Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында 2025 жылға дейін мектептердегі орын тапшылылығын жоюды жүктеген еді.
– Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін, – деген Мемлекет басшысы мектеп құрылысына мемлекеттік бюджетпен бірге, жеке секторды да тартуды тапсырған болатын. Бүгінде бұл тапсырма облысымызда жүйелі түрде орындалуда. Соның жарқын мысалы – «Бурыл» алқабында ашылған «Білім бағы» мектеп-гимназиясы.
Оқу ордасының ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов, қалалық мәслихаттың төрағасы Кенжебек Олжабай қатысып, ақжарма тілектерін арнады.
200 балаға арналған білім ошағына 1-4 сынып аралығындағы оқушылар қабылданады. Мектеп 9 оқу сыныбымен, интернет жүйесімен, заманауи құрылғылармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ білім ошағында домбыра, робототехника және қазақша күрес, гимнастика, шахмат сынды спорт түрлерінен үйірмелер мен пәндік қосымша сабақтар да өтеді. Тағы бір ерекше атап өтерлігі, мектеп мемлекеттік бағдарлама негізінде балғындарға тегін білім береді.
Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар мектептің лентасын қиып, оқу ордасын аралап көрді.