Қалалық қоғамдық-саяси газет

Былдырлағанның бәрі еркелік емес

0 32

Бүгінгі қоғамда бала тілінің кеш шығуы қалыпты құбылысқа айналғандай. Тіпті тіл мүкісі бар немесе тұтығып сөйлейтін балалардың саны күн санап артуда. Бұл жағдай ата-аналарды ғана емес, дәрігерлердің өзін қатты алаңдатып отыр. Баласының кекештеніп, дыбысты дұрыс шығара алмауынан перзенттерін мектепке бере алмай отырған ата-аналар да аз емес. Сонда мұндай жағдайда не істемек керек? Тіл мүкістікті қалай жоюға болады?

Жалпы мамандар бала тілінің кеш шығуын жүктілік кезінде анасының күйзелісте болуы, тұқым қуалаушылық, таңдай не ерінде жырықтың болуы, дыбыс шығару жүйесінің дұрыс жұмыс істемеуі, ауыз қуысы бұлшық еттеріндегі ақау, әке-шешесінің баламен сөйлеспеуі, қатты қорқып қалу немесе өзге ауруларға қолданған дәрі-дәрмектің әсерімен байланыстырып жатады.

 Әлбетте, балаға жақсы да, жаман да құрсақта жатқанда құйылатыны белгілі. Баланың сөйлеу қабілетінде болатын ақаулар да сол кезден бастау алуы мүмкін. Логопедтер бала тілінің уақытында шықпауы көп жағдайда ата-анаға байланысты екенін айтады. Себебі ата-ана бала тілін қызық көріп, олар қате дыбыстаған сөздерді қайталап, бала тілін бұзып жатады екен. Тіпті мұндайды «еркелік» деп көретіндер де аз емес. Керісінше, әке-шеше баласының шығарған әр дыбысына мұқият қарап, қате сөздерін нақты дыбыстап балаға жеткізуі керек. Мамандар бала бес-алты айдан бастап өзге адамдардың қимылдарын қайталайтын қабілетке ие болатынын айтады. Сондықтан баламен әңгімелескенде айтқан сөзге ғана емес, әрбір қимылға да мұқият болған абзал.

 Білікті логопед Гүлжәмила Әбдірайымованың айтуынша, бала тілінің өз уақытында шығуы үшін бірнеше тәсіл бар екен.

 – Сәбиге жарық дүние есігін ашқаннан бесік жырын айту қажет. Бұл баланың есту қабілетімен қатар, түйсігін де дамытады. Бесік жырында жуан-жіңішке, еріндік-езулік, ашық-қысаң, қатаң-ұяң, үнді сынды дыбыстардың барлық түрі қамтылған. Әрбір дыбыс түрін есту арқылы бала анық сөйлеуге бейімделеді. Сондай-ақ баламен көп әңгімелесу арқылы да оны еркін сөйлеуге дағдыландыруға болады.

Баланы бір жастан асқанша оны омыраумен емізуге шектемеу маңызды. Ана сүтін емген бала сору кезінде ауыз қуысындағы бұлшықеттері тез дамиды. Ал бала емізіп отырып анасы бесік жырын айтса, тіпті пайдасы зор. Өйткені бұл уақытта бала мейірімге бөленіп, өзін қауіпсіз әрі жайлы сезініп, ақпаратты тез қабылдайды.

Баланы ұрып-соғудан мүлдем аулақ болу керек. Бұл психикалық ауытқуларға әкеледі. Ал психикалық ақауы бар балалардың әдетте тұйықталып, сөйлеу дағдысы бұзылатыны белгілі.

Балаларға сүйек немесе құрт мүжіту де өте пайдалы. Бала қалыпты тамақ жеу дағдысына көшкеннен кейін оның ауыз қуысындағы бұлшық етті одан әрі жаттықтыру қажет. Міне, осы кезде бала сүйек не құрт мүжісе, оның бұлшық еттері тағы дами түсіп, дыбыстарды дұрыс шығарады. Егер ата-ана осы алдын алу шараларын жасамаған болса, онда бала тілін шығару үшін логопед мамандарға жүгінгені абзал. Әйтпесе, баланың кекештенуі немесе тұтығып сөйлеуі өмір бақилық дертке айналып кетуі мүмкін, – дейді Гүлжәмила Әбдірайымова.

 Әрине, тәжірибелі логопед маманның сөзі орынсыз дей алмассың. Алайда маман берген кеңесті қазір ата-аналардың дені ескере бермейтіні белгілі. «Сүт шықпады» деп омыраумен емізбейтіні былай тұрсын, балаға бесік жырының орнына телефонмен шетелдік әндер тыңдатып қоятын әке-шеше аз емес. Ал балаға сүйек мүжіту ұмыт қалғалы қашан?! Кезінде көненің көздері – қарияларымыз немерелерін қасына алып, сүйек тістетіп отыратын болса, қазір еттің орнын түрлі химиялық қоспадан жасалған тағамдар алмастырды. Тіпті, есейсе де ет жемейтін балалар аз емес. Себебі оларға жастайынан еттің қуаты мен қадірін түсіндірген, соған дағдылаған ата-ана болмаған.

Баласының тұтығып сөйлегеніне алаңдаулы ананың бірі – тараздық тұрғын Әсел Айменова. Ол баласын логопедке қанша апарса да, көңіл толарлық нәтиже шықпағанын айтады.

 – Баламның алғашқы сөз дыбыстауы дұрыс-ақ болып жүрген. Бір күні ол тұтығып сөйлейтінді шығарды. Дереу дәрігерге апарып едік, жүйке жүйесіне бір жағдай әсер еткенін айтты. Содан баланы невропатологқа апардық. Алайда ол дәрігер баланың жүйке жүйесінде ешқандай ауытқудың жоғын айтты. Сұрай келе мамандар логопедке апаруға кеңес берді. Қабылдауына жазылып едік, арнайы курстан өту қажеттігін айтты. Ал бір айлық курсы 75 мың теңге тұрады екен. Күніне 1 сағаттық емін алғаннан кейін қосымша тағы жаттығуы бар. Оған бөлек 25 мың төлейсің. Сонда бір балаға 100 мың теңге төлеуге тиіссің. Балаңнан неңді аясың? Бір ай емес, жарты жылдық курсын алдық. Алайда көңіл толарлықтай нәтиже болмады. Логопедінен неге нәтиже болмай жатқанын сұрап едік, олар ешқандай кепілдік бермейтіндерін айтты. Жарты жыл босқа әуреленіп, одан қалса шығындалғанымызға ішім ашып, басқа логопедке апарып едім. Олар да ешқандай кепілдік бермейтіндерін алға тартты. Болмаған соң баламды түрлі әдет-ғұрыптармен емдеп көрдім. Бірақ одан да нәтиже болмады.

Тұтығып сөйлегенінен балам ұялып, «мазақтайды» деп көрші балалармен де ойнаудан қалған. Содан биыл баламды мектепке берейін бе, бермейін бе деп сан ойландым. Мектеп жасына келіп отырғандықтан, жолдасым екеуміз қатарларынан қалдырмайық деп 1 қыркүйек күні мектеп табалдырығын аттатқыздық. Мұғаліміне барлық жағдайды ескерттік. Енді жағдай қалай болар екен деп баламыздың қадамына үмітпен қарап отырмыз, – дейді ана.

Иә, осылайша баласының болашағына алаңдаулы ана логопед мамандарға деген өкпесін жасырмады. Бір жағынан, логопедтерді де кінәлауға болмайтын шығар. Олардың емі әр балаға әрқалай әсер етуі мүмкін ғой. Алайда жарты жылда бала тілінде түймедей болсын бір өзгеріс болмады деу ойландырмай қоймайды.

 Әсел Айменова айтқан қазақы ырым-жоралғыларды жасайтындар да қазір өңірде көп екен. Қала тұрғыны Самат Төлеудің айтуынша, олардың жанұясы да осы ырымдардың барлығын жасап шығыпты.

 – Баламды логопедтерге сан апарғанымен айтарлықтай нәтиже шықпағандықтан, қазақы ырымдарға жүгінуге тура келді. Ең алдымен нағашылары жаңа сойылған малдың ішегімен қылқындырды. Алайда одан бала шоши түскендіктен, апасы дүкенге апарып қалаған затын алып беріп, дүкеннен аяғымен кейін шығарды. Бұл байырғы ырым болғанымен, одан да бала тілі шыға қоймады. Содан біреулер қала шетінде баланың басына қорғасын құятын қарияның барын айтты. Оған іздеп барсақ, үйінің алдында ұзын-сонар кезек. Әйтеуір кезегімізді күтіп кірген едік, баламыздың бас жағына су құйылған ыдысты қойып, соған тамшылатып қорғасынды құйды. Тарсылдап тамған қорғасын дауысы бала жүйкесіне әсер етуі керек екен. Әлгі қария тағы бірнеше күн келуіміз керегін ескертіп қайтарғанымен, тағы бір жеті жүріп құйдырған қорғасынымыздан да түк шықпады. Енді не істерімізді білмей отырмыз. Балам мектеп жасына келіп отырса да биыл мектепке бермеймін деп шештім. Себебі ұлымды сыныптастары мазақтап, кекетсе, тағы жағдайы ауырлап кете ме деп алаңдап отырмын. Қазір баламды басқа облысқа немесе өзге мемлекетке апарып көрсетсем деген жоспарым бар, – дейді Самат.

Шыны керек, бала тілін шығару үшін мал ішегімен қылқындыру ырымын көп естігенімізбен, дүкенге апарып артымен шығару, төбесіне ыдыс қойып, қорғасын құю деген секілді ырымдар таңсық дүние екен. Алайда одан да көп нәтиже шыға бермейтінін ата-аналардың өздері айтып отыр.

 Жалпы бұл балалар медицинасына келгенде әлі де болса ақсап тұрған тұсымыз аз емес екенін айғақтауда. Әсіресе, баланың жүйке жүйесінде, психологиясы бағытында көп жұмыс істеуіміз қажет екенін көрсетіп тұр. Мүмкін логопед мамандарымызды өзге мемлекеттердің тәжірибесін танып келу үшін арнайы оқуға жолдау керек шығар. Әйтпесе, әр бұрыштан орталық ашып алған логопедтерден оң нәтиже шықпай отырғанын ата-аналардың шырылы дәлелдеуде. Сондай-ақ логопедтердің де жұмысын бір зердеден өткізу керек-ау. Сонда біліктілері қалып, қалғандары нарық медицинасынан өздігінен сырғып қалып қояды. Әйтпесе, ел болашағы саналған балаларымыздың денсаулығына кім көрінген «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп ем айта беретін болса, мұның арты жақсылыққа апармайтыны айқын.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.