Қалалық қоғамдық-саяси газет

Business Lady Qazaqstan

0 290

Таразда тұңғыш рет іскер және жетістікке жеткен әйелдерді қоғамға танытуды көздеген байқау өтеді.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Қазіргі уақытта кәсібі мен нәсібін саладан тауып, бизнесте бағы жанған бикештер қатары артуда. Алайда олардың еңбегін елеп, елге таныстыру жағы кемшін қалып жатқаны жасырын емес. Міне, өткен жылы қолға алынған республикалық байқаудың басты мақсаты да осы. Кәсіпкер келіншектердің атқарып отырған тірлігін елге танытатын байқау өңірімізде 28 наурыз күні өтетін болады.


Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен жиында «Business Lady Qazaqstan» байқауының жетекшісі Сәуле Қайсар осылай деді.
– Әйелдің ең басты қасиеті тек сырт келбетінде емес, кәсібилігінде, шығармашылық белсенділігінде, зиялылығында және білімінде. Бұл байқау нәзік жандыларға бойындағы осы қасиеттерді кеңінен көрсетуге мүмкіндік бермек. Жұмыс орындарын ашып, салық төлеп, қоғамға пайдасын тигізіп отырған кәсіпкер ханымдардың барлығы да құрметке лайық. Біз осындай іскер әйелдердің жұлдызын жағатын боламыз. Бұған дейін байқау Петропавл, Ақтөбе, Шымкент қалаларында өтті. Биыл Тараз қалалық іскер әйелдер кеңесімен бірлесе, алғаш рет киелі Әулиеата жерінде өткізуді жөн санадық. Сайысқа жалпы саны 15 бизнесвумен қатысады деп күтілуде. Облыстық іріктеуден өткен үміткерлер Астана қаласында өтетін республикалық гала-байқауға қатысуға жолдама алады. «Business Lady Qazaqstan» – Батыс пен Шығыстың үздік қасиеттерін біріктіре білген, өзіне деген сенім мен іскерлігін ұштастыра отырып, пәк, табиғи сұлулықты бейнелейтін заманауи қазақстандық әйелдің үлгісі, – дейді жоба жетекшісі.


Бәсекелестіктің бәсі артып тұрған шақта нарықта ойып тұрып орын табу оңай емес. Дегенмен еселі еңбегінің арқасында өз атын брендке айналдырған арулар қаншама? Көпке үлгі, кейінгілерге өнеге болатын іскер аруларды ақтық сынға дейін байқау тәлімгерлері дайындайтын болады.
Іскер әйелдерді ынталандыратын бұл байқауға әзірге Тараздан 5 үміткер тіркелген екен. Ал байқауда жеңімпаз атанғандар Париж қаласына арнайы жолдама алмақ.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.