Қалалық қоғамдық-саяси газет

Боксшының атасы, әкесі мен ағасы да полицей: Қызылордалық Қоңқабаевтар әулеті 71 жылдан бері ел тыныштығын қорғап келеді

0 341

Естеріңізде болса, бұған дейін Токио Олимпиадасында бокстан қола жүлдегері иеленген Қамшыбек Қоңқабаевтың Қызылорда облыстық полиция департаментінде жұмыс жасайтынын айтқан болатынбыз. Кәсіпқой боксшы ювенальды полиция бөлімінде қызмет атқарып, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтарды алдын алуға ат салысады. Бір қызығы, Қамшыбектің атасы, әкесі мен туған ағасы да құқық қорғау органының қызметкерлері екен. Stan.kz тілшісі еңбек өтілі 70 жылдан асатын полицейлер династиясымен әңгімелесіп, Қоңқабаевтарға тән отбасы құндылықтары туралы сұраған еді.

Қамшыбектің атасы Балықбай Қоңқабаев – Ұлы Отан соғысының ардагері. Сұрапыл кезеңнен кейін 30 жыл құқық қорғау органында қызмет еткен азамат. Учаскелік инспектор болып жұмыс жасап, талай қылмыстың тез ашылуына септігін тигізген. Өзіне тапсырылған аумақта заң бұзушылықтардың орын алмауына, қоғамдық тәртіптің қатаң сақталуына көп көңіл бөлген.

«Әкеміз темірдей тәртіпті ұстанатын. Бір өкініштісі, бүгінде ол кісі арамызда жоқ. Есесіне, асқар тауымыздың тәрбиесін алған, өнегесін бойымызға сіңірген біз бармыз. Соның арқасында әкеміздің есімі ешқашан өшпейді деп ойлаймын. Анамыз екеуі 15 баланы дүниеге әкеліп, тағылымды тәрбие берді. Барлығымыздың аяғымыздан тік тұрғанымызды қалады. Қолынан келгенше оқытты, қатарға қосты. Әкем өз мамандығын шексіз сүйетін. Полицей формасын құрметпен киетін. Жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын», – деп еске алады Бисенбай Қоңқабаев.

Бисенбай Қоңқабаев – әкесінің жолын жалғаған азамат. 20 жылдан астам уақыт бойы құқық қорғау саласында еңбек етіп, абыройлы зейнет демалысына шықты. Еңбегі сінген полицей бұл мамандықты таңдауына әкесінің ықпалы зор болғанын жасырмайды. Бала кезінен әкесі секілді халыққа адал қызмет етіп, тәртіп сақшысы болуды армандаған екен. Ата-анасы да баласының шешімін құп көріп, жан-жақты қолдау білдірген.

«Полицей болу – үлкен жауапкершілікті сезіну деген сөз. Бұл саланың қызығынан қиындығы басым. Кез келген уақытта тәртіп сақшысының өміріне қауіп төнуі мүмкін. Сындарлы сәтте дұрыс шешім қабылдап, дұрыс әрекет жасай білген маңызды. Мен қарапайым кезекші маманнан майор шеңіне дейін көтерілдім. Абыройым мен намысыма дақ түскен емес. Өз антыма адал болдым», – дейді зейнеткер полицей.

Жалпы, Қоңқабаевтар әулиетін полицейлер династиясы деп айтуға болады. Бүгінде Бисенбай ағаның екі ұлы да Қызылорда облыстық полиция департаментінде қызмет атқаруда. Оның бірі атақты боксшы Қамшыбек болса, екіншісі оның ағасы Асқар Қоңқабаев. Екі азамат та әке жолын жалғап, қоғам тыныштығы жолында аянбай тер төгуде.

Асқар – Бисенбай ағаның үлкен ұлы. Мектепте оқып жүрген кезінен бокспен шұғылданып, інісін де спортпен айналысуға баулыған. Түрлі жарыстарға қатысып, талай мәрте марапат төрінен көрінген. Қазір Асқар Қоңқабаев – жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың полицейі. Ол аса қауіпті қылмыскерлерді құрықтау операцияларына қатысып, өзінің шеберлігі мен кәсібилігін көрсетіп жүр. Бисенбай аға Асқарды айрықша мақтан тұтатынын байқадық, баласының қауіпсіздігі де әкені алаңдатады.

«Асқардың жұмысы шапшаңдықты, физикалық тұрғыда дайындықты қажет етеді. Бала кезінен спортпен айналысқаны көп көмектесіп жүр. Ол – бокс және жекпе-жектен спорт шебері. Менің ізбасарым, жолымды жалғап келе жатыр. Отбасымызбен амандығын үнемі тілеп отырамыз. Қазір жас мамандармен тәжірибе бөлісіп жүр. Алға қойған мақсаттары үлкен, біз тек тілекшіміз», – дейді Бисенбай Қоңқабаев.

Ал қазіргі күні Қамшыбекті бүкіл қазақстандықтар таниды. Токио Олимпиадасында жанкүйерлерін жерге қаратпаған боксшы, ел байрағын мықтап ұстап шыққан спортшы жігіт те – полицей. Ол Қызылорда облыстық ювенальды полиция бөлімінде инспектор болып қызмет істейді. Кәсіби бокс пен жұмысын қатар алып жүр. Бисенбай Қоңқабаев ұлдарына үнемі ақылын айтып, тәрбие беруден таңбайды. Бүкіл қазақ жанкүйер  баласының қарапайымдылығы да әкенің қанымен дарыған қасиет.

Қоңқабаевтар әулиетінің құқық қорғау органдарында жұмыс жасаған жалпы еңбек өтілі 70 жылдан асады. Бұл мерзім осымен шектелмек емес. Келешекте шең тағып, форма киген ұрпақтар сабақтастығы жалғасатынына әулеттің үлкені бек сенімді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.