Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады»

Қаңғыбас иттердің саны неге азаймай тұр?

0 267

Қазіргі кезде қалада қаңғыған ит көп. Кезбе иттер көбіне азық іздеп, күл-қоқыс тасталатын орындардың айналасында жүреді. Адамдар көп шоғырланған жерге әуес келеді. Ең қорқыныштысы, олар жаяу жүргіншілерге, әсіресе балаларға үлкен қауіп төндіріп отыр.

Ең сорақысы сол, бұрындары көше кезіп, аула аралап жүретін олар онымен қоймай, қазір саябақтарды паналап, тіпті орталық алаңдарды тұрақты мекені етіп алған.
Жалпы қаламыздағы көше кезген қаңғыбас иттер мәселесі өзекті тақырыпқа айналғанына көп болғанымен, әлі күнге дейін төртаяқтылардың санын азайту, олардың бейберекет көбеюінің алдын алу сынды сан мәселенің шешімі табылмай отыр. Нәтижесінде, тұрғындар тарапынан келіп түсіп жатқан арыз-шағым да, әлеуметтік желілерде жазылып жатқан сын-пікір де көп.
Мәселен, жуырда редакциямызға хабарласқан «Шалғай Қарасу» алқабының бір топ тұрғыны күн ұясына батысымен көшеге шығудан қалғандарын айтады. Бұралқылар мектептен қайтатын балаларының балағынан қаппасы үшін оларды өздері апарып, өздері алып қайтудан басқа амал таппаған. Соның өзінде топтасқан жабайы иттер ересек адамдардың өзіне шабатын көрінеді.
– Бұрындары қала ішін аралап, ит аулап жүрген арнайы қызмет көліктерін көзіміз шалып қалушы еді. Соңғы жылдар бедерінде ондай мамандар мүлдем көрінбей кетті. Салдарынан көше кезген салпаңқұлақтар қаптап барады. Бұлай кете берсе, балалар түгілі, өзіміз сыртқа шығуға сескенетін боламыз-ау, – дейді қарасулықтар.
Тұрғындардың айтып отырған шағымы орынды-ақ. Жер үйлер орналасқан қаланың шет аумақтарын айтпаған күннің өзінде, ықшамаудандардың тұрғындары да иесіз төртаяқтылардан зәбір көріп келеді. Әсіресе аулалар мен мектептердің маңында орналасқан қоқыс жәшіктерінің айналасын торуылдап, шықпайтын қараусыз жануарлар жанына жолағанға бас салудан тайынбайды. Олай дейтініміз, 2022 жылы қалада иттер шабуылының 1,5 мыңнан астам дерегі тіркелген. Ал өткен жылы 1 656 адамды ит қапқан. Осылайша хакім Абай атпақшы, «Күшік асырап, ит еттім, Ол балтырымды қанаттының» керін кешіп жүрміз. Бұл ретте «Жөнсіз кеткен жануардың көбеюіне кім жауапты?» деген сұрақтың туындауы орынды.
Облыс орталығындағы қаңғыбас иттерді аулаумен Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасына қарасты облыстық ветеринариялық станциясы айналысады. Аталмыш мәселенің мән-жайын, мекеме жүргізіп отырған жұмыстың нәтижесі көзге көрінбеуінің жай-жапсарын білмек мақсатта біз кәсіпорын директорының орынбасары Сәкен Нұржаубаевпен тілдескен едік.
Сәкен Әбілханұлының айтуы бойынша, өткен жылы қаладағы қаңғыбас жануарларды аулау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілген. Қазіргі уақытта мекемеде бұралқы иттерді аулаумен әрқайсысы 2 қызметкерден тұратын 3 бригада айналысады екен. Нәтижесінде, өткен жыл ішінде шаһар аумағында 15 346 ит ауланған. Оның ішінде 9 909-ы агрессивті қылық танытып, қауіпті деп танылған. 546-сы уақытша ұстау орнына жіберілген. Алайда аталған ауқымды жұмысқа қарамастан жабайыланған жануардың саны азаймай, жағдайды бақылауда ұстау мүмкін болмай тұр. Бұл тұрғыда ветеринариялық станция басшылығының айтатын уәжі бар.
– Бұған бір емес, бірнеше себеп бар. Әуелі тұрғындардың «ит аулау бригадалары көрінбей кетті» деген пікіріне жауап бере кетейін. Жоғарыда атап өткенімдей, қала аумағында 3 бригада жұмыс істеп жатыр. Қолданыстағы заңнама бойынша қазір иттерді атуға тыйым салынып, тек әрекетке қабілетсіз ететін, дозаланған препараттарды қолданатын пневматикалық қару, торлар, тор-қақпандар, сондай-ақ жануарларды аулау кезінде оларды өлтірмейтін басқа да құралдар және құрылғылармен ұстауға рұқсат берілген. Алайда мұндай шараларды тұрғындардың, әсіресе балалардың көзінше жүргізуге болмайды. Өйткені мұндай әрекет олар үшін стрестік жағдай тудыруы мүмкін деп саналады. Сол себепті біздің мамандар елден «тығылып» түнде немесе таң ата, адам аяғы сирек кезде жұмыс істейді.
Екіншіден, ит аулаушы мамандардың айлығы өте аз. Оның үстіне ұсталған иттің аяқасты иесі «табыла кетіп», полицейлер біздің қызметкерлеріміздің өзіне айыппұл салып жатыр. Жуырда қала аумағында қарғыбаусыз жүрген итті ұстау кезінде сол маңның тұрғындарының бірі біздің мамандардың үстінен шағым түсіріп, қызметкеріміз айыппұл арқалап кетті. Айта берсек, мұндай жағдайлар өте көп.
Енді қарап көріңіз, 80 мың теңгеге жұмыс істеп, оның жартысынан көбін айыппұлға төлейтін болса, мұндай жерде кім жұмыс істегісі келеді? Осыдан келіп, бұл қызметте кадр тұрақтамай отыр. Жаңадан жұмысқа тұрған азаматтар бір апта ғана істеп, мұндай қызметке «рақметін» айтып кете барады, – дейді С.Нұржаубаев.
Станция директоры бұралқы иттердің азаймай тұруына тағы бірнеше себеп бар екенін де жасырмады. Оның берген мәліметтері бойынша, Тараз қаласында заң бойынша жануарлардың иелеріне қойылатын талаптардың сақталуына қадағалау болмай отыр екен.
– Кез келген жануардың тістеуі жарақат болып саналады. Ал жараланған адам травмотология бөліміне жүгінетіні белгілі. Ереже бойынша, травмпункте зардап шеккен азаматтан полиция қызметкері түсінік алуы қажет. Егер жарақат жануардың шабуылы салдарынан алынғаны анықталса, бұл деректер санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына, одан кейін ветеринариялық станцияға жолданады. Ары қарай жарақаттанған азаматты қапқан иттің құтыру ауруына шалдыққан-шалдықпағаны тексеріліп, оның иесі анықталады. Жоғарыда айтқанымдай, өткен жылы 1 656 адамды ит қапқан. Оның 797-сінің иесі бар. Біздегі мәлімет бойынша, ол жануарлардың иелеріне ешқандай шара қолданылмаған. Бұл – бір.
Ендігі мәселе – 2022 жылдың 2 наурызында «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заң өз күшіне енгені белгілі. Аталған заң бойынша 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап үй жануарларын есепке алу міндеттелген болатын. Тараз қаласында жалпылама есептегенде 400 мың адам бар дейік. 2 адамға 1 иттен келеді дегеннің өзінде облыс орталығында 200 мың ит бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қалада тек 1 715 ит қана ресми тіркеуден өткен. Ал жоғарыда адамға шабуыл жасаған жануарлардың ешқайсысы тіркеуден өтпеген. Бұл іске қаладағы 11 аумақтық округтің инспекторлары да атсалысайын демейді. Олар тұрғындарға бұл жайттың маңыздылығын түсіндірсе, келеңсіз жағдайлар едәуір азаяр еді.
Біздің қолымызда жануарларды ұстаудың талаптарын бұзған, ит-мысығын далаға тастап кететін мұндай жауапсыз азаматтарға шара қолданатын өкілеттілік жоқ. Осындайда ит аулаушыларға айыппұл салатын полиция қызметкерлері мұндай деректерді біле тұрып, неліктен ит иелерін жауапқа тартпайды?
Қоғамдық орынды ластауға, рұқсат етілмеген жерге автокөлігін қоюға тыйым салып, бұл талаптарды сақтамағандарға айыппұл салынып еді, заң бұзатындар еселеп азайды. Ит-мысықтарын ұстау талаптарына пысқырмайтындарға да осылай айыппұл арқылы жазаламасақ, қаңғыбас иттер мәселесінен ешқашан арыла алмаймыз, – дейді Сәкен Әбілханұлы.
Ветеринария саласы мамандарының базынасы мұнымен де аяқталмайды. Олардың айтуынша, көшедегі иттердің барлығы – кезінде үй жануары болып, иесіне керексіз болғаннан далада қалғандар.
– Білетін болсаңыздар, иттер 2 ай сайын 7-8 күшіктен туады. Жаңа туған күшік 3 айдан соң ұрпақ таратуға жарамды болады. Осылайша 2 ай сайын қала ішінде қаңғыбас иттер саны бірнеше есеге өсіп отырады. Тұрғындарымыз бейберекет қоқыс тастауын қоймайынша, «Жасыл ел-Тараздың» қызметкерлері көшені күніне қанша рет тазаласа да, қаламыз тазармайды. Сол секілді, тараздықтар ит-мысықтарды далаға тастауын қоймай, біз оларды қанша ауласақ та, санын азайта алмаймыз.
Содан соң үйінің маңында жүрген ит-мысықты тамақтандырып, сол маңға үйір қылып алған тұрғындар бар. Кез келген жануар тамақ ішетін жерін қорғау үшін адамға шабатыны белгілі. Осыдан келіп, ит қапқандар саны көбейіп отыр.
Мектептердің айналасында да осындай мәселе. Білім ошағынан шыққан тамақ қалдықтары жақын жердегі қоқысқа төгіледі де, қасынан өткен балалардан асын қызғанған бұралқылар оларға бас салып қоя береді. Біз қаладағы мектептерге осындай аумақтарға қою үшін арнайы тор-қақпандар таратып берген едік. Өкінішке қарай, мектеп басшылығы оларды пайдаланбай отыр. Өткенде осы бағыттағы жұмыстарды бақылап қайтпақ болып, мектептердің біріне барсам, қақпанымыз қаңтарылып қоймада тұр. Бұдан кейін қаңғыбас иттерді қалай азайтпақпыз?
Жалпы біз «Жамбыл 109» диспетчерлік қызметіне түскен өтініштер негізінде жағдайды дереу назарға алып, арнайы бригаданы жібереміз. Өткен жылдың өзінде «Жамбыл 109» арқылы 5 365 өтініш түсіп, оның 5 335-і орындалды, – дейді облыстық ветеринариялық станциясы директорының орынбасары.
Алайда бұл айтылғандармен тұрғындардың барлығы бірдей келісе бермейді. Мәселен, «Қаратау» (2) шағынауданының тұрғыны Самат Тілеужан «Жамбыл 109» қызметіне неше рет өтініш берсе де, ит аулау қызметінің мамандары әлі күнге дейін бірде-бір рет келмегенін айтады.
– Қыс болған соң күн ерте батады. Бірде 3-сынып оқитын ұлым үйге қорыққаннан көзі шарадай болып, жасы саулап жылап келді. Сөйтсем, мектептен шыққаннан үйге дейін иттер қуған екен. Содан бастап баламды өзім алып барып, алып келіп жүрмін. Кейде иттер «кет»-ті де түсінбей жатады. Амал жоқ, қолға тас, таяқ алып жүреміз. Ал жуырда Т.Рысқұлов көшесіндегі аялдамада қоғамдық көліктен түскен, қолында азық-түлік салынған сөмкесі бар жасы келген анамды да мектеп маңынан Әл-Фараби көшесіне дейін бір топ ит қуып келген. Қаңғыбас иттер әбден қажытқан соң «Жамбыл 109»-ға хабарластым. Жауап болмағаннан кейін тағы да бірнеше рет өтініш қалдырдым. Кері байланысқа шыққан ешкім болмады. Осылайша қазір бұл қызметке деген сенімнің жұрнағы да қалмады. Иесіз иттерден тұрғындар өзіміз болып қорғанбасақ, арнайы қызметтерден қайыр жоқ секілді, – дейді тараздық тұрғын.
Осылайша жауапты мамандар мен тұрғындардың пікірі қақ жарылып отыр. Ветеренариялық станция қызметкерлері жағдайға қолдың қысқалығы мен тараздық жануар иелерінің жауапсыздығы себеп болып отыр десе, бұралқы иттерден зәрезап болған азаматтар олардың қызметтерін өз деңгейінде орындамайтынына қапалы. Қалай болған күннің өзінде де бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе әрекет етпей, бұл мәселенің түйіні жақын уақытта тарқамайтыны анық. Естеріңізде болса, өткен жылы аймақта бірнеше мәрте тұрғындардың итке таланғаны туралы ақпарат ғаламтор беттері арқылы тарап, елді шулатқан еді. Біз осылай «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» деп таласып-тартысып жүргенде, балаларымыз бен қауқары қайтқан қариялар тобыр болып кеткен төртаяқтыларға таланып, зардап шегуде. Сондықтан біз де аталған жайттың бақылауын өз қолымызға алып, баршаңызды жануарлар басын бейберекет көбейтпеуге, оларды далада қалдырмауға, тамақтандырып, үй маңына үйір қылмауға шақырамыз.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.