Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашаққа жасалған нақты қадам

0 855

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған кезекті Жолдауында біз күткен маңызды мәселелер айтылған болатын. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты маңызды құжатта осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланған еді.

Президенттің әр жылғы Жолдауында Үкімет алдына қойған міндеттері ретімен нәтиже беріп келеді. Кезекті Жолдауда Мемлекет басшысы бірнеше тапсырма берген болатын. Менің көңілімді қуантқаны – ел Президентінің білім беру саласына қатысты 2025 жылға дейін салынуы тиіс мектептер санын 1 мыңға жеткізу, ғылымды дамыту, мұғалімдер мен ерекше дарынды оқушыларға қолдау көрсету сынды бастамалары болды. Бүгінде өңірімізде жаңадан бой көтерген білім ошақтарының саны артып келе жатқаны, халықаралық додаларда ел абыройын асқақтатқан оқушылардың елеусіз қалмағаны Жолдаудың жемісі деп айтуымызға болады. Сонымен қатар жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары екенін ескеріп, сұранысқа ие барлық мамандық бойынша техникалық және кәсіби білім жүз пайыз тегін берілуі мәселесі де осы Жолдауда нақты айтылған болатын. Бұл өз кезегінде жұмыссыздардың қатарын азайтып, маман тапшылығын шешуге оң ықпалын тигізетін болады.
Ал білім беру, денсаулық сақтау салалары Президенттің әр жылғы Жолдауында назардан тыс қалған емес. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20 пайызға арттыруды тапсырып, мәдениет саласына ерекше назар қойып отырғаны баршаға мәлім. Коронавирус дерті дендеп келгенде, ел экономикасы мен халық тұрмысына да едәуір кері әсерін тигізгені белгілі. Осы ретте Президент бұл мәселеге де назар қойып, нақты тапсырмалар беріп өтті. Пандемиядан кейінгі экономикалық даму жолдарын көрсетіп, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылып келе жатқанына тоқталды.
Жоғарыда аталған маңызды міндеттермен қоса, Жолдауда еңбек нарығы, кәсіпкерлікті қолдау сынды негізгі бастамаға ерекше маңыз берілді. Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқын көрініс тапты. «Қазақстанның басты байлығы – еліміздің азаматтары» деген Мемлекет басшысының сөзін бойтұмар еткен кез келген азамат Президент Жолдауының маңызын ұғына отырып, ондағы тапсырмалардың реттілікпен іске асуына барынша күш салады деген ойдамын.

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,
Тараз қалалық мәслихатының хатшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.