Қалалық қоғамдық-саяси газет

Болашаққа бастайтын басты бағыт

0 928

Қазақстандық арманға бастайтын Ұлт жоспары ел іші-сыртында үлкен талқыға түсіп, әлемдік саясаткерлердің оң бағасын алды. Ұлт жоспары кезең-кезеңімен іске асып жатыр.

Құнды мақалада Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз айқындаған бес институционалдық реформа – бұл жаңа экономикалық шынайылық жағдайындағы кешенді даму жоспары. Сондықтан да Ұлт жоспарын сапалы орындау – бірінші кезектегі негізгі міндет. Осы аралықта үлкен жұмыстар атқарылды. Үкімет қажетті заңдарды, тиісті нормативтік актілерді қабылдады, меритократия қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызмет моделі енді, әділ сот жүйесінің үш буынды жүйесіне көшу жүргізілді. Жоғарғы сот жанындағы Халықаралық кеңес те жұмысқа кірісті. Бұдан бөлек, судьяларға қойылатын біліктілік талаптары да қатайтылды. Салықтық және кедендік саясатты жетілдіру жөніндегі жұмыстар атқарылу үстінде. Ауқымды жекешелендіру жүзеге асуда, елді индустрияландырудың екінші кезеңіне қадам бастық, әлеуметтік саясат та жетілдірілу үстінде, мемлекеттің есептілігі күшейтіліп жатыр», – деген болатын.
Еліміздің сот жүйесі үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында айқындаған міндеттер белгіленген болатын. Онда Жоғарғы Сот жанынан Халықаралық кеңес құру Ұлт жоспарының 25-қадамында белгіленді. Қазақстандық сот жүйесінің алдында сот төрелігінің, соның ішінде инвестициялық және коммерциялық даулар саласына озық халықаралық стандарттарды енгізуге байланысты жаңа міндеттер тұр. Жалпы Қазақстанға соттар жұмысының үздік халықаралық тәжірибесін алып келеді. Себебі қазіргі кезде өз еліңде үздік атану жеткіліксіз, яғни әлемдік деңгейде алдыңғы қатарда болуға талпыну керек. Меніңше, Еуразияны таныстыра алатындай осында халықаралық қаржы орталығының болуы үшін Қазақстан жоғары әлеуетке ие. Бәрімізге мәлім, мұндай орталықтар Нью-Йоркте, Сингапурда, Лондонда бар. Осындай қаржы орталықтары тек бір қала немесе ел үшін ғана емес, олар барша өңірге қажет. Орталықтар өңірдің мүддесін қорғауға керек. Атап айтқанда, Еуразия мүддесін қорғайтын қаржы орталығы бүгінде жоқ, осы орайда мұндай орталықты құру үшін Қазақстан өте жоғары әлеуетке ие.
Тұңғыш Президент жариялаған «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспарында сот жүйесіне қатысты көзделген реформаларды нәтижелі іске асыру білікті судьялар корпусына тікелей байланысты. Осы ретте Ұлт жоспарының 18-қадамын іске асыру шеңберінде Соттың жанында Сот төрелігі академиясы құрылды. Елдегі сот төрелігі жүйесінің дамуы қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де салаларды жаңғыртудағы басымдыққа ие факторлардың бірі болып табылады. Себебі қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, қоғам мен мемлекеттің мүддесін мүлтіксіз қорғау, азаматтардың құқықтар мен бостандықтарының тиімді қорғалуын жүзеге асыру сот органдарының негізгі міндеті болып табылады. Дәл осы міндет, өз кезегінде, судьялардан жоғары білім мен өмірлік тәжірибе, ар-ождан ұстанымы мен заңды дұрыс қолдану дағдыларын талап етеді.
Жоғары білікті судьялар корпусын қалыптастыру үшін сот жүйесінің кадрларын даярлау бағытындағы талаптардың артуы елімізде жүргізіліп жатқан институционалдық реформалардан туындап отыр. Қазіргі таңда қолданыстағы заңнамаға сәйкес болашақ судьяларды даярлау мен оқытудың баламалы екі жолымен жүзеге асырылып келеді: бірінші-сі – мамандандырылған магистратура, екінші-сі – біліктілік емтиханын тапсыра отырып, соттарда тағылымдамадан өту. Осы ретте мамандандырылған магистратурада біліктілік емтиханын тапсырған тұлғалар тағылымдамадан өтуден босатылатындығын атап өткен жөн.
2004 жылдан бастап мамандандырылған магистратурадағы оқыту процесін Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Сот төрелігі институты жүзеге асырып келді. Судьялыққа үміткерлерді бейінді оқытумен айналысатын оқу орындары әлемнің көптеген елдерінде, атап айтқанда, Францияда, Түркияда, Италияда, Испанияда, Литвада, Чехияда, Канадада, Жапонияда бар. Осы орайда көптеген елдерде болашақ судьяларды даярлайтын мамандандырылған оқу орындары айрықша мәртебеге ие және жоғары сот органының жанында құрылған. Ұлт жоспарына сәйкес, сот жүйесінің кадрларын даярлайтын жоғары оқу орнын жоғары сот органының қарамағына беру сот қызметінің ерекшеліктерін ескере отырып, оқу процесін жетілдіруге және оны жоғары сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті Сот төрелігі академиясымен бірлесіп, Мемлекет басшысының Жарлығынан туындайтын жұмыстарды жүзеге асыруда. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген судьяларды оқыту мен тәжірибе арасындағы өзара байланысты күшейту бағытындағы жұмыстардың жемісті жүргізілуі еліміздегі білікті судьялар корпусын қалыптастырып қана қоймай, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудағы соттың тиімділігін арттыра отырып, заң үстемдігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Адам біреуден зорлық яки нақақ қиянат көріп, бірақ сол сәтте әділдікке қол жеткізе алмайтынын білген жағдайда ашынғаннан амалы құрып, сосын күпті көңілін көншітер соңғы үміті ретінде «сотқа беремін» дейді. Осы сөзді айтудың өзі қиянат көрген адамның көңіліне сәл жеңілдік тудырары да анық. Өйткені «жәбірленушіні сот ақтайды, жәбірлеушіні сот соттайды» деген сенім басым тұрады. Сол сияқты, өзін лауазымдық жағынан жоғары, әлеуметтік яки тұрмыстық немесе материалдық жағынан бай-қуатты санап жүрген біреу екінші біреумен жанжалдасып, оны сол сәтте басып-жаншып тұқыртып алғысы келгенімен, анау әділдігін алға тартып болмай қойса және бұл оған есесі кетіп ұтылғанын байқаса, намыстан ба, ызақорлықтан ба көгеріп, жарылардай болып: «Тұра тұр, бәлем, әлі көзіңді көгертіп түрмеде шірітемін, соттатамын!», – дейді. Сөйтіп, екеуінің де айтқаны орындалатындай көрінеді. Бірақ алғашқыда екінші мысалдағы адамның қаһары іске аспайтын кіжіңдей ғана әсер қалдырады. Өйткені нақақ қиянат шеккен адам сотқа барса, айтқаны жүзеге асатыны белгілі дейміз. Себебі заң біздің санамызға осы әділдіктің ғана салтанат құратынын сіңіріп тастаған. Қалайда, қашанда нақақ қиянат көрген адам жапа шекпеуі қажет. Алайда бұл қағаз жүзіндегі шындықтың көрінісі ғой.
Ал нақты өмірде қалай? Әрине, нақты өмірде өзгешелік көп. Өйткені көпшілік ана лауазымы жоғары, қолында билігі бар, ақшасы мол байдың дегені болатынын айтады. Расында, солай ма? Олай емес десек, оған қандай нақты дәлел бар? Сол сияқты, бұған келісер болсақ, оны немен дәлелдей аламыз? Жұрттың дені мұның алғашқысына да, соңғысына да келіспейтіндіктері сөзсіз және екеуіне де келісетіндер аз екені тағы рас. Сонда бұл адамдардың көзін нақты ақиқатқа қалай жеткізуге болады? Егер дауласқан екі жанның да айыбы болып тұрған жағдайда оларға ақиқатты ұғындыру мүмкін бе? Қазір адам біткеннің көзі ашық: тарихтан та, саясаттан да, құқықтан да хабары мен ақпараты мол. Жаман мен жақсыны қалай тез айырса, дұрыс пен бұрысты да тез ажыратады. Демек, ешкім ештеңеге алдана қоймайды. Бірақ қандай озық қоғам болмасын, адамдар арасында жоғарыдағыдай дау туындамай тұрмайды. Ал дау шешімін табуы тиіс дейміз. Онда да әлгі көкірегі ояу, көзі ашық жандардың көзін жеткізу үшін даудың нүктесіне ешкім шүбә келтірмеуі керек. Алайда оған қол жеткізу оңай емес. Өйткені әркім өзінікін ғана жөн дейді. Бірақ, шындығына келгенде, олардың бірінің ғана ақиқаты басым екені даусыз. Сонда оны қайткенде, қалай айыруға болады? Және екінші тараптың көзін оған қалай жеткізуге болады? Демек, қайткенде, қалай ғана қара қылды қақ жаратын әділдікті орната алуға болады дейміз, біз де. Мұның қазіргі күні бір амалы табылды ма? Ал ондай шаралар Ұлт жоспарында көрсетілгені баршаға аян. Өзіңіз айтқандай, адамдар кейде сот істі заңды қараған жоқ, заңсыздық орын алды дейді. Олар оны неге айтады? Заңсыздықтар орын алатын жағдайлар болуы мүмкін ғой. Міне, енді байқасаңыздар, осындай заңсыздықтарға жол берілмеуі үшін қажетті тетіктер жаппай қарастырылып отыр. Аталған мақалада алға тартылып отырған 11 қадамның барлығы да заңды түрде реттелді. Және оны азаматтар құқығының талапқа сай қорғалуын оңтайландыру үшін көптеген заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Сөйтіп, уақыт талабына толық сәйкес келетін жаңа Азаматтық процестік кодекс пен «Жоғары Сот кеңесі туралы» жаңа заң қолданысқа енді. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Осылайша, бүгінде барлық деңгейдегі соттар жаңа қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама бойынша жұмыс істеуге кірісті. Ал мұндай жаңалықтар бұрын болмады ма дерсіз. Болды. Бірақ заман ағысы бір орында тұрмайды ғой, даму үрдісі зор.
Демек, қазіргі уақытта заңдарымыздың әлеуеті артып, маңызы күшейді. Қылмыстық саясатқа байланысты төрт бірдей Кодекске өзгертулер мен толықтырулар да енді. Соған сай, міне, сот жүйесін реформалауға байланысты бірнеше қадамнан тұратын нақты амалдар да көрсетілді. Бірақ бұлар қанша жерден «алтынмен апталып, күміспен күптелгенмен» оларды жүзеге асыра алатын мамандар болмаса, әлі де біраз уақытымызды жоғалтатынымыз рас-ау. Осыған орай судьялық лауазымға үміткерлерге алдымен қатаң талап қойылатыны бекер емес. Бұл өте маңызды мәселе. Кейін бармақ тістеп, сан соқпас үшін судьялыққа бірден дұрыс адамды іріктеп, таңдап алған жөн. Көпшілік күтетіндей, судьялыққа сотқа жүгінген әр тарапқа мынау ақ, мынау қара деп ақиқатты тура айтып бере алатын білікті де білімді жан тағайындалғаны керек. Бұл мақсатта кең көлемді жұмыстар жүргізілді. Мысалы, жоғары заңгерлік білімі бар, адамгершілік ұстанымы берік, кемінде бес жыл сот отырыстарының хатшысы, судьяның, прокурордың, адвокаттың консультанты (көмекшісі) немесе заңгерлік мамандығы бойынша кемінде он жыл жұмыс өтілі бар үміткерлер судьялық қызметке таңдалынады. Үміткерлер үш кезеңнен тұратын біліктілік емтихандарын тапсырады. Бірінші кезеңде еліміздің заңдарын білуге арналған компьютерлік тестілеуден өтеді. Екіншісінде, сот практикасына қатысты сұрақтарға жауап береді. Содан кейін психологиялық тестілеу жүргізіледі. Көрдіңіз бе, мұндай талаптар тек судья болатын үміткерлерге қойылатын сынақтар. Ол осы талаптарға сай келмесе, судья бола алмайды. Ұлт жоспарының 22-қадамында адамның және азаматтардың конституциялық құқын шектейтін барлық тергеу қызметі жөніндегі өкілеттікті тергеу судьясына біртіндеп ауыстыру көзделген. Сондықтан тергеу судьясы күзетпен ұстауға санкция беру, үй қамаққа отырғызу, медициналық мекемеге күшпен қамау және тағы басқа шаралардың заңдылығын тексереді. Бұған қоса, ол тексеру, тінту, алу және жеке адамды тінту әрекеттерін жүзеге асыруға құқылы. Прокурорлармен бірге азаматтарымыздың құқықтарын қорғауды қадағалайды әрі ауыр немесе аса ауыр қылмыстардан бөлек істер бойынша кепілзат көлемін анықтайды. Осылайша, ол сотта айыпталушы мен қорғаушы арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, тергеу процесі кезіндегі заңдық негіздер мен құқықтардың сақталуын жүзеге асыруы тиіс. Сонымен қатар, сот алдына барғанда кейбіреулердің бұрын берген жауабынан бас тартатыны бар. Осындай дәлелсіз деректерді азайтып, істің сотқа бұлтартпас айғақтар негізінде жетуін қамтамасыз ету – тергеу судьяларының басты міндеті көрінеді. Әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарында білім алып жатқан қазақ жастары Отаннан жырақ жүрсе де, еліміздің экономикалық болашағына мән береді деген сенімдеміз.

Айнұр Сейділдаева,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының
3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.