Қалалық қоғамдық-саяси газет

Біздің апай

0 352

Артымызға бұрылып, тарих қойнауына үңілсек, 1920 жылдың 4-12 қазаны аралығында Орынбор қаласында өткен Қазақ кеңестерінің құрылтай съезі Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының құрамына жеке автономия болып кіретін Қырғыз (қазақ) Кеңестік Автономиялық Социалистік Республикасы ретінде бекіткен декларация қабылдап, осы съезде қаржы халық комиссариатын құрған болатын. Жоғарыдағы келтірілген құжаттарға сәйкес, егеменді Қазақстан Республикасы болғалы бергі жылдарды қосып есептегенде, алдымыздағы 2020 жылы еліміздің қаржы жүйесіне 100 жыл толғалы отыр.

Қаржыгерлердің бірнеше ұрпақтары еңбектерімен еліміздің экономикасының тұрақтанып, өсіп-өркендеуіне атсалысып, қаржы жүйесін дамытуда үнемі ізденісте болып, оның тиімді тәсілдерін тауып, халықтың хал-жағдайын арттыруда саланың жетекші рөл атқаруына өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Алдағы келе жатқан мерейлі мереке қарсаңында өзім біліп, тәрбиесін көрген, дәріс алып, жұмыс үйренген, бүгінгі күні арамызда жоқ тәлімгер-жетекшілеріміз болған Қ.Спамбетова апайды, И.Бекежанов, Т.Кунуразов ағайларды және С.Жайлауов, Т.Әскербеков пен Ж.Бапанов секілді қатарларымды еске алып, кейбірінің үлгі алар істерін қысқаша айтпақшы болып, қолыма қалам алдым.
Әңгімемді 1975 жылдың қазан айында Жамбыл облыстық қаржы бөлімінің әлеуметтік қамсыздандыру, зейнетақы мен жәрдемақыларды қаржыландыру бөліміне бақылаушы-тексеруші етіп мені жұмысқа қабылдаған Қатжан Алдабергенқызы Спамбетова апайдан бастауды жөн көріп отырмын. Апай 1944 жылы 17 жасында Қордай ауданының қаржы бөліміне мемлекеттік жәрдемақы жөніндегі аға инспектор болып жұмысқа кіріп, осы салада 40 жылдан аса қызмет істеген. Қызмет жолын аға инспекторлықтан бастаған ол кісі Кеңес Социалистік Республикалар Одағы кезінде 1966-1985 жылдар аралығында Жамбыл облыстық қаржы бөлімін басқарып, зейнетке шыққан одақ көлеміндегі санаулы әйел басшылардың бірі болған жан.
Ол кісінің жастық шағы Ұлы Отан соғысына дөп келіп, мектеп бітіре сала еңбек майданына араласып кеткен ғой. Оны 1996 жылы «Қаржы-Қаражат» баспасынан, қаржы саласының қызметкерлерінің мерейлі мерекесіне арналып шыққан «Финансовый штаб Казахстана» атты кітапқа өзі жазған естелік мақаласынан көруге болады. Сол мақаланы қазақшаға аудармай, орысша жазған қалпында оқырманға жеткізуді жөн көрдім: «Меня послали помочь Михайловскому сельсовету района собирать налоги с граждан и проверять правильность их обложения, хотя я была работником, занимающимся выплатой пособий матерям. Пробыв там 10 дней, я совместно с работникам сельсовета собрала 48 тысяч рублей и в простом мешке привезла в райфо и сдала Госбанк. Что сейчас меня удивляет: я ехала на поезде через Киргизию и не боялась. Это был конец квартала, и нам надо было сдать деньги в Госбанк срочно. Работали в одной комнате. Одна печь, отапливаемая первое время камышом, потом кострой (мелкие стружки от конопли). Однажды Тасбулатов застал нас, когда мы танцевали в райфо от холода, но не уходили с работы. Он подошел к каждому из нас, поцеловал всех и, как отец, искренно пожалел, что в такое трудное время проходит наша молодость. От холода застывали чернила, нам приходилось, их разогревать в печи, от чего лопались чернильницы».
Оқып отырғаныңызды көз алдыңызға елестетіп көріңізші, жап-жас қыз бала «ау, осы мені жолда біреу ұрып жығып, қоржындағы бар ақшаны тартып алып кетеді-ау» деп қорықпай, елден жиналған бір қоржын салықтың ақшасын арқалап, аудан орталығынан ең алыс ауыл кеңесінен қазіргі Қордай ауылына алып келудің өзі мақтауға, айтуға тұрар ерлік қой! Ал қақаған қыста жағар отын жоқ, жұмыс істейтін суық бөлмелерінде жаураса да шыдап, «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен жұмыстарын істеп, Отанына шын берілген жалынды жастық патриотизмі қандай жоғары болғанына, ал бөлімді басқарып отырған басшысының олардың жастық шақтарының нағыз қиын кезеңге келгендігін түсініп, істеген еңбектерін бағалап, өз баласындай жақсы көріп, әкелік мейірімімен сүйе біліп, жігерлендіріп отырғанына риза боласың. Ал соғыс кезінде мұндай ерлікті, тұрмыстық жағдайды күнделікті істеп жүрген жұмысқа балаған ғой.
Кеңес Социалистік Республикалар Одағы кезінде қаржы саласы республикалық бюджеттен қаржыландырылып, Қазақ КСР Қаржы министрлігінің орталық аппаратына бағынатын.
Орталық орган облыстарда, облыстар аудандар мен облыс деңгейіндегі қалаларда екі жылда бір мәрте, бюджетке салықтық түсімдердің түсуіне, қаражатты тиімді және ысырапсыз пайдалануына кешенді бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізетін.
Кешенді бақылау-тексеру жоспарына сәйкес, Луговой аудандық орталық ауруханасына тексеру жүргізген Қазақ ССР Финанс министрлігінің Жамбыл облысы бойынша бас бақылаушы-тексерушісінің бақылаушы-тексерушісі Темірбек тексеру актісіне, тексерген объектісін аудандық қаржы бөлімі уақтылы қаржыландырмай отырған деп көрсетіпті.
Луговой ауданында жүргізілген кешенді бақылау-тексеру жұмыстарының қорытынды анықтамасы мен қабылданатын қаулының жобасымен танысып отырған апай ауданның орталық ауруханасында көрсетілген кемшілікті байқап қалып, анықтаманы дайындаған лауазымды тұлғадан:
– Мына анықтама мен қаулыны дайындар алдында ана жазылған кемшілікті неге маған айтпадыңдар? Тура алқа мәжілісі болар алдында көрсетіп отырсыңдар, әкеліңдер, ана жазғыштың актісін көрейін, – депті.
Актіні көріп танысқаннан соң, Темірбекті шақырып:
– Темірбек, сен қай органның бақылаушы-тексерушісісің? Облыстық денсаулық сақтау бөлімінің бе, жоқ әлде облыстық қаржы бөлімінің бе? Мұндай кемшіліктерді анықтасаң, оны қаржы бөлімін тексеріп отырған, өздеріңді басқарып барған бригадиріңе неге айтпадың? Мұндай бұзушылықты сол жазуы керек еді. Ал сен мына актіңмен қаржы бөлімін ауданның орталық ауруханасының алдына жығып беріп отырсың ғой. Бар, сағат 15:00-ге дейін актіңді түзетіп алып кел, сен келгеннен соң алқа мәжілісін бастаймыз, – деп кабинетінен шығарып жіберіпті.
Қазір есімде жоқ, Темірбек қазіргі Құлан ауылына қалай, немен барып-келгенін білмеймін, әйтеуір сағат 15:00-де актісін түзетіп алып келді. Апай алқа мәжілісін бастамай тұрып, кешенді бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізуге қатысып, кабинетінде отырған біздерге:
– Алдағы уақытта естеріңде болсын, тексерген мекемелеріңе акті жазғанда еш уақытта қаржы бөлімін кінәлап, кемшіліктерін көрсетпеңдер. Көрсеткілерің келсе, бастықтарыңа айтыңдар, ол қаржы бөлімінің тексеру актісіне көрсетеді. Ал, Темірбек, бұл жолы саған ауызекі ескертумен шектелейін, егер қайталайтын болсаң, қатаң тәртіптік жаза қолданамын, – деді.
Көріп отырғаныңыздай, апай облыстың қаржы саласының жұмыстарында бұзушылықтардың болмауын, ал бола қалған жағдайда өзіміз анықтап отыруымыз керектігін тапсырып, саланың мәртебесін биікке көтеріп, атына кір келтірмеуді алдына қойған мақсаты етіп қойып, қатаң бақылауда ұстайтын.
Жауапты жұмысында табандылық көрсете біліп, қызметіне шын берілген, кәсіби деңгейі мен өрісі өте биік, үлкенге инабатты, кішіге ілтипатты, қарамағындағы қызметшілерге «мен де осындай болсам» дейтіндей үлгі бола білген Қатжан Алдабергенқызы апайдың арқасында біздің ұжым Бүкілодақтық социалистік жарыстың қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатарында болып, ақшалай сыйлық алып тұрдық. Қазақ ССР Финанс министрлігінің ауыспалы Қызыл туын да иемдендік.
Ал ол кісінің жастардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға көрсеткен көмегі туралы «Әлі есімде» деген атпен шыққан кітабымнан қысқаша үзінді берейін:
« – Апай, сізді 25 қазанда болатын, үйлену тойыма шақырып келіп тұрмын, – деп шақыру қағазын бердім.
– Айналайын, сары бала, тойыңа шақырғаныңа рақмет, бірақ сенің тойыңа бара алмаймын, жақын ағайындар бір жақсылығына шақырып қойған еді. Бірақ, балам, саған жаңа жылға дейін пәтер алып беруге уәде беремін, – деп шығарып салды.
Апайдың кабинетінен қуанып шықтым. Келіншегім ауылдағы үйде, енді оны алып келу үшін елдің есігін сығалап, жалдамалы пәтер іздемекші болып жүргенмін. Сол кезде бүкіл КСРО бойынша қаржы саласында басшы үш-ақ әйел бар екен, соның бірі біздің облыстың қаржы бөлімінің меңгерушісі Қатжан Алдабергенқызы Спамбетова апайымыз еді. Апай бойы ортадан жоғары, қара торы келген кісі еді. Ол кісінің біреуге айқайлап ұрысып, мұқатып жатқанын көрген емеспіз. Бірақ бәріміз қаймығатынбыз, сыйлайтынбыз. Апай мақалдап, мысал келтіре, жай, мәнерлеп сөйлеп отырып, алдында тұрған кінәлі тұлғаны қамшымен ұрмай-ақ шаңын қағып шығаратын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Қатжан Алдабергенқызы мен Үмітия Шайхқызы апайларымның арқасында желтоқсан айының соңғы күндерінде екі бөлмелі пәтер алуға шешім шықты. Бұл дегенің біз сияқты ауылдан келіп жұмыс істеп жүрген баспанасыз жастарға Алланың берген сыйы емес пе?! Ал соған ықпал етіп көмектескен Қатжан Алдабергенқызы сияқты апайларымызға алғысымыз шексіз болды».
Бірде ойда жоқта зейнетте жүрген апай кабинетіме келді. Орнымнан атып тұрып:
– Сәлеметсіз бе, денсаулығыңыз қалай, мал-жан аман ба, отырыңыз, – деп елбелектеп отырған өз орнымды ұсындым, «не үшін келді екен?» деп ойлап.
– Айналайын, сары бала, сен өз орныңа отыра ғой, ал мен осында отырайын, – деп менің алдымдағы көлденең үстелге таяу тұрған орындыққа отырып, келген шаруасын айта бастады.
– Зейнетке шыққаннан соң үйде тыныш жатып демаламын ба деп ойлаушы едім, жоқ, қайта мәселелер көбейеді екен. Сенің М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қаржы» кафедрасының мемлекеттік емтихан комиссиясына мүше екеніңді біліп келіп отырмын. Ана Мұраттың бірінші әйелінен туған баласы биыл сол оқу орнын бітірмекші. Кафедра меңгерушісі «диплом алдындағы өтетін практика жұмыстарын өткізетін мекемені және жетекшіні өздерің тапсаңдар жақсы болар еді, қазір қиын болып кетті, жолдама берген жақ қабылдамай қоюы мүмкін» депті.
– Жарайды, немереңізді маған жіберіңіз, ал диплом жұмысы туралы мәселені қазір-ақ сөйлесемін, – деп кафедра меңгерушісімен телефон арқылы хабарласып, жағдайды айтып едім, күткені де осы болса керек тез көне кетіп:
– Аманбек, ыңғайы келсе, тағы бір студентке жетекші болшы, – деп сұранды.
Менің сұранысымды қанағаттандырып отырған кісіге қалай көнбейсің, мен де келістім.
Диплом жұмысының тақырыбы мен басқарып отырған бөлімнің жұмысы туралы, яғни Жамбыл облысы бойынша халықты әлеуметтік жағынан қорғау шығындарын жоспарлау мен бөлінген қаражатты пайдалану жайлы болатын болды.
Апай рақметін айтып, немересін жіберетін болып кетті. Немересі дипломды менің жетекшілігіммен беске қорғап, мемлекеттік емтихандардың бәрін өте жақсы деген бағаларға тапсырып, диплом алып шықты. Өзі де пысық, алғыр, оқуы жақсы бала екен. Ал мен ол кісінің сұранған жұмысын ойдағыдай орындап, бір кәдесіне жарағаныма қуандым.
Апай екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Ұлы Мұрат травматолог-дәрігер болып жүріп, істеген ісінен алда әлі істер ісі көп, нағыз кемел жасына келгенде дүниеден озды. Ал қызы Шолпан апайдың ісін жалғастырып, қаржы саласында қызмет істеп, облыстық қаржы басқармасынан зейнетке шықты.
Қатжан Алдабергенқызы апайдың қаржы саласына сіңірген еңбектері еленіп, Кеңес Социалистік Республикалар Одағының «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы» ордендерімен наградталып, Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Жоғары Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасы және көптеген медальдермен марапатталған. 1967 жылдың 1 қарашасында ол кісінің аты Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Қаржы министрлігінің Құрмет кітабына енгізіліп, «КСРО қаржы қызметінің үздігі», «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының еңбегі сіңген экономисі» деген атақтар берілген.
«Қызмет – қолдың кірі» дейді біреулер, жоқ, қызмет қолдың кірі емес, ол бағалай білсеңдер, бастарыңа қонған бақтарың. Сендерге қызмет беріп, жұмыс жасатып отырған халқың мен үкіметке біздің апайдай адал, таза, шын жүректеріңмен қызмет етсеңдер, олар қызметтеріңді бағалап, сендердің атақ-даңқтарыңды шығарып, дәріптеп аспанға көтереді. Сондықтан істеген қызметтеріңде көзге түсіп, жақсы жұмыс істеуге тырысыңдар. Ал осындай аттарыңды көріп-естіп, біліп өскен ұрпақтарың сендердің есімдеріңді құрмет тұтып мақтанады. «Міне сондықтан, қарақтарым, бастарыңа қонған бақты бағалап, сақтай біліңдер» дегім келеді қазіргі уақытта мемлекеттік органдарда қызмет істеп жүрген жастарға.
Біздер, Қатжан Алдабергенқызы апайдың тәлім-тәрбиесін көріп, шәкіртіміз деп өскендер, көзіміз тірісінде есімін құрметпен еске алып, сол кісідей ұстазымыз болғанына мақтанып, ұмытпай елге айтып отырамыз.

Аманбек Саққұлов

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.