Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бізді алаңға ұлттық рух пен намыс шығарды

0 935

Үш пар лекциядан келіп, шамалы мызғып алайын деп жатқаным сол еді, тұсымда тұрған радиодан түскі жаңалықтардан диктор Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің нәбәрі 18 минуттық пленумында Дінмұхамед Қонаевтың орнына Колбин дегеннің сайланғанын хабарлады. Жүрек ұясынан шығып кетердей тулап кетті. Жүгіріп фойеге шықтым. Болашақ журналистер тұрып жатқан университеттің бесінші жатақханасы абыр-сабыр, курстас достар да құлақтанып үлгерсе керек. Біздің төртінші курстың студенттері Гүлнар, Жолдасбек, Қойшыбай, Бағила, Жарылғап, Шарипа, Қалжан, Жидегүл, Амантай, Срайыл, Руза, Әлімжан, Нұрлан, Лəззат – барлығы жиылып қалыпты. Түрлері өрт сөндіргендей түнеріп кеткен. «Мынау сұмдық қой, бізді халық деп санамағаны ма? Ертең алаңға шығып, наразылығымызды білдірейік» дейді курстастар шу-шу етіп…

Ақыры ары-бері даурығып, ертеңіне үш пар лекциядан кейін түсте бас корпустың алдына университет студенттері болып жиналып, Брежнев атындағы орталық алаңға шығамыз дестік. Көп ұзамай тарих факультетінің жігіттері де келді. Оларға да осыны айттық. Юрфактың жігіттеріне де солай дедік. Ертеңіне жатақханада тұратын студенттер төрт көзіміз түгел оқу корпусына келдік. Орталық алаң арқылы келген оқытушыларымыз бен пəтерде тұратын студенттер алаңға жастар жиналып жатқанын бірінен кейін бірі жеткізіп жатты. «Алаңға барып, арандап қалмаңдар» деген қатқыл ескерту естідік оқытушылардан. Лекция да оқылған жоқ, əркім өз ойымен өзі арпалысып жатқандай. Уақыт жылжымай, бір орында тұрып қалған сияқты. Екі пар лекция әрең аяқталғандай болды. «Алаңға КазГУ ғана шықпай жатыр» деп «Физкультура» институтының екі-үш жігіті келіп кетті. Лекциядан соң баратынымызды айттық оларға. Басқа факультет студенттері де түнімен құлағдар болса керек, бас корпустың алдындағы алаңға жинала бастадық. Проректорлар мен декан бастаған оқытушыларымыз бізді алаңға жібермеуге барын салды. Университет басшылығы түгілі ұстаздарымызды көргенде жымдай болатын біздер қайраттанып алдық. Еңбекшілердің халықаралық ынтымақ күні немесе Ұлы Октябрь революциясы күнінде өтетін мерекелік шеруге бара жатқандай сапқа тұрып, алаңға бару үшін Тимирязев көшесіне түстік. «Лениндік ұлт саясаты жасасын!», «Əр ұлттың өз көсемі болсын!», «Теңдік. Туысқандық. Бостандық!» деген мерекелік шерулерде алып шығатын транспаранттарды ұстап келеміз. Жанымда ақын, әнші, композитор досым Бауыржан Үсенов бар. Өзінің жалын жырларына азаттықты тұспалдап та, кей кезде ашықтан-ашық та арқау етіп келген күрескер ақын досым тіпті арқаланып алған. Алаңға жақындағанда Бауыржан Шəмшінің «Менің Қазақстаным» əнін бастап кеп жіберсін. Оған шерумен келе жатқан барлық студенттер қосылғанда патриоттық əн Алматы аспанын жаңғыртып жіберді.

Бізді милиция мен жасақшылар қарсы алып, алаңға қарай өтуімізге бөгет жасап бақты. Алаңға жиналып қалған мыңдаған студенттер мен жұмысшы жастар «КазГУ келді» деп бізге қарай лап қойғанда, əлгі алаңды қоршап тұрғандардың қатары сетінеп сала берді. Осылайша, Брежнев атындағы алаңдағы өзіміз сияқты жастардың қатарына қосылып, араласып кете бардық.

Алаңдағы мінберге шығып жатқан биліктегілер мен құқық қорғау органдары басшылары тарапынан «Жатақханаларыңа қайтыңдар, мұның арты жаман болады» дегеннен басқа оңды сөз шықпады. Жастар тарапынан «Дінмұхамед Қонаевтың өзі сөйлеп, мəселенің мəн-жайын түсіндірсін!» немесе «Жастар таланттарына табынып, өлеңдерін жатқа оқитын Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шахановқа сөз берілсін!» деген талап қойылды. Димаш Ахметұлын Колбин шақыртып алып, қабылдау бөлмесінде екі сағат отырғаннан кейін қайтарып жібергенін, Олжас ақын алаңға келгенімен оған сөз берілмегенін, ал Мұхтар болса Мəскеуге шығармашылық кешін өткізуге кеткенін кейіннен естідік.

Алаңның алдыңғы қатарында тұрған бірнеше жігітті «Колбин жолдас сендермен кездеседі» деп «ақ үйге» алып кетті. Қанша уақыт өтті, əлгі кеткен жігіттерден еш хабар жоқ. Бұл кезде қыстың қысқа күні батып, қас қарая түсті. Сарышұнақ аяз бет қариды. Алайда желтоқсанның ызғарына бүрсең қағып жатқан ешкім жоқ. Қайта одан сайын ширыға түскендейміз. Осы сəтте солдат тиеген бірнеше машина өтіп, ақ үйдің артқы жағына шоғырлана бастады. Бір сойқанды сезіп, жүрек зырқ етті. Кенет, əлде бір «ПАЗ» автобусы алаңның алдыңғы жағында пайда бола кетіп, жүйткіген бойда шыршаға соғысып, кілт тоқтады. Жүргізушісі көлігін тастай сала, қашты. Сол-ақ екен, бастарына құндыз бөрік, үстеріне былғары тон киген үш-төрт жігіт атойлап келіп, машинаның багына шүберекті матырып алып, от қойды да жолаушылар көлігінің салонына лақтыра салды. Отқа оранған көлікті алаңдағы жастарды жұмылдырып, аударып тастады. Қырғын осылай басталды. Көше қиылыстарында тұрған милиция көліктері бірінен соң бірі аударылып, отқа оранып жатты. Алаңға өрт сөндіргіш машиналар келіп су шашты.

Одан ыққан ешкім болмады. Қайта небір мықты жігіттер машиналардың үстіне шығып кетіп, шлангаларын жұлып алып жатты. Тек қана жедел жəрдем машиналары алаңда ары-бері жүйткіп, жараланған жастарға алғашқы медициналық көмек көрсеткендей болып жүрді. Сөйтсек, оның ішіне КГБ-ның адамдары отырып алып, бейнекамера мен суретке түсіре беріпті ғой. Ол суреттер мен бейнекамераға түскен көріністер алаңға шыққан жастарды жазалау үшін жалғыз айғақ болды. Ал желтоқсандағы қазақ жастарының қайсарлығын көрсететін негізгі көріністерді сол кездегі республикалық телерадио комитетін басқарған ұлтжанды азамат Сағат Əшімбаев бір сенімді операторын жіберіп, жасырын түсірткен. Оның ертең ел үшін құнды дүниеге айналатынын сезген қазақтың қайраткер-қаламгер ұлының онысы үлкен ерлік еді.

Атой салып жүрген Бауыржан достан көз жазып қалмайын деп жанынан бір елі қалмаймын. Қарбалас бір сəтте: «Бауке, мынаның соңы жақсылыққа апармайды, сенің артыңда «үш əріптің» байлап қойған қоңырауы бар ғой, қайтайық», – дедім ақын досыма. «Жоқ, Əужеке, бұл жүз жылда қайталанбайтын ұлы ерлік, көресің тəуелсіздігіміздің бастауы осы күн болады», – деп қасқайып тұр жарықтық.

Күрескер ақын досымның аузына Құдай салды ма, арада бес жыл өткенде Қазақстан тəуелсіздігін жариялады.

Солдаттар қатары сəт санап көбейе берді. Ауыр соққыдан есінен танып қалған бір қызды Бауыржан екеуміз алаң шетіне көтеріп алып шығып, сол маңда тұратын ерлі-зайыпты үлкен кісілердің қолына тапсырдық.

Түннің бір уағында бұл əрекетімізден ештеңе шықпайтынын сезіп, университет қалашығына жаяу тарттық. Сəтбаев көшесіндегі нан сататын дүкен отқа ораныпты. Жан ұшырып жатақханаға жетсек, кіреберісте деканымыз бастап, бірнеше оқытушы жəне жандарында бөгде екі-үш адам отыр. Үстіміз өрт сөндіргіш машиналардың шашқан суынан мұз болып қатып қалған. Үсті-басымыз қан-жоса. Алаңнан келгеніміз осыдан-ақ білініп тұр.

Түнгі үште бас корпуста университет партия комитетінің шұғыл жиынына апарды. Онда университеттің партком хатшысы, ұмытпасам, тегі Чесноков-ау деймін: «Колбин жолдас Горбачевпен екі рет сөйлесіп, мəн-жайды баяндапты. Бас хатшы «партия екі сөйлемейді, қалай болса да басыңдар» депті», – деді. «Нағыз қырғын ертең болады екен ғой» деп партия жиынынан есеңгіреп шықтық. Ертеңіне азанымен оқытушы-профессорлар жатақханада тұратын біздердің біреуімізді шашау шығармай оқу корпусына алып келді. Сыртқа шығатын есіктің бəріне құлып салынды.

Айтқандай, нағыз қырғын 18 желтоқсан күні болыпты. Түндегі – түндегі ме, алаңдағы жастарды итке талатып, аяусыз соққыға жыққан. Алматыдағы тергеу изоляторлары мен казармалар лық толған соң, қала іргесіндегі қоқыс төгетін орындарға апарып тастаған. Қыз-жігіттерді шешіндіріп, тепкінің астына алыпты. Қыздарымызды ана болу бақытынан айыратын жауыздықтар жасалғанын естігенде, төбе шашымыз тік тұрды.

Желтоқсанның қасіретті үш күні өтісімен қуғын-сүргін басталды. Бірінші нысанаға курстасымыз Гүлнар ілініп, комсомолдан, оқудан шығарылып, шығыстағы ауылына жіберілді. Ол алаңда университет ректорына қайда оқитынын жасырмай, студенттік билетін көрсеткен ғой. Одан кейін курста тоғыз коммунист едік, мəселеміз майшаммен қаралды. «Бізде ұлт мəселесі шешілмеген» деген бір сөзі үшін Жарылғап бастап, бəріміз де қатаң партиялық жазаға тартылдық. Партиядан шығарылып, итжеккенге айдалып кетер ме едік, біздерді сол Компартияның «азшылық көпшілікке бағынады» деген жарғыдағы қағидасы аман алып қалды. Факультеттің бастауыш партия ұйымында оқытушы-профессорларға қарағанда студенттердің саны басым болатын. Сонда да күнде тергеу-тексеру. Бірде прокуратура, енді бірде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тергеушілері лекцияда отырсың ба, емтихан тапсырып жатсың ба, қарамай алып кететін. «Сендерді алаңға шығуға кім үгіттеді?, «КазГУ-ге келген екі «Волгада» кім болды?» жəне «Телевидениенің операторын кім өлтірді?» Айналдырып осы екі-үш сұрақты қоя береді. «Өз еркімізбен шықтық, ешқандай «Волганы» да, операторды да көргеніміз жоқ» дейміз.

Содан елге, аудандық партия комитетіне қандай отбасынан шыққаныма сұрау салыпты. «Əкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, КПСС мүшесі, 1986 жылдың 25 қаңтарында қайтыс болған. Анасы – көпбалалы, үй шаруасындағы əйел. 1985 жылдың 22 мамырында қайтыс болған» деген хабар алыпты. Мені майдангердің ұлы екен, өзі тұл жетім деп есіркеген жоқ. Жанымызды Компартияның қолымен жасалған қырғыннан сол партиядан алған қызыл билет алып қалды. Осылайша, қанша қуғын-сүргін көрсек те, бүгінде елге белгілі журналист-ұстаз, академик Амантай Шәріп, саясаткер-журналист Нұрлан Нұрғазин, тағы басқа біздің курстың жігіттері мен қыздары Қайрат Рысқұлбеков бастаған желтоқсаншылардың газеттерде жарияланып кеткен сотта түсірілген əйгілі суретін қиып алып, бойтұмардай сақтап жүрді.

Бір пендеден жылы сөз естуге зар болып, жүрегіміз мұз болып қатып қалғанда Жаңа жыл қарсаңында Қазақстан Жазушылар одағында майдангер-ақын Жұбан Молдағалиев Колбинмен болған кездесуде алаңға шыққан жастарды жақтап сөйлеген сөзін естіп, зіл-батпан ауыр мұңнан арылғандай болдық. Оның алдында Жоғарғы Кеңесте еңбек ететін жерлес жазушы Бейбіт Қойшыбаев алаңға шыққан жастарды жақтап сөйлеп, жұмыстан қуылғанын естігенбіз.

Сол күндері жатақханаға кезекшілікке бұрынғы деканымыз, ұлы ұстазымыз Темірбек Қожакеевтің келе қалмасы бар ма?! Алдынан шығып, сəлем беріп, отбасылық бөлмеме бастадым. «Ағай, біздің курсты халық жауындай көріп жатыр», – дедім. Содан бір кең бөлмеге жатақханадағы курстастар төрт көзіміз түгел жиналып, ағаймен түн ұзақ əңгімелестік, жарықтық ақиқаттың адамы еді ғой. «Мен студент жастардың машинаны аударып, өртеп жіберді дегеніне сенбеймін. Мұны тиісті органдар əдейі қолдан ұйымдастырып отыр. Естеріңде болсын, əділдік сендер жақта. Шындық шыңырауда жатпайды, ерте ме, кеш пе, салтанат құрады», – деді. Қыздар жағы көздеріне жас алды. Алаңдағы «ПАЗ» автобусына от қойған құндыз бөрік, былғары тон кигендер мен Сəтбаев көшесінің бойындағы от-жалынға оранған нан сататын дүкен көз алдыма келді. Компартияның шешіміне наразылық танытқан мың-мыңдаған қазақ жастарын «маскүнем, нашақор, бұзақы» деп көрсету үшін отқа оранған 8-9 машина мен бір нан сататын дүкеннің шығыны Кеңес Одағындай алып держава үшін түк те емес еді.

Сол бір қасіретті күндерге биыл 17 желтоқсанда 35 жыл толады. Желтоқсан туралы талай кітап шықты, мерзімді басылымдарда да аз жазылған жоқ. Кейінгі жылдары үлкен де, кіші де көп үңілетін әлеуметтік желіде де бұл тақырып жиі қозғалады. Өзіміз де сол бір аласапыранның тірі куәсі болған соң, әр қырынан баспасөзде болсын, әлеуметтік желіде болсын үздіксіз жазып келеміз. Алаңда жасындай жарқыраған әрбір курстас-достың батылдығы мен қуғын-сүргін көріп жатса да иілмеген қайсарлығын жеке-жеке де жаздық. Мемлекет басшысының жоғарыда сөз болған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты жылашар тұстағы мақаласындағы: «…Азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек», – дегені менің желтоқсаншы замандастарымның көңілін көкке көтеріп, ұлы деканымыз Темірбек ағай айтқан шындықтың шыңырауда жатпайтынына көзімді жеткізгендей. Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болғай!

Амангелді ӘБІЛ, журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.