Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бос уақытты қалай тиімді өткізуге болады?

0 1  179

Адамдардың көпшілігі қолы қалт еткен кезде бос уақытын қалай өткізуді білмей жатады. Кейде әр нәрсені сылтауратып, босқа өткізетіндері де бар. Психолог-ғалымдардың айтуынша, адам бос уақытын өзі қадағалап, оны қалай өткізу керектігін өзі шешуі қажет. Мәселен «Немен айналысуға болады?!» деген сұраққа психолог-мамандар «Жаныңызға жайлылық сыйлайтын хобби тауып алыңыз» деп кеңес береді. Ал соны қалай табуға болады?

Хоббидің де бірнеше түрі бар. Олардың барлығы тек уақытты тиімді өткізуге ғана емес, денсаулыққа да оң әсерін тигізеді. Олай болса, бос уақытты қалай тиімді өткізуге болады?!

Қолөнер

Күйзеліс пен көңілсіздіктен арылтатын іс – тоқыма тоқу. Тоқыма тоқыған кезде өзіңізді жайлы әрі жеңіл сезінесіз. Сондай-ақ, кесте тігу, сурет салу, экибана жасау, бисер тоқу сынды қолөнер түрлерімен де айналысуға болады. «Мұның ешқайсысы қолымнан келмейді» десеңіз әлеуметтік желіні немесе танымдық кітапты ақтарып, үйреніп алуға ұмтылыңыз.

Гүл өсіру

Көп жандар бос уақытын бау-бақшада өткізеді. Әрине, жер үйде тұратын болсаңыз, бақшаға гүл еккенге, оны жайқалтып, сәндеп өсіргенге не жетсін?! Ал көп қабатты үйде гүлдерді аса көп еге алмайсыз. Алайда, балконда шағын бау-бақша жасап алуға болады. Кішкентай гүл ыдыстарына қалаған үй өсімдіктерінің дәнін егіп, оны күтіп-баптауға кірісіңіз.

Үй жануарлары

Аквариумдағы балықтар, мысықтар, иттер, тасбақа секілді қалаған үй жануарларын асыраңыз. Оларға күтім көрсетіп, бос уақытыңызды оны асыраумен өткізіңіз.

Блог жүргізу

Ғаламтор беттеріндегі ақпараттық-танымдық порталдарға тіркеліп, блог жүргізіңіз. Өзіңіздің басыңыздан өткен қызықты оқиғаларды, ой-толғауларыңызды жазып, өзгелердің пікіріне зер салыңыз. Әр түрлі тақырыптарды қозғайтын форумдарда өзгелерге өз ойыңызбен бөлісіңіз.

Спортпен шұғылдану

Фитнесс-клубтары мен спорт залдарына барып, би, жүзу, йога, аэробикаға жазылыңыз. Достарыңызбен жиылып, спорт алаңына барып, бадминтон, волейбол, баскетбол ойнаңыз. Шеңбер айналдырып, секіртпемен жаттығу жасаңыз.
Қандай хоббимен айналыссаңыз да,ол әуелі сізге ләззат сыйлау керектігін ұмытпаңыз! Ол тек жаныңызға рахат сыйлап қана қоймай, бос уақытыңыздың қызықты өтуіне де себепші болады.

Гүлнұр Ділдәбек,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Конвергентті журналистика» мамандығының 4 курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.