Қалалық қоғамдық-саяси газет

COVID-19 инфекциясы: Нендей тың мәліметтер бар?

0 328

Қытайдың Хубэй провинциясындағы Ухань қаласында алғаш рет тіркелген қатерлі COVID-19 вирустық инфекциясы адамзатқа үрей туғызып, бүкіл әлемді жаулап алғанына, міне, бір жылдан асып барады екен.

Әлемнің ғалым-вирусологтары, бактериологтары, инфекционистері мен эпидемиологтары коронавируспен бұрыннан (олар 30-40 жылдай бұрын анықталған болатын) таныс болғанымен, мына COVID-19 вирусының жұмбақ тұстары мен табиғатын біле алмай дал болды, тіпті оны қалай емдеуді білмей көптеген қателіктер жіберілді. Аталған вирус төңірегінде нешебір қауесет пікірлер, теориялар мен болжамдар айтылды. Бірақ көп нәрсе бұлыңғыр, жұмбақ, бүркемелі күйде қала берді (өкініштісі, қазір де солай). Міне, содан бері әлемнің көрнекті ғалым-биологтары мен дәрігерлерінің ізденістері арқасында бір жылдық тәжірибе жиналып, зерделеніп, түсінігіміздің көкжиегі кеңейе түсті, біраз жаңалықтарға, жетістіктерге қол жеткіздік деп жүрміз. Әлі де ковидтің көптеген жұмбақ қырлары, белгісіз, көлеңкелі тұстары аз емес.

Қазір коронавирус инфекциясы негізгі тамыр жүйесінде қан түйіршіктерінен тромб ұйымдастырып (тромбоз), қан тамырының қабынуы екені баршаға мәлім. Сөйтіп, ол ең алдымен, тамырларды қаптайтын жасушаларға әсер етеді, соның әсерінен өкпе альвеолалары өлі еттеніп, вирустық пневмонияға шалдықтырады, дем тарылады. Бұл бізге жақсы таныс бактериялық пневмония немесе тұмаудың салдарына ұқсас деуге тіптен келмейді. Себебі коронавирус қан тамырларының ауруы екені белгілі болды. Дерт асқынып, келе-келе адам бойындағы барлық органдар мен жүйелерді зақымдайды, тіпті өлімге апаратынын көріп жүрміз.

Басты зардап, жоғарыда айтылғандай, өкпеге тиеді, себебі вирус жасушаға көбінесе өкпеде болатын ангиотензинді өзгертетін ферменттік рецепторлар арқылы енеді. Содан кейін иммундық жүйе қосылады. «Аурудың аса ауыр түрінде иммундық жүйе гиперактивтенеді және ол дененің өз жасушаларына қарсы жұмыс істей бастайды» дейді ғалымдар. SARS-CoV-2-нің нақты емдеу терапиясы әлі жоқ. Инфекция жұқтырған адамдарды тек симптоматикалық тұрғыдан емдеп жатыр, яғни олар аурудың өзімен емес, оның көріністерімен күреседі. Әзірше оның емі антикоагулянттар (қан сұйылтатын дәрі-дәрмектер) мен түрлі гормондар болып тұр. Кейде Covid-19 ауыр науқастарын құтқару үшін оларға вирусқа қарсы антидене, яғни жазылып кеткен адамдардың қан плазмасын құюға тырысады. Бұл тәжірибе SARS, MERS және Эбола вирусының таралуы кезінде қолданылып, оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) ресми ұсынған еді. Бірақ аргентиналық ғалымдар ковидпен ауырып тұрған науқастардың қан плазмасы індеттің ауыр түрімен ауырғандардың (300-ден астам адам бақылауда болған) жағдайын еш жақсартпады және өлім-жітімді азайтпады деп мәлімдеді (New England Journal of Medicine журналы). Қан плазмасы 228 науқасқа пайдаланылса, плацебомен 105 науқас емделген. Содан 30 күннен кейін ем-шараларды сараптағанда, плазма алғандардың 10,96%, ал плацебомен емделгендердің 11,43% қайтыс болған. Әртүрлі асқынулар екі топта да бір дәрежеде тіркелген.

Кейбір мәліметтер бойынша, ковидпен ауырған науқастардың көпшілігі (80%-дан астам) медициналық көмекке мүлдем мұқтаж емес екен. Олар үйде тұмаудың қарапайым емдеу әдістерімен емделіп, әдеттегідей бір аптадан кейін қалпына келеді екен. Шамамен бес немесе алты науқасты ауруханаға жатқызу қажеттігі туады, олар негізінен егде жастағы және созылмалы ауруы (жүрек аурулары, қант диабеті және т.б.) бар адамдар.

Ковидті емдеу тәжірибелері әр мемлекеттерде үзбей жүргізілуде. Мысалы, АҚШ-тың тамақ және дәрі-дәрмектер әкімшілігі (U.S. Food and Drug Administration — FDA) барицитиниб (baricitinib) пен оған қосымша ремдесивир дәрісін ковидтің ауыр түрімен ауырғандарға оттегі мен демалу аппаратында және экстракорпоральдық мембрандық оксигенацияда жатқандарға пайдалануға рұқсат берді. Оған Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтының 29 күн бойы COVID-19 инфекциясымен ауырған 1033 науқасты емдеу қорытындысы негіз болған. «Плацебо+ремдесивир» комбинациясымен ем алған 518 адамға қарағанда «барицитиниб+ремдесивир» схемасымен емделгендер (515 сырқат) жақсы нәтиже беріп, ем тиімді болған. Ал сол елдің Regeneron Pharmaceuticals фармкомпаниясы антиденелерден (аборт эмбриондарының жасушаларынан алынған) тұратын коктейль сұйығын (REGN-COV2) президент Д.Трамп ковидпен ауырғанда пайдаланып, санаулы күнде оның айығып кетуіне мүмкіншілік жасады. Әзірге зерттеу, салыстыру, зерделеу әлемнің көптеген клиникаларында тынымсыз жалғасып жатыр. Бірақ әзірше көңіл көншітетін, жақсы емдік нәтиже беретін ем-дом, өкінішке қарай, әлі жоқ.

Нұр-Сұлтандағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы төрағасының орынбасары Махаббат Бекбосынова ковид туралы өз пікірін былай түйіндейді: «Пандемия алғаш белең ала бастағанда, дәрігерлер науқастардың 80 пайызы инфекцияның жеңіл түріне шалдығатынын айтса, қазір мамандар COVID-19 әр адамға әртүрлі әсер ететінін және салдары да бар екенін анықтаған. Инфекция жай ғана иіс сезу қабілетін жоғалтқандар мен сәл қызуы көтерілгендерге де, оның жеңіл түріне шалдыққандарға да әсер етпей қоймайды. Постковидтік синдром (аурудан жазылып шыққаннан кейінгі кезең) науқас сауықты деп есептеліп, ауруханадан шыққаннан соң екі-үш айдан кейін білінеді екен. Яғни адам өзін жақсы сезінеді және ауруханадан шығарылады. Өзін сау деп санап жүрген адам кенеттен осындай белгілерді байқай бастайды. Олар адамның ағзасы сауыққан және жағдайы қалпына келтірілген кезде де пайда бола береді».

Сөйтіп, коронавирус тек өкпеге ғана зардап келтірмей, орталық жүйке жүйесіне, ішкі ағзаларға және т.б. әсер ететіні белгілі болды. Астың дәмін сезінбеу, әлсіздік, тершеңдік, ұмытшақтық, буын-сүйектердің сырқырауы, күйзеліс-депрессия, ұйқысыздық – бұл індеттің көп қырлы белгілерінің бірі. Кейбір ғалымдар COVID-19 инфекциясы белсіздікке апарып, ер азаматты ұрпақсыз қалдыруы мүмкін деген болжамдар айтуда. Сондай-ақ коронавируспен ауырған адам біраз мезгілге дейін өз ортасына ауру таратушы болып қала беруі мүмкін деген пікір бар. Сондықтан індеттен сауығып шыққан адам көпшілік жиналған жерге барудан уақытша болса да бас тартып, отбасында және жүрген жерінде бетперде (маска) таққаны артық емес. Маска сізді ғана қауіпті індеттен сақтап қоймай, жақындарыңызды, таныстарыңызды, қызметтестеріңізді ковид инфекциясынан 70 пайыз қорғайды.
Бүгіндері көптеген Еуропа мемлекеттерінде, АҚШ-та, Үндістанда және де басқа елдерде коронавирус індеті асқынып тұр. Кей мәліметтер бойынша бұл ковидтің екінші толқыны деп жариялануда. Қазақстанның COVID-19 таралуына жол бермеу жөніндегі ВАК өкілдері Еуропадағы коронавирус инфекциясын жаңа жұқтыру жағдайларының 80 пайызына мутацияланған коронавирус себеп екенінен хабардар етті. Ақпарат бойынша бұл осы көктемде және жазда бүкіл әлемді құрсап алған вирустан өзгеше. Вирустың жаңа түріне «20A.EU1» атауы берілді. Болжам бойынша гендік мутация Испанияда маусымда пайда болып, Еуропаға оралған туристермен бірге таралған. Испаниялық генетик Иньаки Комас вирустың таралуы коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың бұқаралық іс-шараға қатысуынан басталды деп болжайды. Ғалым вирустың одан әрі тез таралу себебін Испанияда демалып жатқандардың карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтамауынан болды дейді.

Жаңа мутацияның жұқпалылығы және аурудың ағымы тұрғысынан қауіптілігі әлі белгісіз. Бұған дейін АҚШ-та осыдан да агрессивті D614G деп аталған SARS-CoV-2-нің мутациясы анықталған болатын. Коронавируспен ауырғандардың ағзасында вирусқа төзімді антидене түзіледі. Алайда ғалымдар оның қанша уақытқа дейін шыдамды екенін дөп басып айта алмай отыр.

Инфекцияның түріне байланысты түзілетін иммунитет әркелкі келеді. Мысалы, адам ағзасы қызылша вирусын өмір бойына «есте сақтайды» және бала кезде жасалған екпенің арқасында мүлдем қызылша жұқтырмайды. Алайда тұмауды (грипп) бір маусымда бірнеше мәрте жұқтыруы мүмкін екені белгілі. Өйткені оның штамдарды тез өзгерістерге ұшырап, әркелкі келеді. Сөйтіп, жыл сайын оның әртүрлі штамымен кезігіп, ауырамыз. Күз айларында оған қарсы екпе жұмыстары жүргізіледі. Соның арқасында тұмау эпидемиясы жеңіл өтеді.

«SARS-CoV-2 вирусы жақында ғана пайда болғанына байланысты оған қарсы түзілген иммунитетті зерттеу мүмкін емес» дейді ғалым-зерттеушілер. Дегенмен ғалымдар антидене кем дегенде 2-3 ай ағзаны қорғайды деп болжайды. Ал жақында ғана сынақтан өткен Ресейдің «Спутник V» вакцинасы 2 жыл бойы иммунды жауап қайтаруға қабілетті деген пікір айтылуда.

Ковидке қарсы вакцина шығаруды қолға алған АҚШ, Қытай, Ресей және де бірнеше Еуропа елдері таяу уақытта оған қол жеткіземіз деген ниетпен сынақтар өткізіп жатыр. Вакцина міне-міне таяу кезде пайдалануға беріледі деген алғашқы мәліметтер де жоқ емес. Біздің Жамбыл облысында Қордай ауданының Гвардейский қала үлгісіндегі кентінде ҚР БҒМ Ғылым комитетінің биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институты (ҒЗИ) жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Зауыт тиісті өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарты бойынша иммунобиологиялық дәрі-дәрмектер, оның ішінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцина шығаруды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда Қазақстан ҒЗИ-нің COVID-19-ға қарсы екі кандидаттық вакцинасы ДДСҰ-ның тізіміне енгізілген және клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр.

Коста-Рикада коронавируспен күресудің жаңа жолын тапты. Бұл елде жылқының антиденесінің көмегімен науқастарды емдеп жатыр. Клодомиро Пикадо (Instituto Clodomiro Picado, ICP) институтының ғалымдары жылқыларға SARS-CoV-2 вирусын жұқтырып, ондағы түзілген антиденені алған. Антиденелердің көмегімен 26 науқасқа сынақ жүргізген. Ғалымдар жылқының антиденесі арқылы басқа да дәрі-дәрмектердің жасалатынын айтады. Мысалы, жылан шаққанда қолданылатын жылқы антиденесінің негізінде жасалған у қайтарғыш бар. «Біздің өнім талай адамның өмірін құтқарып қалатынына сенеміз. Өйткені қазіргі таңда халық вакцинаға жете алмай отыр. Өзге елдер секілді вакцинаны сатып алуда кезекте тұрмай, өз күшімізбен дәрі жасап шығарамыз», – дейді жоба жетекшісі Альберто Алапе.

Бұған ұқсас тәжірибені Аргентина мен Бразилия да өткізіп жатыр. Ал Бельгияда жылқының орнына ламаны сынақтан өткізуде. Бұл зерттеулер нәтиже көрсетіп жатса, Коста-Рика ғалымдары Орталық Американың кедей елдерімен осы арзан емдік түрімен бөлісуге дайын екенін жеткізді. «Біз пандемия кезіндегі әл-ауқатымыз көршілеріміздің әл-ауқатымен байланысты екенін түсінеміз», – дейді Алапе.

«Ағзаның инфекция шабуылына баяу реакциясы коронавирустың негізгі «қулығы» болуы мүмкін», – дейді АҚШ вирусологы Шэйн Кротти Bloomberg-ке берген сұхбатында. «Бұл (қулық) маңызды туа біткен иммундық жауаптан аулақ болу, атап айтқанда, I типті интерферонның ерте реакциясын болдырмау», – дейді ол. «Science» журналында айтылған АҚШ ғалымдарының пікірінше, бұрын басқа ауруларды емдеу үшін қолданылған синтетикалық интерферондарды қолдану коронавируспен күресте тиімді болуы мүмкін. Зерттеулер көрсеткендей, кейбір пациенттерінде интерферон реакциясы генетикалық ауытқулардың салдарынан немесе интерферонның өзіне шабуыл жасайтын қалаусыз антиденелердің әсерінен нашарлаған. Сонымен қатар ғалымдар интерферонға шабуыл жасайтын антиденелерді тапқан науқастардың 94 пайызы ер адамдар екенін анықтады. «Бұл сондай-ақ ерлердің ауруды әйелдерге қарағанда неғұрлым ауыр өткізетінін түсіндіруге көмектеседі» деп жазады Science. Бұл зерттеуге Нимегендегі Радбо университетінің медициналық орталығындағы геномдық технологиялар мен иммуно-геномика тобының жетекшісі Александр Хойшен де анықтама берді. Ол «интерферонды қолдану аурудың бастапқы кезеңінде ғана COVID-19-ға қарсы күресте көмектеседі» дейді. Басқа жағдайларда, инфекцияның ағымы және науқастың қалпына келуі уақытқа байланысты болады.

Коронавируспен ауырғандардың көбі ұзақ уақыт бойы өзін әлсіз сезініп, тез шаршап, ұдайы жөтелетінін, демігетінін, оған қоса есте сақтау қабілетінің нашарлағанын байқайды. Мұны дәрігерлер Covid-19-дан кейінгі синдром деп айтады. Covid-19 ауыр түрінен емделгендерге ауруын асқындырып алмау үшін қалыпты өмірге оралуға асықпау қажет. Бастапқыда белгілі бір уақыт жаяу жүріп, таза ауамен демалуға кеңес беріледі. Өйткені коронавирус-пен ауырған науқастардың көбі жазылған соң эмоционалды тұрғыдан әлсіз болады. Артық ойлар мазалап, ұйқы бұзылады. Артық ойдан арылу үшін жағымсыз жаңалықтарды көруді тыйған жөн. Әлеуметтік желі, теледидар, интернет секілді ақпараттың негізгі көздеріне шектеу қойған дұрыс. Оның орнына жақындарыңызбен сөйлесіп, пайдалы әдеби кітаптар оқып, қызық фильм көру орынды деп есептейді ғалымдар.

Сырқаттан кейін күш-қуатыңызды қайта қалпына келтіру үшін ақуызға бай тамақ ішіп, көбірек таза су ішкен орынды. Оған қоса, рационыңызға құс және балық етін қосқан да пайдалы. Сүт өнімдері де күш-қуаттың жылдам қалпына келуіне ықпал етеді. Сондай-ақ сүт өнімдері иммун жүйесін күшейтетін ішек микрофлорасына жақсы әсер етеді. Ғалымдардың айтуынша, ана сүті нәрестені коронавирустан қорғайды екен. Мүмкін, солай да болар. Жас балалар бұл қатерлі аурумен сирек ауырады.

Ауру тарағаннан бері халық арасында желдей ескен сан түрлі әңгіме көп. Неше түрлі ұсыныстарды естисіз. Біреулер негізгі тамаққа қосып шөп дәрілерді ішуге, лимон, зімбір, сарымсақпен қатар қарақат және де басқа жеміс-жидектерді көбірек пайдалануды ұсынса, екіншілері көк шайдың және де басқа өсімдіктер тұнбасының, шырындардың пайдасын айтуда. Коронавирус қатты зақымдайтын өкпеге жүзім мен жидектер аса пайдалы. Джонс Хопкинс атындағы университеттің ғалымдары 10 жыл бойы 463 адамның өкпесін бақылаған. Олар тәжірибе барысында не ішіп-жейтінін айтып отырған.

Нәтижесінде жидектер мен жүзімді көп жеген адамдардың өкпесі әлдеқайда сау болып шыққан. Бұл жеміс-жидектердің құрамында қабынудың алдын алуға көмектесетін антиоксиданттар мол екен. Сол үшін де көбірек жүзім мен жидектер жеуге тырысыңыз. Оның жас, құрғақ не тоңазытылған болғаны маңызды емес. Ал таңқурай, құлпынай, қаражидек пен қара бүлдірген тек өкпеге ғана емес, жүрек жұмысына да пайдалы екен.

Коронавирустың, сондай-ақ тұмау вирусының белсенділігін тежейтін ең тиімді өнім қара қарақат (арония) шырыны болды, ол адам ағзасындағы коронавирустың 97 пайызын жояды екен. Анар шырыны да вирусқа қарсы күшті әсер етеді. Онымен тамақты шаю арқылы COVID-19 қоздырғыштарының 80 пайызына өлтіруге болады мыс. Сондай-ақ неміс ғалымдары көк шай мен ақжидек шырынының вирусқа қарсы әсері жақсы екенін анықтады. Сарапшылардың пікірінше, әсер вирусты жойып жіберетін қышқыл орта мен өсімдік полифенолдарына байланысты екен.

Ресейлік вирусолог Алексей Аграновский «көк шай, аскөк және анар шырынын коронавирустың нақты емі деп санауға болмайды» дейді. Оның айтуынша, мұндай халық емі, шөптерден жасалған дәрілер вирусқа қарсы пайдалы емес. «Адам ағзасында ештеңе вирусқа қарсы әсер етпейді, ондай құрал жоқ. Мұндай «ем» деп аталатын өсімдіктер мен дәрі-дәрмектер жалған үміт сыйлайды», – дейді ол. Ол сонымен қатар пайдалы микроэлементтер мен дәрумендерге бай табиғи өнімдер иммунитетті көтеретінін, бірақ вирустарды жоюға ешқандай шырынның күші жетпейтінін атап өтті.

Бұған дейін Германиядағы Ульма университеті медицина орталығы молекулярлық вирусология институтының қызметкерлері аскөк шырыны коронавирустың ағзадағы белсенділігін төмендетіп, оның қоздырғышын 79 пайызға төмендететінін айтқан. Зерттеушілер басқа табиғи шырындар, көк шай мен өсімдік полифенолдарының әсерінен аурудың күшін әлсіретуге болады деп есептеген еді. Теледидардан, әлеуметтік желілерден, басылымдардан коронавирус туралы мәліметтер, ұсыныстар аз емес. Олардың жетегінде кетуге әсте болмас. Өйткені бұл індеттің жұмбақ, құпия жақтары әлі де мол. Болжамдар, ойлар, пікірлер де жеткілікті.

Ковид иммундық жүйені бұзатыны белгілі. Иммунитетті қалай көтеруге болады?

Өкінішке қарай, иммунитетті сіздің денеңіздегі деңгейден жоғары көтеру қиын. Бірақ сіз оған оңтайлы деңгейде жұмыс істеуге көмектесе аласыз. Көптеген адамдар үшін жақсы иммунитеттің негізі – дұрыс тамақтану, жаттығу және дұрыс ұйқы. Фастфуд, майлы және тәтті тағамдардарды көп тұтынбаған жөн. Спортпен барынша терлеп-тепшіп шұғылдану да мақсат емес. Бастысы, күн сайын 10-15 минут уақытыңызды бөліп, жаттығулар жасап тұрғанның өзі жеткілікті. Түнде уақтылы ұйықтап, күндіз сергек жүріңіз. Ол үшін көбіне 6-8 сағаттық ұйқы пайдалы. Шамадан тыс өзіңіздің орталық жүйке (нерв) жүйеңізге салмақ түсіре бермеңіз. Ол кімді болмасын қажытып, шаршатып, күш-дәрменіңізді азайтады. Иммунитетімізді дәрумендермен нығайтып отырған жөн.

Сырқаттан кейін қалыпқа келу біраз уақытты қажет етеді. Қазір әр өңірде ковидпен ауырып шыққандарды қалпына келтіру, оңалту орталықтары ашылды. Оларда барлық қажетті жағдай жасалған. Реабилитолог-дәрігерлермен қатар маман-инструкторлар еңбек етіп, әртүрлі аппарат-құралдармен жабдықталған тренажер залдарында жаттығулар жасатып, диеталық асханада құнарлы тамақ ішіп, денсаулықты түзеуге болады. Мүмкіншілік тауып, сол оңалту орталығында ем-шаралар алған кісі ауру салдарынан болған зардаптан қысқа мерзімде құтылуына мүмкіндік мол.

Әлемді жайлаған COVID-19 індетінің беті, өкінішке қарай, әзірше қайтар емес, ушығып тұр. Дүниежүзі қатерлі індетпен күресуге бар мүмкіндігін салуда. Солардың қатарында біздің Қазақстан да бар. Әйтсе де, «Сақтансаң, сақтаймын!» дегендей, ауру жұқтырмау азаматтардың өздеріне тікелей байланысты екенін естен шығармайық. Карантиндік талаптарды әрбір азамат түсіністікпен қабылдап, олардың тәртібін барынша сақтаса, бұл ауыр індеттен, пандемиядан, оның әкелетін зардаптарынан көп уақыт өтпей құтылар едік. Әттең, олай болмай тұр. Жаһанды шарпыған жаман індет дендеп тұр. Басты себеп – көпшілік әлі де бұл ауыр індеттің қатерлі жағын түсінбей, енжарлық танытып, қауіпті сезінбей, одан қорғану шараларына салғырт, бейқам, бейжай қараудан арыла алмай келеді. Сөйтіп, өз қауіпсіздігіміз өз қолымызда екенін естен шығарып жүрміз. Бар жауапкершілік өзімізде екенін ұмытпайық!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.