Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дүйсенбек Абдраимовтың дара жолы

0 1  296

Бүгінде бойындағы білімімен қаламыздың дамуы жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген азаматтарымыз аз емес. Солардың бірі – Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің директоры, ұлағатты ұстаз, білікті басшы, білім беру ісінің үздігі Дүйсенбек Абдраимов.

Дүйсенбек Исахметұлы 1960 жылы 26 желтоқсанда Тараз қаласында жұмысшылар отбасында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекті сүйіп өскен елгезек өрен 1977 жылы орта мектепті бітірген соң Жамбыл вагон жөндеу депосында екі жыл слесарь болып жұмыс істейді. Дегенмен талапты жастың санасынан «Оқысам, еліме еңбек етсем» деген ізгі ой бір сәтке де шыққан емес. Сол арманның жетегінде 1979-1983 жылдары Жамбыл технологиялық институтының «Есеп, экономика» факультетін үздік тәмамдап, Отан алдындағы әскери борышын өтейтін уақытқа дейін Жамбыл жүнді алғашқы өңдеу фабрикасында бухгалтер-ревизор болып еңбек етті. Кез келген шаруаны дөңгелетіп әкететін Абдраимовты 1985 жылы аттай қалап Жамбыл есеп-экономикалық техникумына экономикалық пәндердің мұғалімі қызметіне шақырады. Жалынды жас жұмыс істей жүріп, ел көзіне түсіп 1989-1994 жылдары сырттай оқу бөлімінің меңгерушісі, 1994-1998 жылдары директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары сынды жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. Осылайша, 1998-2004 жылдары Жамбыл политехникалық колледжінің директоры, 2004-2010 жылдары Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы, 2011-2013 жылдары М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің жанындағы көпсалалы колледжінің директоры болды. 2014-2018 жылдары Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінде оқытушы болып жұмыс істеген кейіпкеріміз 2020 жылдың желтоқсан айынан бері Жамбыл политехникалық жоғары колледжін басқарып келеді.
Аталған колледжге қайтадан директор болып тағайындалғанда оқу орнының материалдық-техникалық базасын толықтырып, заман талабына сай жарақтандырды. Ұжымның психологиялық-моральдық ахуалын жақсартуға да үлкен еңбек сіңірді. Пандемия кезіндегі оқу үрдісінің үздіксіз жүруін қамтамасыз етіп, колледждің жоғары жетістіктерге жетуіне ұжымды жігерлендіре білді.
Ал 90-шы жылдардағы коммуналдық қарыздардың қыспағынан шыға алмай жабылудың аз-ақ алдында тұрған Жамбыл химия-механикалық техикумына басшы болып келгенде, Жамбыл қазақ-түрік есеп-экономикалық техникумын оқу ордасының құрамына қосты. 1998 жылы облыс әкімінің қаулысына сәйкес техникум колледж мәртебесін алып, Жамбыл политехникалық колледжі болып құрылды.
Осы жылдан бастап оқу орнында қызу жұмыс басталды. Айталық, ғимарат жөндеуден өтіп, жаңа мамандықтар ашылып, студенттерді орта кәсіптік білім алуға тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Сондай-ақ кәсіби мамандар оқытушылық қызметке шақырылып, материалдық-техникалық база жаңаша жасақталып, әр кәсіп қажетті оқулықтар кешенімен жабдықталды. Білікті басшының ұйымдастыруымен уақытпен санаспаған ұжымның ұтымды еңбегінің арқасында колледж жоғары беделге ие болды.
Іскер басшының ұйымдастыруымен колледжде 62 оқу кабинеттері мен зертханалары, тігін, нан пісіру цехтары, 5 компьютерлік класс пен 3 лингафон кабинеті, кітапхана, спорт залы, ақпараттық-баспа және оқу-өндірістік орталықтары, жатақхана, стадион, медициналық пункт ашылды.
– Маған осы жауапты қызметті атқару міндеті жүктелген мыңжылдықтар тоғысындағы кезде көптеген қиындықтарға тап келдім. Ұжым қызметкерлерінің саны бар болғаны 18-ақ адам еді. Қарызға белшесінен батқан, тіпті жарық пен жылуы да жоқ-тұғын. Бірақ бұл тығырықтан да шығудың жолын іздеп тауып, жұмыстар жүйелі жолға қойылды. Қазіргі тіршілігіміз мемлекеттің қолдауы мен облыс басшылығының көмегінің нәтижесінде бірқалыпқа түсіп, ілгері жылжып келеміз. Кәсіптік практиканы жүргізу үшін облыстағы және Тараз қаласындағы 120 кәсіпорынмен келісімшарт жасалынған, 85 кәсіпорында дуальдық оқыту жүйесі енгізілген. Дуальдық оқыту жүйесінде оқитындар саны жиырма үш мамандық бойынша 1337-ні құрайды. Колледждің материалдық-техникалық базасына келсек, оқу ордасы 2 оқу корпусы, екі шеберхана, 2 жатақхана (320 адамдық), сексен екі пәндік кабинет, 19 оқу зертханасы, он бес компьютерлік кабинеттер, 21 шеберханалар, үш спорт залы, 1 спорт алаңы, оқу полигоны, екі кітапхана, 2 акт залымен қамтамасыз етілген, – дейді Дүйсенбек Исахметұлы өткен күндерге көз жіберіп.
Сондай-ақ, оның айтуынша, аймақтағы өндіріс орындарына арнаулы кәсіби мамандарды дайындайтын бұл оқу орны сонау кеңестік кезеңде, яғни 1954 жылы СССР Министрлер Кеңесінің №1254 қаулысына сәйкес суперфосфат зауытының базасында Жамбыл кешкі химико-механикалық техникумы (ДХМТ), сонымен қатар Қаратаудың тау-химия комбинатының жанында кешкі филиалы ретінде ұйымдастырылған екен. ҚазССР Министрлер Кеңесінің 1965 жылдың 21 қыркүйегіндегі №1603-р өкімінің негізінде Қаратау қаласындағы Жамбыл кешкі химико-механикалық техникумының кешкі филиалы Қаратау кешкі тау-құрылыс техникумы болып қайта құрылыпты. 1995 жылы техникум Жамбыл политехникалық техникумы болып атауын өзгерткен. 1996 жылы оқу орнына колледж мәртебесі берілсе, 1997 жылы ол Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтының құрамына енді. 2009 жылдан бастап колледж Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының «Жамбыл политехникалық колледжі» МҚКК болып атауын өзгертті. Облыс әкімінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі №207 қаулысымен оқу орнына жоғары колледж мәртебесі берілді.
Ол колледж тізгінін қайта алған 2020 жылдан бастап бері де зор табыстарға қол жеткізуде. Мәселен, білім ошағы «Жас маман» жобасын жүзеге асыру үшін 180 колледждің қатарына еніп, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және автоматика» мамандықтары бойынша мамандар даярлауда. Аталған мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс негізінде 100-ден астам студент білім алуда. Оқу жұмыс жоспарлары финдік «SOPRANO» компаниясының білім беру бағдарламасы негізінде әзірленген. Сондай-ақ «Жас маман» жобасы бойынша бюджеттен 380 миллион теңге қаржы бөлініп, «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Механикалық өңдеу, өлшеу-бақылау аспаптары және автоматика» мамандықтары бойынша жаңа үлгідегі жабдықтар алыныпты. Өткен жылдан бастап колледж базасында «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» және «Мехатроника» құзыреттіліктері бойынша құзыреттілік орталығы ашылды. Бүгінде колледж өз қаражатымен «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығына арналған оқу гараждарын салған. Жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, жастарды жұмысшы мамандықтарға тарту, еңбек нарығында олрдың бәсекелестігін арттыру мақсатында да ілкімді істер қолға алынуда.
Білікті басшының жетекшілігімен колледж қол жеткізген табыстарға өте мол. Атап айтсақ, оқу ордасына 2020 жылы «Электроника жəне автоматтандыру» бейіні бойынша РОƏБ статусы берілді. Ал 2021 жылы Жамбыл облысы білім басқармасының «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту орталығы» ұйымдастырған, колледждер арасында өткен «Озық әдістемелік қызмет» облыстық байқауында колледж ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, сол жылы облыстың «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингісінің нәтижесінде ең жоғары көрсеткішке ие болып «Ең үздік қала колледжі» номинациясымен қол жеткізген. Сонымен бірге «Worldskills Kazahstan» VI Республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында «Визуалды мерчандайзинг» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын, «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша ІІІ орын иеленсе, «СББ станоктардағы токарьлық жұмыстар» құзыреттілігі бойынша «Үздік маман» номинациясымен жеңіп алса өткен жылы «Worldskills Jambul-2022» облыстық чемпионатында білім ошағының үздік студентерінен жасақталған командасы 11 құзыреттілік бойынша қатысып, 8 алтын және 2 күміс медаль жеңіп алды. Чемпионатта үздік нәтиже көрсеткен колледж мақтаныштары республикалық чемпионатқа жолдама алып, «Worldskills Kazahstan-2022» республикалық конкурсында 5 құзыреттілік бойынша «Үздік маман» атанды.
Дүйсенбек Абдраимов та өз сөзінде қазіргі заман талабына сай бәсекеге қабілетті және еңбек нарығындағы сұранысқа сай білікті мамандар даярлаудағы жетістіктеріне тоқталып, «Worldskills-2021» ұлттық чемионатында «Мехатроника» құзыреттілігі бойынша Яковенко Антон, Хаиров Ратмир, «Визуалды мерчендайзинг және витринистика» құзыреттілігі бойынша Жамалбек Сұлтанәлі үшінші орынды иеленгенін және «СББ токарьлық жұмыс-тар» құзыреттілігі бойынша Бекнұр Нұрлановқа «Үздік маман» аталымы табысталғанын айрықша атап өтті.
Колледж студенттерінің жетістігі мұнымен шектелмейді. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Мен кәсіпкермін» республикалық Грант турнирі аясында өткізілген парламенттік дебатта Нұрдаулет Тлеумұратов пен Тоқберген Азамат бас жүлдені, «Резеңке төсегіштерді өндіру» жобасы бойынша Рысбек Шыңғыс, Қосыбай Нұрдаулет, Орынбасаров Досымжан 3-орынды иеленсе, аталған турнирге белсене қатысқаны үшін Алматай Елемес, Досымжан Өміралиев арнайы дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ сол жылы «Қоғам белсендісі – үздік көшбасшысы 2021» атты республикалық байқауында Намелбек Азамат І дәрежелі дипломмен және төсбелгіні иемденді. Осы тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жас таланттарды қолдау және үздік жобаларды іріктеу мақсатында өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты ұлттық жобасында осы колледжінің түлегі Дүйсени Жасұлан 3 миллион теңге грантын ұтып алып, арнайы сертификатты ҚР Президентінің өзі салтанатты түрде табыс еткенін ерекше мақтанышпен атап өткен абзал. Өткен жылы да «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Бизнес» бағыты бойынша А.Намелбек 3 миллион теңгені жеңіп алды. Сонымен қатар 2022 жылы «Қазақстан Республикасы колледждерінің үздік 100 студенті» республикалық конкурсында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Азамат Тоқберген жеңімпаз атанды.
Әрине, студенттердің жарқын жетістіктерге жетуіне білікті басшы Дүйсенбек Абдраимовтан бөлек колледждегі 266 педагогтың да қосқан үлесі қомақты. Аталған оқу ордасында 1 педагогика ғылымының докторы, 1 техника ғылымдарының кандидаты, 48 магистр, 2 педагог-зерттеуші, 15 педагог-сарапшы, 16 педагог-модератор, 39 жоғары санатты, 40 бірінші санатты, 55 екінші санатты ұстаз еңбек етуде. Олардың қатарында «Ы.Алтынсарин», «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілері мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасын иеленген, «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы атанған және Еуразиялық дизайнерлер одағына қабылданғандардың қарасы қалың.
Колледж ұстаздарының да толағай табыстары баршылық. Атап айтсақ, жастардың кәсіби шеберлігін қолдау және дамыту, оларды жұмысшы мамандықтарға тарту және еңбек нарығында бәсекелестігін арттыру мақсатында Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен «Профи-2022» облыстық байқауында «Дәнекерлеуші» номинациясы бойынша Әбілғазы Ибраимов 1-орынды иемденсе, сол жылы ТжКББ педагогтары арасында өткен құрылыс саласы бойынша республикалық кәсіби шеберлік конкурсында Берік Шүйіншәлі 3-орынға қол жеткізді. Бүгінде Дүйсенбек Исахметұлының қолдауымен оқу орнының 47 инженер-педагогы Германия, Түркия, Сингапур, Финляндия, Ұлыбритания, Франция, Малайзия, Ресей және Белоруссия мемлекеттерінде біліктілікті арттыру курстарынан және тағылымдамадан өтті. Колледж оқытушылары білім берумен қатар, ғылыми жұмыстармен де айналысады. Соның жарқын дәлелі – қазіргі таңда 24 оқу құралы баспадан шығып, республика бойынша техникалық және кәсіптік білім беру оқу орындарында кеңінен қолданылуда. Бұл да талапшыл басшының табанды еңбегінің өтелгені.
Білім саласының дамуы жолында бар күш-жігерін жұмсап жүрген кейіпкеріміз 1999 және 2004 жылдары облыстық мәслихаттың екінші және үшінші шақырылымдарының депутаты әрі білім, мәдениет және денсаулық сақтау тұрақты комиссиясының төрағасы ретінде кәсіптік оқу орындарын қайта ашуға жергілікті атқару органдарының қомақты қаржы бөлуіне ықпал етті. Сол жылдары 17 кәсіптік мектеп қайта ашылып, колледждерді қайта қаржыландыру қарқын алды.
Абай хакімнің «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол!» деген сөзі Дүйсенбек Абдраимов сынды азаматтарға арналғандай. Талғамы биік басшының таудай еңбегі әр жылдары өз бағасын алып отырды. Айталық, колледж «Кәсіптік білім-99» көрмесінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «XXI ғасырдағы кәсіптік және техникалық білім» Халықаралық конференциясында ҚР Парламенті Мәжілісінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар «Үздік колледж-2001» республикалық байқауында «Оқытудың жаңа технологияларын тиімді қолдану» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ ол облыстық білім басқармасының басшысы қызметінде де табысты еңбек етті. Сол кезеңде ғылыми жоба, пәндік олимпиадалардан республикалық жарыстарда облыс мектептерінің шәкірттері үш жыл қатарынан III, II орындарды иеленсе, 2009 жылы 15 оқушы Халықаралық пәндік олимпиадаларда жеңімпаз атанды.
Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, жауапкершілігі мол, тәжірибелі, өз ісін жетік білетін білікті маман, беделді басшының өзі де лауазымдық қызметтеріндегі жетістіктері үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің Құрмет грамотасымен, «Үздік білім», «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілерімен, «ҚР Тәуелсіздігіне 10 жыл», «ҚР Конституциясына 20 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық төсбелгілерімен, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» белгісімен марапатталса, ағымдағы жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.
Дүйсенбек Исахметұлы – білікті басшы ғана емес, отбасында өнегелі әке, бес перзентінен он шақты немере сүйіп отырған бақытты ата. Ол балаларына «Атаңның емес, адамның баласы бол!» деп өнеге айтудан жалыққан емес. Бүгінгі таңда ұл-қыздарының барлығы жоғары білім алып, елі үшін ерінбей еңбек етуде. Айталық, оның үлкен қызы Ботагөз Абдраимова Яссауи атындағы қазақ-түрік университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алып, магистратурасын тәмамдаған. Бүгінде «Асыл қазына» жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы болса, екінші қызы Гүлмира мен ұлы Асылбек – жеке кәсіпкер. Ал Мереке Абдраимова Ұлыбритания мемлекетінің Бристоль қаласындағы университетінде «Маркетинг» мамандығын меңгеріп, Сеул қаласында магистратураны аяқтаған. 2017-2020 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігінде қызмет атқарса, қазір Өзбекстанның астанасы Ташкенттегі жоғары оқу орнында сабақ береді, екі бірдей кәсіптің басқарушысы.
– Әкемнің біздің қалыптасуымызға, өмірде орнымызды тауып кетуімізге тигізген септігі мол. Білімге құштарлығымыз, елімізге деген патриоттығымыз, осы күнге дейін біздің жеткен жетістіктеріміз әкеміздің бізге тынбай сіңірген тәрбиесінің арқасы. Әкем анама адал жар, балаларына асқар таудай әке, бауырларына тіреу, өз саласының үздігі болды, – дейді қызы Мереке.
Ал әке жолын қуған кенже қызы Әлия Евразия Ұлттық университетінің «Туризм» мамандығы бойынша білім алып, Тараз политехникалық колледжінде экономист-бухгалтер болып жұмыс істейді.
«Ер елі үшін туады», – дейді дана халқымыз. Дүйсенбек Исахметұлының ғұмырбаянына қарап отырып, осы тәмсілдің дұрыстығына көзің жете түседі. Бір сөзбен айтқанда, оның өмірлік жолы – даңғыл жол, ешкімге ұқсамайтын дара жол.

Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.