Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дамуға бастайтын дара жол

0 986

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары еліміздің уақыт талабына сай дамуына, заман сұранысына лайықты жауап беретін ауқымды шараларды жүзеге асыруға оң ықпалын тигізіп келеді.

Аталған «Ұлт жоспары – қазақстандықтарды арманға бастайтын жол» деген мақалада елді дамытудың «100 нақты қадамы» ашып көрсетілген. Мәселен, «5 институттық 100 нақты қадамды» жүзеге асыру үшін 2016 жылдан бері 59 заңға өзгеріс енгізілді. Ол заңдардың барлығы – мемлекетті, экономиканы, қоғамдық ортаны, құқықтық қағидатты дамытатын заңдар. Жалпы «100 нақты қадам» жайында біз пікірлескен мамандардың басым бөлігі «бұл жоба қазақстандықтардың әлем алдындағы мерейін аспандатып, халықаралық нарықта деңгейімізді көтереді» дейді.
Біз әлемдік ұйымдармен, ДСҰ-мен, Еуразиялық Экономикалық Одақпен теңесу үшін мұндай қадамдар бізге қажет. Сондықтан өз басым Елбасының ұсынып отырған «100 нақты қадамы» айқын, ашық түрде орындалуы керек деп есептеймін. Нәтижесі халық алдында ашық көрсетілуі тиіс. Егер 2050 жылға дейін дамыған елдердің қатарынан көрінгіміз келсе, «100 нақты қадам» тиянақты түрде орындалуы қажет. Сонда ғана біз дамыған елдермен теңесіп, қазақстандықтардың арманы орындалатын болады. Негізінде, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына айналуы керек. Бүкіл ұлт болып ұйысып, осы жоспардың орындалуына назар аударып, ден қойсақ, біздің ел де Еуропа елдері тәрізді дамиды.
Мамандар «5 институттық 100 нақты қадам» орындалуы үшін алдымен қоғамдағы жемқорлық мәселесі шешімін табуы тиіс екенін алға тартып отыр. Деректерге жүгінсек, қазіргі таңда Қазақстан жемқорлық статистикасы негізінде әлем бойынша алдыңғы ондыққа кіреді. Ал дамыған елдерде жемқорлықтың түбірі жойылғанын ескерсек, мамандар айтып отырған жайттың жаны бар екені даусыз. Бұл ретте сарапшы Арман Мусин: «Біз дамыған елдердің қатарынан көрінгіміз келсе, бірінші кезекте әр саланы жайлаған жемқорлықтан құтылуымыз керек. Жемқорлық түп тамырымен жойылмай, қоғам дамымайды. Сондықтан алдымен «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заңды қатайтып, заңның талаптарын халықаралық стандартқа сәйкестендіру қажет. Егер біздің қоғамда «бармақ басты, көз қысты» әрекет тыйылып, әркім өз адал еңбегімен тіршілік етсе, қоғам дамиды. Сондықтан ең бірінші кезекте жемқорлық тыйылғаны абзал» дейді.
Сондай-ақ сарапшылар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына айналуы үшін елдегі қылмыс, ұрлық-қарлық көрсеткіші де азаюы керек» деседі. Қылмыс азайған қоғамда елдің қауіпсіздігі де артады. Расында да, қылмыстық көрсеткіштерді азайту үшін болашақта құзырлы органдар екі есе күш салса жөн болар еді. Осыған қатысты пікір білдірген әлеуметтанушы Тоғжан Шаяхметова: «Қылмыстық қоғам ешқашан дамымайды. Сондықтан біз үшін қылмыстық көрсеткіштің азайғаны жөн. Тыныш, берекелі қоғамда өмір сүрген халық ертеңіне де алаңсыз болады. Демек, біз үшін осы мәселені де орнықты ету өзекті», – дегенді алға тартады. Бұдан соң «100 нақты қадам» бойынша халықты оқу-білімге негіздеу – басты жайттардың бірі. Әсіресе кәсіптік-техникалық білімді жетілдіру де жастар үшін маңызды болмақ. Мысалы, қазіргі уақытта жоғары оқу орындарын бітіріп алып, жұмыссыз жүрген жастардың саны баршылық. Осыған орай, керісінше, орта білім алып, кәсіптік-техникалық диплом алған жастардың табысы артып отыр. Бұған қатысты мамандар келешекте орта білім алған жастарға деген сұраныс арта түсетінін айтады. Сондықтан орта білімді мамандардың білімін арттыру, оларға кәсіп істеуіне жол ашу – қажетті дүние. Осыған байланысты экономист-ғалымдар: «Адам қоғамды дамытуға күш салуы үшін оқуы керек, өзіндік кәсіппен айналысуы қажет, әлеуметтік қамсыздандырумен қамтылуы тиіс. Сондықтан болашақта осы бағытта жұмыс істесек, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына айналары даусыз», – деген пікірді алға тартады. Бұдан бөлек, елімізге сыртқы инвестициялар көптеп тартылуы керек екені де басы ашық дүние. Қазір бізде осы бағытта да бірқатар шаруалардың атқарылып жатқаны белгілі. Бұл ретте экономикамыздың өңдеуші саласына жан беру, ең соңғы дайын өнімге дейін тауар шығару, агросекторды жетілдіру маңызды. Ал бұл шаралардың барлығына инвестиция тарту – тіптен құнды мәселе. Сондықтан болар, елімізде сырттан келетін инвесторларға барынша оңтайлы жағдай жасалып отыр.
«Олар Қазақстанды көркейтуге атсалыса отырып, осы елдің заңына да бағынуға міндетті» деген Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев инвесторлармен де ашық кеңес өткізіп, елдің дамуына үлес қосуға шақырған болатын. Сондай-ақ отандық бизнесті дамытуға да басымдық беретін шараларды жіті бақылайды. Бұл ретте шағын және орта бизнесті тексеруге бірнеше мәрте мораторий жарияланып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға да күш салынды. Осы істің нәтижесінде қазір шағын кәсібін дөңгелетіп, мемлекеттің қолдауын сезініп отырған кәсіп иелерінің де көрсеткіші артып келеді.
Инновацияны дамыту. Қазақстандықтарды өнертапқыштыққа жетелеу – дамуға апаратын бағыттың бірі. Бұл ретте қаншама ғалымдардың білімін шетелде жетілдіру үшін мемлекеттік гранттар бөлінді. Мұның нәтижесінде көкжиегі кеңіген ғалымдарымыз тың жаңалықтар ашуға ұмтылып жатыр. Нанотехнология, биотехнология ғылымын меңгеріп, елімізде тың жаңалық ашуға деген ғалымдардың ұмтылысы да ерекше.
Физика ғылымының кандидаты Жалғас Арынұлы: «Осыдан он жыл бұрын жастардың ғылыми ізденістері, зерттеуге деген ұмтылыстары төмен еді. Қазір мемлекет тарапынан бөлінген гранттарды ұтып алуда жастардың белсенділігі артып келеді. Осы арқылы білімін шетелде жетілдіріп, сол елде алған білімдерін Қазақстанға әкеліп, тәжірибесімен бөлісіп жатқан ғалымдар баршылық. Мысалы, біздің елімізде биоотын өндіруге ден қойып отырған ғалымдар жетерлік. Асыл тұқымды мал өсіруде, оның тұқымын зерттеуде жетістікке жеткен ғалымдар бар. Жалпы қазір мемлекетіміз дамуы үшін ғалымдарға жағдай жасалуы керек. Ғалымдардың жағдайы жасалса, мемлекет те жаңалық ашудан алда болады. Инновация дамиды. Ал инновациясы дамыған елдер қашанда озық ел болады. Сондықтан осы ретте біздің ғалымдар да мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді ұтымды пайдаланып қалуы тиіс», – деген пікірде.
Негізінен, мамандар атап көрсетіп отырғандай, елімізде дамуға деген ұмтылыс бар. Ендігі кезекте біз осы бағыттарды дұрыс ұстанып, қоғамға есеп беретін ашық мемлекет екенімізді танытсақ болғаны. Ол үшін Елбасы ұсынып, көрсетіп отырған «100 нақты қадамды» Ұлт жоспары етіп алып, сол жоспар бойынша жұмыс істеуіміз қажет. Сонда қоғам дамиды. Қоғамның дамығаны өзінен-өзі елді биіктікке жетелейді. Дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келсе, осы жайттарды назарда ұстағанымыз жөн. Абзалында, Қазақстан – тарихи тағдырлы мемлекет. Қаншама жыл бойғы тарихы бар елдің тәуелсіздік жолында еткен еңбегі ерен. Тәуелсіздікке жеткеннен кейін де «Еңсесі биік ел боламын» деген қазақтың өзіндік өр арманы бар. «100 нақты қадам» қазақстандықтардың арманын орындауға себепкер болатын жоспар. Олай болса, болашақта осы жоспарымыз қалтқысыз орындалып, халықаралық нарықта еңсеміздің тіктелетініне сенім де мол.

Зарина ДҮКЕНБАЕВА,
көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы директорының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.