Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздің күшіміз – бірлікте!

0 1  175

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар» телеарнасына эксклюзивті сұхбат беріп, көптің көкейінде жүрген мәселелерді дөп басып айтты.

Әрине, Мемлекет басшысына қойылған бірінші сұрақ «қайғылы қаңтар» оқиғасына қатысты болды. Президент Алматы қаласындағы дүмпу алдын ала жоспарланған акция екенін мәлімдеді. «Бейбіт түрдегі наразылықтан бастап, тәртіпсіздіктік, кісі өлтіру, тонау сияқты әрекеттерде орын алды. Бәрі кәсіби түрде ойластырылған тұтас операция. Бейбіт демонстранттардың орнына бұзақылық жасаған, полиция қызметкерлеріне қарсы шыққан жастар келді. Содан кейін үшінші толқын қарақшылар, кісі өлтірушілер келді, олардың саны да өте көп болды. Оларды содырлар басқарды. Олар дайындықтан өтіп, жергілікті аумаққа жақсы бағдарланған», – деді Мемлекет басшысы.
Иә, ел коронавирус індетімен алысып жатқан тұста күтпеген жерден лап қойған лаңкестік топтың әрекеті елең-алаңға салғаны жасырын емес. Бұл тұрақтылық пен келісімді сақтай отырып, мамыражай өмір сүріп жатқан халқымыздың басына түскен үлкен нәубет екені де даусыз. Бейбіт шерумен басталған оқиғаның соңы дәл осындай дүмпуге ұласатынын ешкім күткен жоқ. Біз сұхбаттан содырлардың материалдық құндылықтарға емес, әкімшілік ғимараттарға жасалған шабуылдарды басқарғанын білдік. Сонымен қатар содырлардың үстінен қарап отырғандардың бірі шекара асса, екіншісі ауылдық жерлерге бас сауғалағанынан хабардар болдық. Әрине, отыз жылдық белесте талай соқтықпалы-соқпақты кезеңдерден өтіп, әлем елдері алдында абыройымыз биіктеді. Сондықтан бейбіт шерудің арты бүлікке ұласатынын ешкім күтпеді. Президент алғашқы күннен-ақ Ақордада болатынын жариялап, батыл шешімдер қабылдады. Бұл да ел басына туған үлкен сынақтардың бірі болды. Десек те, Қасым-Жомарт Кемелұлы бүлік кезінде ақпарат тарату тұрғысынан жеңілгенімізді де айтты. Бұдан бөлек, сұхбатта Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың қызметі, Алматыға Алма-Ата атауын қайтару және парламенттік жүйені реформалау туралы сауалдарға тұшымды жауап таптық. Сондықтан «қанды қаңтардың» сызы тез басылып, жаппай тәртіпсіздік кезіндегі шығындардың орны толады деп сенеміз. Ең бастысы, ел арасына іріткі салған содырлардың барлығы құрықталса дейміз. Елімізде тыныштық орнаса, Үкімет халықтың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға бағытталған соны бастамаларға мықтап кіріседі деп ойлаймыз. Сондықтан біздің күшіміз бірлікте екенін ұмытпайық!

Динара Нұралиева,

облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.