Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дәрігер антқа адал болсын!

0 434

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, еліміздегі әрбір дәрігер қазақстандықтардың денсаулығы мен өмір сүру ұзақтығына барынша алаңдауы тиіс. Облыс әкімі осы және облыстың денсаулық сақтау саласындағы өзге де проблемалар мен басты міндеттер жайлы облыстық перинаталды орталықта жамбылдық медицина қызметкерлерімен болған кездесуде кеңінен айтты.

Арайлым Бақытжанқызы

Алдымен облыс басшысы перинаталды орталықтың жұмысымен танысып шықты. Кездесу барысында Бердібек Сапарбаевқа орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева мұндағы оқыту-клиникалық орталық жайлы әңгімеледі. Онда біздің облыстың ғана емес, еліміздің өзге де өңірлерінің дәрігерлері білім алып, тәжірибе жинақтап кетеді екен.

– Өткен жылы біздің мамандар 409 медикті оқытты, олардың 274-і жамбылдықтар, қалған дәрігерлер республиканың басқа өңірлерінен. Мамандарымызды түрлі семинар-тренингтер мен конференция, курстарға жіберіп тұруға тырысамыз. Бұған облыстық денсаулық сақтау басқармасы барынша қолдау білдіріп келеді. Мәселен, өткен жылы біздің 11 дәрігер Мәскеуге барып оқып келді. Өкінішке орай, оқу орталығында симуляциялық құралдар жетіспейді. Жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп қалар деген үмітіміз бар, – деді бас дәрігер.

Ол сондай-ақ шала туған балаларды күтуге көмегі көп тиетін бактериологиялық зертхананың еліміз бойынша біздің облыстық перинаталды орталықта ғана бар екенін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті дәрігерлер акушерлік қан құйылуды тоқтатуға көмектесетін, яғни ана өлімінің басты проблемаларының бірінің алдын алатын бірегей метропластика отасын Қазақстан бойынша бірінші болып жасаған екен. Осы ретте бас дәрігер орталық анестезиолог, неонатолог сынды мамандарға зәру екенін ашып айтты. Десе де, бұл проблемадан денсаулық сақтау басқармасы хабардар екен. Медициналық оқу орындарының бірнеше түлегі орталыққа жұмыс істеуге келетіні жөнінде келісім жасалып қойыпты.

Орталықтың мәжіліс залында аймақ әкімімен өткен кездесуге облыстағы ауруханалар мен емханалардың бас дәрігерлері, салаға қатысы бар өзге де мекемелердің басшылары қатысты. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов облыс әкіміне медицина саласындағы жағдайды қысқаша баяндап берді. Ал «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Мавлюда Бокаева жамбылдықтардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуы жөнінде хабарлады. Оның айтуынша, бүгінгі таңда 23 мың жамбылдықтың статусы нақтыланбаған, дегенмен филиал қызметкерлері тұрғындармен жиі кездесіп, өз статустарын нақтылау керектігін түсіндіріп келеді.

– Сіздерде небәрі бір-ақ ай уақыт қалды, ал еш нәтиже жоқ. Цифрларда бәрі дұрыс. Ал ауылдық жерлерде көпшілік тіпті қандай жүйе енгізіліп жатқанын да түсінбейді. Сіз кездесу өткізіп жатырмыз деп айтасыз, бірақ мен ешқандай нәтиже көріп тұрған жоқпын. Ертең-ақ ел-жұрт арызын айтып әкімдікке келеді. Сіздер өте нашар жұмыс істеп отырсыздар. Сондай-ақ статусы нақтыланбаған азаматтар тізімінде мемлекеттік мекемелердің де қызметкерлері жүргені белгілі. Бұл қалай сонда? Заңды жалақыларын ала тұра олар қалайша медициналық сақтандыру қорына аударым жүргізбейді? Сол себепті осы мәселемен мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесе отырып түбегейлі айналысыңыз. Уақыт болса аз қалды, ал берілген тапсырма орындалмаған. Жұмыс өте төмен деңгейде жүруде. Бізде проблема онсыз да шаш етектен. Осы мәселені шешу жолында не істелінгенін уақыт создырмай маған қайта баяндаңыз, – деп аймақ басшысы М.Бокаеваға тапсырма берді.

Кездесуде профессор, кардиохирург-дәрігер, Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының меңгерушісі Сейтхан Жошыбаев өз ойын ортаға салды.

– Біздің өңірде кардиологтардың жетіспеушілігі анық байқалады. Мемлекет медицинаның осы сферасының дамуы үшін бар жағдайды жасап-ақ жатыр. Медициналық мекемелерді жабдықтаудан проблема жоқ, барлық қондырғы жаңа әрі заман талабына сай. Бірақ олармен жұмыс істейтін ешкім жоқ. Жуырда ғана біз студент жастардың «Таза жүрек» атты елімізде әлі баламасы жоқ волонтерлік бағдарламасын бастап беріп, қолдау білдірдік. Жобаның мақсаты – тұрғындарды жеке-жеке қарап, оларда кездескен қан айналымы органдарындағы ауруларды дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын жүргізу. Жоба өте жақсы. Бірақ бізге аудандардың да көмегі, қолдауы қажет. Бізге аудан әкімдері де атсалысып, зерттеу жүргізуді ұйымдастыруға қолдау білдірсе құба-құп болар еді, – деді профессор.
Бердібек Сапарбаев профессорды мұқият тыңдап, «Таза жүрек» жобасының тоқтап қалмау керектігімен келісетінін жеткізді. Осылайша, жас еріктілерді қолдау жөнінде аудан әкімдеріне арнайы тапсырма беретінін айтты.

– Мен мұндай жұмыстардың қалай жүретінін жақсы білемін. Жоғарыдан тапсырма түспейінше қазір ешкім де қимылдамайды. Сондықтан мен сізге тікелей өзім жәрдемдесемін. Қазақстандықтардың денсаулығы сіздерге тікелей байланысты. Сіздер адал жұмыс істеулеріңіз тиіс. Жемқорлық немесе өзге де заң бұзушылықтар – медицина саласында қабылданбайтын жат қылық. Сондықтан адам жанының арашашысы болуға ант бергендеріңізді, сол антқа адал болу керектігін, өздеріңіздің маңызды миссияларыңыздың бар екенін ұмытпаңыздар, – деп жиынды облыс әкімі қорытындылады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.