Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Дала академигіне» құрмет

0 251

Сонау Кеңес үкіметі тұсында өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға қомақты үлес қосып, екі мәрте Социалистік Еңбек ері атанған Жазылбек Қуанышбаевтың есімі жамбылдықтарға жақсы таныс. Жаз-атаның 125 жылдық мерейтойына орай  ауыл шаруашылық скверінен баральеф ашылды,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі.

Жазылбек Қуанышбаевқа арналған баральефтің ашылу салтанатына ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев бастап облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, ауыл шаруашылық саласының үздіктері, Жаз-атаның баласы мен немерелері, қала және аудан тұрғындары қатысып, гүл шоқтарын қойды. Артынша, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев жиналғандарға Жазылбек Қуанышбаевтың ауыл шаруашылығындағы еселі еңбегі туралы кеңінен айтты.

–Бүгін біз ауылшаруашылық саласын дамытуға зор үлес қосқан даңты шопан Жазылбек Қуанышбаевқа көшенің аты беріліп, баральефтің ашылуына куә болып отырмыз. Бұл біз үшін тарихи сәт. Жазылбек атамыздың ҰОС-нан кейін асыл тұқымды қой өсіріп, 100 саулықтан 130 қозы алғанын білеміз. Шөлді, шөлейтті аймаққа жерсінген қаракөл қойын асыраған атамызтың аты 1930-1983 жылдары Мойынқұм ауданына ғана емес, Кеңес үкіметіне тегіс тарады. Сол үшін де Жаз-атаның еңбегі көпке үлгі,–деді Ербол Шырақпайұлы.

Бұдан соң облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтау сөз сөйлеп, осынау тарихи сәттің жамбылдықтар үшін маңызы ерекше екенін атап өтті.

–«Адамды адам еткен еңбек» дейміз. Халқымыз сол үшін де Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Жазылбек Қуанышбаев сынды азаматтарын үлгі тұтады. Жерлесіміз Жазылбек Қуанышбаев та еңбекке ерте араласты. Қазақ қоғамының ертеден төрт түлік мал өсіруге ерекше ден қойғанын білеміз. Тіпті саулық сұрасқанда «мал жан аман ба» деп айтудың өзі ерекше. Жазылбек атамыз өсірген қаракөл қойының терілері  бірнеше елге тарады. Сондай-ақ  Жаз-ата артынан ерген жастарды еңбекке баулып, азаматтықтың үлгісін көрсете білді. Біз соны жадымызда сақтауымыз керек,–деді Бердібек Машбекұлы.

Малшылардың маршылы атанған Жаз-атаның өнегеге толы жолын, азаматтығын жамбылдықтар жақсы біледі. Сол үшін Жазылбек Қуанышбаевқа арналған баральефтің ашылуы тарихи сәт десек болады.  Осылайша «Таразға тарту» жобасы аясында салынған сквер енді жамбылдықтар үшін қажырлы еңбектің үлгісін айшықтап тұратын орынға айналатынына сенім мол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.