Қалалық қоғамдық-саяси газет

Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі

0 420

Қала көшелерінде көктем айларынан басталған жылу құбырларын ауыстыруды мердігер компания жылыту маусымына дейін аяқтайды ма? Жұмыс барысында қолданылып жатқан құрылыс материалдарының сапасы сын көтереді ме? Осы және өзге де сауалдарға жауап табу үшін қалалық мәслихаттың депутаттары мен журналистер «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары аясында басталған құрылыс жұмыстарының аяқ алысымен танысып қайтты.

Арайлым Шабденова
Суреттерді түсірген Юрий Ефимов

Жалпы Тараз қаласы жылу құбырларының ұзындығы 190 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда соның 9,3 шақырымында ескірген құбырларды қайта жаңалау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл орайда, Тараз қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясы жанындағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөніндегі комиссия шаһардың бірқатар нысандарын аралап көрді.
Комиссия төрайымы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали бастаған топ, оның ішінде қалалық мәслихат депутаты Жұмабек Бөлекбаев, Жамбыл «ГРЭС» АҚ бөлімінің бастығы, партиялық бақылау комиссиясының мүшесі Ергеш Нұрбаев, қалалық мәслихаттың депутаты Серікбол Берікқожа, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов алдымен Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді батыр, Ниетқалиев, Жамбыл даңғылы көшелерімен өтетін М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасымен танысты. Зерделеу барысында комиссия мүшелеріне «Тараз ТрансЭнерго» ЖШС-нің директоры Жақсылық Жоғыбаев жұмыстың қалай жүріп жатқандығын және орын алған олқылықтарды жан-жақты түсіндіріп берді.
Оның айтуынша, сәуір айында басталған жөндеу жұмыстары 2 аптаға кешеулеп жатыр екен. Өйткені құрылысқа қажет жабдықтар көршілес Ресей елінен алынатындықтан, тапсырыс кеш келіп, жұмысқа қолбайлау болыпты. Дегенмен мердігер компания «Корпорация ЖилСтрой-Тараз» ЖШС-нің мамандары нысанды уақтылы, яғни қазанның 15-іне дейін тапсырамыз деп сендірді.
– Біздің компанияға қарасты 8 көшенің жұмысы екі аптаға кешеуілдеп жатқаны рас. Дегенмен келісілген уақытта құрылыс жұмыстары толық аяқталады. Бүгінде 8 көше бойынша 2 мерзімде 130 адам жұмыспен қамтылған. Жұмыстың барлығын 5 қазан күні толық тапсыратын боламыз, – деді «Корпорация ЖилСтрой-Тараз» ЖШС директоры Мұхаметқали Әлімжанұлы.
Сонымен қатар комиссия мүшелері Қазыбек би және Ташкент көшелерінің қиылысында жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстарымен де танысып, ондағы бірқатар олқылықтардың барына көз жеткізді. Мәселен, мұнда қазу жұмыстары кезінде мердігер компания 1 апта бойы жұмыстың тоқтағанын айтады. Жер астына жасырылған электр сымдары қазу жұмысына кедергі келтіруде екен. Орталық көшелерді жарықтандыратын электр кабельдерінің қуаттылығы – 6000 вольт.
– «Жамбыл жарық сауда» мекемесіне тиесілі жоғары вольтті электр сымдарының кедергі келтіретіндігі туралы жоғарыға хат жаздық, әзірге жауабын күтіп отырмыз. Жұмысшылар қазу жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болса, олардың өміріне қауіп төнеді. Көшелердің тарлығынан техникалар да кіре алмайды. Электр кабельдерін жылжытайын десең, астында су құбыры бар. Бір сөзбен айтқанда ,«Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледінің» кері. Бұл туралы жоғары басшылыққа ескерттік. Дегенмен ешқандай қолдау таппадық. Жұмыстың тоқтап тұрғанына 1 апта болды. Мемлекеттік бағдарлама аясында жасалынып жатқан жұмыс болғандықтан, мерзімінде аяқтауымыз керек, – дейді «Techno Consrtuction Company» ЖШС-нің техникалық директоры Мелдихан Нұрышов.
Құрылыс жүргізу кезінде электр сымдарын техника үзіп кеткен екен. Оны көрген тұрғындар да бұл құрылыстың жүргізілуіне қарсы болып, алдымен сақтық шараларын жүргізуді өтініпті. Бүгінде құрылысқа жауапты мердігер компания ашық жатқан электр сымдарына күндіз-түні қарауыл қойғандығын да жеткізді. Бұл мәселе уақтылы шешілмесе, орталық көшені жалғайтын жылу магистралінің құрылысы уақтылы аяқталмайтын жайы бар.
Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен комиссия мүшелері одан әрі «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан №15 ықшам ауданға барып, жұмыс барысымен танысты. Өткен жылы бұл ауданнан 80 пәтерлі 1 үй қолданысқа берілсе, биылғы жылға 10 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа беріледі деп жоспарлануда екен.
– Өткен жылы 80 пәтерлі үйді толығымен қабылдап алған болатынбыз. Биыл тамыз айының соңына дейін 9 үйдің құрылысы толығымен аяқталады деп күтілуде. Оның әрқайсысы 80 пәтерлі үйлер. Жылыту маусымына, яғни шамамен қыркүйектің соңына дейін мұнда жылу беру жоспарда бар. Инфрақұрылым мәселелерінің барлығы толығымен шешімін табады. Ал көшені жарықтандыру, жол, тағы да басқа мәселелер дер кезінде шешімін табады. Ол бойынша еш алаңдаудың қажеті жоқ, – деді қала әкімдігінің құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Ғалымжан Айтқұлов.
Сонымен қатар комиссия мүшелері құрылысы аяқталған көпқабатты үйлердің құрылыс сапасын тексеру мақсатында үй-үйді аралап көрді. Сондай-ақ халық қалаулылары зерделеу барысында бұл ауданда соғылып жатқан трансформаторлық қосалқы станциялардың жұмысымен де танысты. Аталмыш жобанының мердігері «Пырақ құрылыс» ЖШС екен. Жалпы құны 1 млрд 761 млн теңге болатын нысан 3 жылға ауыспалы. Қуаттылығы жоғары электр сымдары жер астымен жүргізіліпті. Нысанға өткен жылы 150 млн теңге игерілсе, биыл 1 млрд 111 млн теңге қаражат жұмсалыпты. Жобаны толық аяқтау үшін, яғни 2020 жылға дейін 483 млн теңге игерілмек.
Партия жанындағы комиссия бұл жұмыстар аяқталғанша, нысанды толығымен назарында ұстамақ. Бастысы – сапасы сын көтеріп, айтылған уәде уақытында орындалса болғаны.
Апта басында зерделеу жұмыстарының нәтижесі «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында кеңінен талқыланды. Жиынды аталмыш кеңестің төрағасы Қайрат Жетібаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіне шығарылған «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы мен «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламаларының қала аумағында іске асырылуы туралы Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосынов хабарлама жасап, жан-жақты айтып берді. Қоғамдық кеңес отырысының соңында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында қала аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс нысанының жобалау-сметалық құжаттарға сай жүргізілуін және құрылыс жұмыстарын жүргізу кестесінің бұзылмауын, мерзімінде аяқталуын тұрақты бақылауда ұстау сынды бірқатар қаулы қабылданды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.