге 9 шағын футбол алаңы салынды. Сондай-ақ қала ішіндегі 4 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыс биыл да назардан тыс қалмай, 505,5 миллион теңгеге 11 шағын футбол алаңын салу көзделіп отыр. Сонымен қатар қала ішіндегі 10 футбол алаңы күрделі жөндеуден өтті. Ерекше атап өтерлігі, «Ұлы дала» шағынауданында еңселі спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатыр.

Жоспарланған меже артығымен орындалды

Қала аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныстың арта түсетіні айқын. Бұл мәселе де көне шаһарда оң шешімін табуда. Бақытжан Әмірбекұлы қала әкімі қызметіне кірісе сала өз жұмысын қоғамдық көліктерді жаңартудан бастауы да автобустардың шаһар тіршілігінде ерекше маңызға ие екенін аңғартып тұрғаны белгілі.
Соған орай автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықтағы 70 автобустан алу жоспарланған. Нәтижесінде, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, 2024 жылы 155 қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Биылдың өзінде бүгінге дейін 47 автобус әкелінді. Жыл соңына дейін қосымша тағы 82 автобус жеткізу көзделген. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Автобусный парк-2020», «Smart City Servise», «RashLau» компанияларында жаңа автобустардың үлесі 100 пайызға жетті. Бұл жоспарланған меженің артығымен орындалғанын көрсетеді.
– Өткен жылы халық сұранысына сай 5 маршрут ашылса, биыл олардың қатары тағы 2 жаңа бағытпен толықты. Қазірде қала аумағында қатынайтын 290 бірлік автобус үлкен сыйымдылықты, 3 жылға дейінгі жаңа қоғамдық көліктерге жатады. Бұл бағыттарда күнделікті қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 75 пайызын құрайды.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жылжымалы құрам саны 330 бірлік автобустан 437 бірлікке дейін артты. Жолаушылар бағыттарына қосымша 11 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 43 бағытқа жетті.
Бұған қоса былтыр шаһар аумағында 80 аялдама орнатылса, биыл 75 аялдама қою жоспарланған. Осы ретте атап өтерлігі, әлеуметтік маңызы бар қалалық, шаһар маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 5,3 миллиард, 2025 жылға 5,2 миллиард теңге қаржы қарастырылды,– дейді шаһар басшысы Бақытжан Әмірбекұлы.

Көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүруде

Қала тек биік ғимараттар мен асфальт төселген көшелерден тұрмайды. Ол – адам мен табиғаттың ортақ кеңістігі, өркениет пен тыныштықтың үйлесімі. Сондықтан шаһарды көгалдандыру – жай ғана жасыл желек отырғызу емес, тұрғындардың рухани тынысын ашу, табиғатпен қайта қауышуы, болашаққа жасалған игі қадам. Оның үстіне бұл – экологияны сауықтыру.
Мәселен, көпқабатты үйлер мен көлік қозғалысы тығыз орналасқан жерде ауа құрамының ластануы үлкен мәселеге айналып отыр. Ал жасыл желек табиғи сүзгі ретінде қызмет атқарса, ағаштар көмірқышқыл газын сіңіріп, оттегі бөліп шығарады, шаң-тозаңды ұстап қалып, шуды азайтады. Тіпті, бір ғана ағаштың өзі оннан астам адамның күнделікті қажетті оттегі мөлшерін қамтамасыз ете алады десек, жасыл кеңістіктің маңыздылығы өзінен-өзі түсінікті болады.
Бұл бойынша қалада ілкімді істер қолға алынған. Шаһарды көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті отырғызылды. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын тауып, осы жылдың көктем айларында «Қызылабад» алқабына 10 мың түп ағаш отырғызылды. Енді күз айының ортасында аталған алапқа тағы 10 мың түп ағаш егіледі. Бұдан бөлек, 2024 жылғы көктемгі және күзгі сенбілік кезеңдерінде Саңырық батыр, Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков, Т.Рысқұлов саябақтарына, қалалық мәдениет үйінің маңайына, «Қазақ хандығы» монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, «Теміржол вокзалы», «Қуғын-сүргін құрбандары», «Арбат» скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылды.
2025 жылы қала аумағына 5 мың ағаш отырғызу жоспарланса, қазіргі таңда 4 мың түп тал егілді. Қалған 1 мың ағашты күз айларында егу көзделіп отыр.
Қаланы абаттандырудағы маңызды жұмыстың бірі – көгалдандыру. Оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі бар. Бұрын қаладағы арық жүйелері үйлердің арасынан, жол жиегі мен бақшалардан ағып, шаһарды көгалдандыру ғана емес, ауаның ылғалдануына да үлкен үлес қосты. Өкініштісі сол, бүгінде облыс орталығын ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің әбден тозығы жеткен. Тіпті, соңғы 25-30 жылдың бедерінде мүлдем қараусыз қалған. Бұған тұрақты бақылаудың болмауы, инженерлік жүйелерді қалпына келтіруге тиісті деңгейде көңіл бөлінбеуі зардабын тигізді. Сонымен қатар кей кәсіпкерлердің арықтың үстінен құрылыс нысандарын салуы мен тұрғындардың қоқысты бей-берекет шашып тастауы да ағын судың көзін бітеп, мәселені одан сайын күрделендіре түскені белгілі.
Дегенмен, игіліктің ерте-кеші жоқ. Жоғарыда аталған мәселені ескере отырып, арық жүйелерін қалпына келтіру жұмысы қарқын алуда. Осы бойынша әзірленген жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. 2023-2024 жылдары осы мақсатқа қала бюджетінен 1,4 миллиард теңге қаражат қарастырылып, нәтижесінде шағынаудандарда 40,3 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау, демонтаждау жұмыстары жүргізілді.
Бұл жұмыстарға 2025 жылы бюджеттен 600 млн теңге қаржы қарастырылып, 17 шақырымдай арық жүйелері қалпына келтірілмек. Жұмыстар шаһардағы Желтоқсан, Қазыбек би, Төле би, Байзақ батыр, Ы.Сүлейменов көшелері, «Қаратау», «Жайлау», «Аса», «Жансая» шағынаудандары мен «Химпоселок» аумағында жүзеге асырылады.
Халықтың қатысуымен абаттандыру жобасы аясында «Ұлы дала» шағынауданындағы «Түйте» каналының бойы адам танымастай өзгеріп, жаңа кейіпте ел игілігіне берілді. Алдағы уақытта «Үшбұлақ», «Қарасу-2» каналдары да жаңғыртылады. «Үшбұлақ» су арнасының бірінші кезеңінде 1,2 шақырымы, «Қарасу» каналының 1,275 шақырымы абаттандырылады. Жобада каналдардың жағалауын саябақ ретінде көгалдандыру, шынығу, спорт алаңшалары, зейнеткерлерге арналған демалыс аумағы қарастырылған. Бүгінде эскиздік жобалары дайын, сметалық құжаттамалары әзірленіп жатыр. Сондай-ақ «Гидрокешен» аумағындағы саябақты да абаттандыру жоспарланған.
Былтыр қала аумағындағы 6 ирригациялық, 2 дренаж каналын механикалық тазалауға қала бюджетінен 250 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілді. Биылғы жылы «Сеңкібай» каналын механикалық тазалау жұмысына 44,1 млн теңге қаржы қарастырылды.

Жұмыссыздықпен жүйелі күрес

Ел арасында екі қолға бір күрек таппай жүргендердің жайы жиі айтылады. Қазір қала бойынша есепті кезеңде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 48 956 теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 10,1 пайызға өскен. Осы мақсатта өңірлік жұмыспен қамту картасы дайындалып, соған сәйкес 2025 жылы 22 243 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, есепті кезеңде жұмыспен қамтылғандардың саны 5 522 адамды құрап отыр.
Биыл 404,1 миллион теңгеге 3 049 отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде 1 538 отбасына 43,5 млн теңгеге тұрғын үй көмегі, 1 511 отбасының 7 765 адамына 360,6 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек төленді.
Әлеуметтік нысандарды жаңарту мақсатында «Қаратау» шағынауданы, №39 «А» мекенжайындағы «Отбасын қолдау орталығын» күрделі жөндеу, А.Асқаров көшесі, №277 «Б» мекенжайынан өмірлік қиын жағдайда қалған азаматтарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталықтың жаңа ғимаратын салу жоспарланған. Сондай-ақ демеушілер есебінен Төле би даңғылы, №49/1 мекенжайында бос тұрған ғимаратты «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының ғимараты ретінде қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Білім мен мәдениеттегі берекелі істер

Талайғы тарихтың куәсі Тараз қаласы бүгінде өркениет көшінің алтын діңгегіне айналды. Сондықтан да көне шаһарды қазіргі тыныс-тіршілігі туристердің ұдайы қызығушылығын оятып келеді. Бұл, бір жағынан, қала экономикасына тың серпін берері сөзсіз.
Мәдениет пен туризм – бір-бірінен бөле жаруға болмайтын егіз ұғым. Қазір де осы екі саланы дамытуға ерекше екпін түсіріліп, түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бір айқын дәлелі – жуырда «Тектұрмас» кешенінде «Көне қамал» нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. «Құмшағал» тұрғын алқабында 140 орындық мәдениет үйінің құрылысы жүргізілді. Оны да жақын күндері ел игілігіне беру жоспарлануда.
Сонымен қатар Тараз қаласына қосылған елді мекендердегі тозығы жеткен мәдениет нысандарын жөндеу де көзделіп отыр. Атап айтсақ, Бектөбе, Шайқорық елді мекендеріндегі мәдениет үйлерін, Қоңыртөбе, Сұлутөр мен Шайқорықтағы кітапхана ғимараттарын жөнге келтіру жоспарланған.
Тек мәдениет қана емес, білім саласында да жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2024 жылы «Казарма» алабында – 180, «Арай» алабында – 600, «Бәйтерек» шағынауданында – 1 200, «Ұлы дала» шағынауданында 1 200 орынды білім ордасы есігін айқара ашты.
Сонымен қатар биыл «Ұлы дала» шағынауданында 1 200, 2 000 орындық «Келешек мектептері» ашылса, қазан айында «Шөлдала» тұрғын алқабындағы 600 орындық «Келешек мектебі» пайдалануға беріледі.
Бұған қоса №15, №7 мектеп-гимназияларына – 300, №27 орта мектепке 600 орындық жапсарлас ғимараттар салынды. 5 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ №1, №45 гимназияларда, №25 орта мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп, №13, №54 орта мектептер жаңғыртудан өтті. Бұдан бөлек, №7, 12, 14, 30, 39, 47, 55 мектептерде ағымдық жөндеу жұмысы жүргізілді. Бұл білім ордаларының бірқатары Білім күнінде пайдалануға берілді.
Өңірлерді өркендету – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше екпін түсіріп отырған міндеттерінің бірі. Сондықтан Тараз қаласын дамыту мақсатындағы ілкімді істер үздіксіз жалғаса береді. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар аз емес, алдағы жоба-жоспарлар одан да айқын әрі ауқымды.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.