Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Дәл қазір «Құдайға шүкірмен» алысқа бармайсың»

0 1  078

Химия саласына қырық жылға жуық өмірін арнап, сол аралықта «Қазфосфат» өндіріс орнының қайта аяққа тұруына үлкен үлес қосқан Қазақстанның Еңбек Ері, облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіровтің есімі мен еңбегі жамбылдықтарға жақсы таныс. Ол Тараз қаласындағы алып кәсіпорынның басшылығына келгелі химия өндірісі өркендеп, жұмыс барысы бір жүйеге түсті. Бұл, әрине, өндіріс саласының қыр-сырын жетік білетін азаматтың ғана қолынан келетін іс. Жуырда Мұқаш Зұлқарнайұлымен жүздесіп, өмір жолы мен химия өндірісі саласында әңгіме өрбітудің сәті түскен еді.

Мұқаш Зұлқарнайұлы, сізді жұрт «Қазфосфат» кәсіпорнының көкжиегін кеңейтіп, жұмысын алға сүйреген азамат ретінде біледі. Бала кезіңізде, нақтырақ айтсақ, ауылда шаруашылыққа қолғабыс етіп жүрген шақта химия саласының тізгінін ұстаймын деген ой болып па еді?
– Ауылдың тіршілігі белгілі ғой. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген соң, күнкөріс мәселесі бірінші кезекте тұрды. Әке-шешем шаруа адамы болғандықтан, қара жұмыстан қашпадық. Әкем Зұлқарнай – малшы, анам Ырыскүл сауыншы болды. Әке-шешеміз «балаларымды қайтсем де оқытамын» деген қағиданы шетке ысырды. Алайда үйдің үлкені болған соң ба, әлде өзімнің білімге құштарлығымды ата-анам сезді ме, әйтеуір менің білім алуыма мүмкіндік берілді. Менен кейінгі екі інім де еңбекке жақын болып, сегізінші сыныптан кейін техникалық училищеде «дәнекерлеуші» мамандығын оқыды. Содан не керек, екі бауырым да таңдаған мамандығының білгірі болып алды. Мұндағы айтпағым, мамандықтың жаманы жоқ, тек өз ісін бес саусағындай білетіндерге сұраныс жоғары болады. «Тауық сойса да, қасапшы сойсын» деген сөз дәл айтылған. Ауыл болған соң, жергілікті халық колхоз, совхозда еңбек етті. Сол уақытта әкем мал бордақылап, анам бақшада көкөніс өсіруді қатар алып жүрді. Үйдің үлкені болған соң, 18 сотық жерден шыққан өнімді Шымкенттегі базарға өзім апарып сау-далайтынмын. Бір сөзбен айтқанда, бала кәсіпкер болдық. Үйдегілердің жұмыстан қолы босамаған соң, шешемнің анасы, яғни апамыздың тәрбиесін көрдік. Мектеп кезінен спортпен айналыстық, қоғамдық-мәдени шараларға да араластық. Барлық мүмкіндігімізді байқап көрдік. Уақыт өте химия пәні оң жамбасыма келетінін түсіндім. Сол пәннен сабақ берген Қоңыржан Талқанбаева есімді ұстазым қамқоршы болып, бар білгенін үйретті. Кейін химия пәнінен өткен олимпиадада жеңімпаз атандым. Мен бала кезден химия саласында жұмыс істейтінімді іштей білгенмін. Достарымның арасында да өскенде химия өндірісін басқарамын деп айтатынмын.
– Ауыл тіршілігінің бел ортасында жүрсеңіз де білім алып, маман иесі атанамын деген ой алға жетелепті. Біз сіздің мектеп кезден әдеби шығармаларға әуес болғаныңыз жайлы да естідік…
– Ол рас. Кітап оқуға ерте жастан үйір болып алдым. Күнделікті тынымсыз тіршілікке қарамастан, кітап оқуға уақыт табатынмын. Үйдегі алты бауырым ойынға құмартып тұратын. Мен болсам, бос уақытымда кітіпханаға баратынмын. Мектептегі және ауылдағы кітапханадан шықпайтынмын. Мұғалімдер талап етпесе де орыс, қазақ әдебиетін қатар оқыдым. Абай Құнанбаев, Жамбыл Жабаев, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқановтан бастап, Пушкин, Лермонтов, Горький, Толстойдың да кітаптарын сапырып шықтық. Ол кезде бүгінгідей электронды кітап деген жоқ еді. Шетел әдебиетін іздеп жүріп табасың. Шоқтығы биік шығармалар бірінен- бірі асып түсетін. Кітап – рухани азық. Әр кітап – өзінше бөлек. Бір кітапты оқып, менің өмірім өзгерді деп айта алмаймын. Бірақ көп білген артық етпейді. Сондықтан күні бүгінге дейін толдым, жетілдім деген емеспін.
– Ал өндіріске қалай келдіңіз?
– 1982 жылы Қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдап, сол жылы еңбек жолымды Жаңа Жамбыл фосфор зауытының шебері болып бастадым. 1996 жылға дейін ауысымның аға шебері, аға шебер-технолог, №5 цех бастығы, партком хатшысының орынбасары, хатшысы, бас директордың сыртқы экономикалық істер және өнім өткеру жөніндегі орынбасары болдым. Кейін бірқатар қайшылықтарға байланысты басқа компанияларда жұмыс істеп, біраз уақыттан кейін химия өндірісіне қайта келдім. 2005 жылы «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры болу бақыты бұйырды. Әрине, өмірімде небір соқтықпалы-соқпақты жолдан өттік. Өндіріске келгенде, бәсекеге қабілетті болу үшін ағылшын тілін үйренуге тура келді. Ал бұған ауылда өзбек, түркімен, әзірбайжан, орыс ұлтының балаларымен бірге оқығанымыздың пайдасы тиді. Себебі тілді бірден меңгеріп кету қабілеті қалыптасты.
– Бәсеке дедіңіз. Оның артында тынымсыз еңбек жатқан шығар. Бүгінгінің жастары бәсекеге қабілетті деп ойлайсыз ба?
– Бәсеке бар жерде өсесің, ысыласың. Біз фосфор зауыты аяққа тұрып келе жатқан өндіріс болған соң, оның қанат жаятын мерзімі алда екеніне сендік. Адамды ұлтына, тұрпатына қарап бөлмей, керісінше, етене араластық. Демалыс, мейрам, той-жиынды кейінге қойдық. Өндіріске менімен қатар келген қыз-жігіттердің 90 пайызы жұмыс қарқынына шыдамай, болашағын басқа саламен байланыстырды. «Кез келген саланың үздігі болу үшін қиындыққа қарсы тұру керек» деген қатаң қағиданы ескермеді. Мен бәсекеге қабілетті болу үшін көп тірлікті уақытша шетке ысырдым. Болмаса әйелінің артында жүріп, соның тапқанын талғажау ететін еркектерді де көрдік қой. Бізде үй тірлігін Алла қосқан адал жарым өзі-ақ тындыратын. Уақыт деген байламға келмейді емес пе? Сондықтан кейінгі жастар қолда бар барлық мүмкіндікті пайдалануы керек деп есептеймін. Жетістікке жету жолында Шерағамызша айтсақ, «бір дүниең кем» болып тұрады. Мұндайда біреудің жағдайын көлденең келген екінші адам жасап бермейтінін ұғыну керек. Ал егер «Тоғызда жұмысқа барып, бесте қайтамын. Баламды балабақшадан алып, кешкісін әйелімнің дайындаған шайын ішіп отырамын. Кейін ертерек ұйықтап, демаламын» деп жоспар құрсаң, сонымен ғана шектеліп қала бересің. Қысқасы, орта жолда қаласың. Неге? Себебі ешқандай талпыныс, бәсекелестік жоқ. Жастар шешім қабылдауға келгенде аса мұқият болуы қажет. Диплом – тек білім алғаныңды куәландыратын құжат емес. Бүгінде жастардың басым көпшілігі өзінің таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқан жоқ. Әкім, бастық боламын немесе ауылға барамын деп ойына келгенін айтатындар көбейді. Додаға шықпағанға бәйге алу қайдан бұйырсын?! Мемлекеттің, ата-ананың қаражаты ауаға кетті деген – осы. Осыны жастар ұғынғаны абзал.
– Жыл басында «Қазфосфат» ЖШС басшылық қызметін тапсырдыңыз. Өткен күнде өкінетін жеріңіз жоқ па?
– Қарап отырсам, Жамбылдағы алып өндірісті 17 жылға жуық уақыт басқарыппын. Өндірісте қолдан келгенше жақсы нәтиже көрсетуге тырыстым. Технологияларды жаңартып, өнім көлемін арттыруға күш салдым. Негізі бұл процесс ешқашан үзілмеуі керек. Тіпті соңғы екі-үш жылда фосфор өндірісінің озық үлгідегі қондырғылары пайда болды. Әлемде күн сайын жаңа технологиялар шығып жатыр. Осылайша біз технологияларды қуып жете алмайтынымызды түсініп, бәрінің соңынан ілеспей, керісінше, өз жолымызды салуға тырыстық. Заман ағымымен бірге жылжуға күш салдық. Өндіріс саласы сонысымен күрделі. Сала бойынша түрлі конференцияларға қатысып, әріптестермен санаса келе әркез ұтымды шешім қабылдауға жұмылдық. Менделеев кестесінде 118 элемент бар болса, соның ішінде фосфор зауыты Тараз қаласында болғанына мақтануымыз керек. Себебі фосфор өндірісі бізден бөлек, Қытай, АҚШ, Вьетнамда ғана бар. Енді Малайзияда да зауыт салынып жатыр. Осындай өндіріс орнының тізгінін ұстап, тірлігін тіктей алғаныма қуанамын. Өкінер еш жерім жоқ.
– «Қазфосфат» ЖШС-нің болашағынан не күтесіз?
– «Қазфосфат» серіктестігінен кетсем де, онда әріптестерім бар ғой. Оның үстіне мекеменің мүмкіндігі мол. Иә, үлкен өндіріс болған соң, өзінің акционерлері болады. Олардың көзқарасы, жоспары маған белгісіз. Егер бізбен кеңесіп, көмек сұрап жатса, әрқашан қолдауға дайынбыз. «Қазфосфаттың» алға жылжып, гүлденуіне ниеттеспіз. Жаңа басшылық біздің жеткен биігімізден де асып түссін дейміз.
– Сізге кәсіпкерлік саласы таңсық емес, тәжірибеңіз де толысқан. Кәсіпкер боламын дейтін жастарға қандай кеңес берер едіңіз?
– Жастар үнемі ізденісте болуы керек. Өзінің оң жамбасына келетін шаруаны тапса, кейін соған талпынады. Адам өзінің мүмкіндігін толық пайдаланатын болса, оның қай жерде туғаны, өскені маңызды емес. Ауылда жүріп-ақ шаруашылықтың көзін тауып, табысқа жеткендер көп. Елімізге Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан келетін мигранттардың қатары үзілмейді. Өзбек ағайындарды Ресей, Еуропада да жиі кездестіреміз. Ресейдегі мейрамхана ісінің денін айыр қалпақты ағайындар жүргізіп отыр. Тәжіктер де жұмыстан қашпайды. Өзіміздің жастарға келсек, сыныққа сылтау іздеп тұрады. Әрине, әке-шешенің айтқанын тыңдау керек, бірақ жағдайды түсіндіріп, жоспарың жайлы айтсаң, ешкім бетіңнен қақпайды ғой.
Жас кәсіпкерлер өз кәсібін ашпас бұрын оған қажетті дүниелерді ойламайды. Содан кейін іс қалай алға бассын? Бизнес ашылған соң, уақыт жылдам өтеді, шығын да көбейе бастайды. Осындайда қол қусырып қарап қалмау керек. Алғашқы қадамнан барлық мүмкіндікті пайдаланған дұрыс.
Қазақтардың 20-30 мың жасы Кореяда жұмыс істеуде деп таңдай қағамыз. Ал Ресейде миллионға жуық өзбек ұлтының азаматы бар. Олар «бізде жұмыс жоқ» деп мемлекеттің немесе ата-анасының мойнына мініп алмайды. Жастарға айтарым, кез келген кәсіпте жұмыстың көзін таба білу қажет. Мысалы, ауылда жер, мал бар. Қалада да мүмкіндік көп. Үнемі жаңа нәрсе ойлап табуға ұмтылу қажет. Сонда жоспар жүйелі құрылып, кәсіп те оң жолға түседі. Дәл қазір «Құдайға шүкір» деген ниетпен алысқа бармайсың. Сондықтан жаңашылдыққа, жаңалық ашуға, «бүгінгі күнге тәубені» қойып, бар білімің мен білігіңді көрсетіп, тау қопаруға ұмтылғаның абзал.
– Осы тұста шетелде білім алып жүрген жастар жайлы не айтар едіңіз?
–Елімізде «Болашақ» бағдарламасымен оқығандар аз емес. Олар шетелден бізге жаңа дүние әкелуі керек еді. Кейбір жастарымыз оқу бітірген соң, шетелде қалып жатыр дейді. Әрине, жұмысы алға басқан жасты қос қолдап қолдауға болады деп ойлаймын. Туған-туыс, ел-жұрт елде болған соң, олар түбінде Отанына қайтып келеді ғой. Өсіп-өнемін деген жасқа шүйліккеніміз жақсы емес. Оны біз ойламасақ, өзге ұлттың азаматтарына еліміздің өркендеуі бес тиын.
– Мұқаш Зұлқарнайұлы, алдағы жоспарыңызбен бөліссеңіз. Мемлекеттік қызметке баруға ниетіңіз жоқ па?
– Алпысты алқымдап қалдық. Бірақ осы күнге дейін мемлекеттік қызметке барамын деген ой мазалаған емес. Әзірге облыстық мәслихаттың депутаттығынан, қоғамдық жұмыстардан алыстамаймын. Сонымен қатар кәсіпкерлік саласына қолдан келгенше өз үлесімді қосамын. Жастармен жиі кездесулер ұйымдастырып жүрміз. Жас кәсіпкерлерге де білгенімізді айтып, бағыт көрсетуден қашпаймыз. Әрине, бұдан бөлек те жоспарлар бар. Ол туралы алдағы уақытта естіп, біле жатарсыздар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Сәндібек Піренов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.