Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашағыңды бесікке бөле!

0 324

Қазақ үшін сөздің де киесі бар. Барлық обал, сауаптың, кие мен иенің қадір-қасиеті тереңде деп білген. Дүние есігін ашқан сәбиді бар жамандықтан аластап бөлегені де сондықтан. Бүгіні мен болашағын бесігіне бөлеген бүгінгі қазақ жалпы бесік жайлы не біледі?

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Ақ жаулықты ана бесігін үкілеп, баламен бірге болашағын да бөлеп отырғанын білген. Бос сөзді ұнатпаған қазақ бос бесікті де тербетпеген. Әлдиімен әлемді әлдилеп, жабдығын ашық қалдырмаған. Биікке іліп, бөбектерге тілеулес болып тұратындығына сенген. Төле бидің «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген сөзіне үңілсек, барлық игілік пен ізгіліктің табалдырығы яки тәрбие басының талбесік екенін ұғасыз. Мұхтар Әуезов: «Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағылымыңды, бесігіңді түзе. Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе», – деген екен. Тұлымшағы желбіреген бөбек анасына қарап бой түзейтіні, тілін ала жүріп тәрбие көретіні, еркелеп жүріп ертеңіне ілесетіні анық. Кір шалмаған жаулығына ары мен баласының жанын түйіп жүріп жеткізетін ана атаулы қаншалықты бақытты болса, баласы да соншалықты ғажап күйге бөленіп өсері сөзсіз.

Он баласын бесікке бөлеп өсіріп, бүгінде немерелерін де тек қана бесікке бөлеп өсіруді жөн санайтын Баршакүл апайдың шаңырағына бас сұққан едім. Баласы жатқан бесікке немересін бөлеген аруана үкілі бесігін тербетіп отырып, бесіктің пайдасына тоқталды.

– Мен және менің бауырларым бесікте өсіп, жетілдік. Мен де балаларым мен немерелерімді тек қана бесікке бөлеймін. Памперсті тек далаға шыққанда, қонаққа барғанда ғана кигізбесем, немерелеріме жолатқым келмейді. Бесік баланың тазалығына өте қолайлы. Оның түбегі мен шүмегі бала дәретін жайылдырмайды. Түбектің түбіне күл салып, жиі-жиі ауыстырып отырамын. Шүмек қойдың асықты жілігінен жасалады. Аппақ болсын деген ниетпен сүтке қайнатып аламын. Ал енді бесіктегі баланың аяғы, кеудесі қатты байланатындықтан, оның қан айналу жүйесіне керісінше әсер етуі мүмкін. Сондықтан баланы бесіктен жиі босатып, жаттығулар жасап тұрамыз, – дейді Баршакүл апай.

Бесік – қазақ халқы үшін қастерлі һәм киелі мүлік. Осы орайда бесіктің жабдықтарын тізбектеп, жинастырдым. Тоқталып өтер болсам:
Ши. Бесік шабақтарының үстіне төселетін шиден тоқылған төсеніш. Түбек бекітілген тұсында ойығы болады.

Жөргек. Жұқа, талдырып басылған киіз төсеніш. Осыны кейде қаузау деп те атайды (қаузау киіз).

Құс төсек. Жөргектің үстіне төселетін, арасына құс жүні салынып қабылған жұмсақ төсеніш. Оның да түбек түсетін тұсында ойығы болады.

Кепіл. Нәрестенің жамбас тұсына, тізесіне кепіл ретінде арнайы тігілген бірнеше кішкене жастықшалар қойылады. Ол жастықшалар түбек орналасқан ойықтың төңірегіне төселеді.

Тартпа бау. Тартпа бауларды кейде таңғыш деп те атай береді, олар құр тәрізді биязы жіптен тоқылады. Немесе екі-үш қабат матаны сырып, бауларды ызып әзірлейді. Тартпаның біреуі бөленген, құндақталған нәрестенің көкірек тұсынан, екіншісі тізенің үстінен түседі. Тартпа баудың ұштары бесіктің екі жағындағы сабау ағаштарға таңылады.

Түбек. Түбек қыштан, көннен, күйдірілген саз балшықтан немесе мыс, жез қаңылтырдан әзірленеді. Қыстыгүні сыртына киіз, қайыс немесе былғарыдан тігілген қап кигізіп қояды. Түбектің түбіне сәл күл сеуіп қолданады.

Шүмек. Шүмекті ағаштан да, сүйектен де әзірлеуге болады. Ұл баланың шүмегін асықты жіліктің асық тұрған басынан ойық ойып әзірлейді. Екінші қарама-қарсы басын шорт кесіп тастап, қырларын егеп жұмырлап қояды. Қыз баланың шүмегін ескі, көп ұсталып майсіңді болған уықтың қарынан (иінінен) жасайды, ойығын ұлдікіне қарағанда сәл сопақтау етіп ойған жөн. Шүмек баланың денесіне батпау үшін қырларын тегістеп жылтыратып, зәрді сорып алмауы үшін майға қайнатып алған соң пайдалана беруге болады.

Жабу. Бесіктің көлеміне сай, жұқа матадан тігілген, кестеленген арнаулы жабуы болады. Ол бесікке бөленген жас нәрестені маса-шыбыннан, желден, шаң-тозаңнан, күн көзінен, суықтан қорғайды.

Баланың жылы ұясы саналған бесіктің бөбектің тазалығы үшін де пайдасы мол. Бұрын аналарымыз қонаққа барса, бесігін көтеріп жүретін болған. Себебі бесікке тербетіліп, таза жатып ұйықтайтын бала бесік болмаса көз ілмейді.

Бүгінгі таңда ана біткен памперске үйреніп алды. Ол, әрине, қолайлы. Осы орайда бір реттік жаялықтардың қалай пайда болғаны туралы деректерге көз жүгірттік. ХХ ғасырдың соңына таман Американың Небраска штаты, Милфорд қаласының тұрғыны Виктор Миллз есімді өнертапқыш, химиялық технология саласы бойынша отыз бес жыл «Procter&Gamble» компаниясында жұмыс істеп, тапқырлығымен атағы шыққан екен. Ол зейнетке шығып, қартайған шағында жалғыз қызынан туған жиенін баққан. Әрине, жұмыс нәрестенің тек тамағын берумен ғана шектелмейді. Сәбидің жаялықтарын қайта-қайта жуып, оны кептіру де керек. Қарт адамға қайта-қайта нәжіс тазалау да оңай емес. Сөйтіп жүргенде, оның миына «жумайтын жаялық неге ойлап таппаймын» деген ой келеді. Ақыры Виктор әлемде алғаш рет нәрестенің үлкен-кіші дәретін бойына сіңіріп алатын жаялық ойлап тауып, өзінің жиені арқылы сынақтан өткізген екен.

Иә, мұндай жаялықтар, яғни памперс ана мен бала үшін жайлы болғанымен, зияны қаншалықты екенін білеміз бе? Бұл сұрақты Нұрсұлтан қаласы, КФ UMS балаларды оңалтудың ұлттық орталығында педиатр қызметін атқаратын Ақбөпе Құдабайға қойған едік.

– Памперс нәресте денсаулығына өте зиян. Оның құрамында суперадсорбент, полиакрилатнатрий, трибутилен деген зиянды у түрлері бар. Памперстің негізгі қабаты жұқа пластикадан тұрады. Сырты суперадсорбентпен қапталған. Сұйықты сорып алып, жоқ қылады. Полиакрилатнатрий деген затты 1985 жылдан бастап медицина саласында қолдануға Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы тыйым салған. Ал трибутилен сәбидің жыныс мүшесін болашақта белсіздікке ұшыратып, бұл химикат адамның иммундық қабілетін әлсіретеді. Памперс киіп жетілген бала өзінің қалай шыжың болып кеткенін білмейді. Яғни төсекке жіберіп қоятын дертке душар болады. Мұндай жағдай қазір өте көп кездеседі. Мұның бәрі – памперстің кесірі. Памперс киіп өскен баланың қуаты қырыққа жетер-жетпесте тоқтап қалады. Ұлдың мүшесінің қалыпты өз температурасы бар. Ал памперске кіші дәретті жіберген кезде дене температурасы бірден жоғарылайды. Зәр тиген памперс қайтадан суиды. Сөйтіп, мұндай ауыспалы температура аталық бездің дамуын тежейді. Демек, табиғи қуатын жойып жібереді. Мұндай жағдай қызға да кері әсер етеді. Міне, белсіздік пен бедеулік ауруы осылай пайда болады, – деді дәрігер.
Бесіктің киесі ғана емес, памперске қарағанда пайдасы орасан екеніне ой түйдік. Ал ақын ағамыз Светқали Нұржан «Бесік қалған» атты өлеңінде:
Бала көрдік, – дейтін-ді (қаз, тәй басқан),
Ана көрдік ажалға бас байласқан,
Ақ дүлей мен қызыл өрт шарпысқанда,
Бесігін ап, қос ұлын тастай қашқан, – деген жолдарынан бесіктің қасиетін танисыз. Киесіне бас ұрасыз.
Ал ақын Әлібек Шегебай «Бесік» өлеңінде бесіктің бағасын өмірмен өлшейді:
Дегдарлығы қазақтың даласындай,
Доғалдығы тұлпардың тағасындай.
Байқағанға бұл өмір,
Бар болғаны –
Шүмек пенен түбектің арасындай!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.