Дүниежүзілік кітап күніне орай Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы Қайрат Рысқұлбеков саябағында «Біз әлемді үлкен кітапханаға айналдырамыз» атты кітапханалық бульвар өткізді.
Кітаптың адам өміріндегі маңызы, ғылым мен білімнің пайдасы жайлы түсіндіре отырып, кітапхана ісін заманауи бағытта дамытып, жаңа тың идеяларды іргерлетуді мақсат тұтқан шараға зағип, көзі көрмейтін және көзі нашар көретін азаматтар мен балалар қатысты.
Шара шымылдығы әдеби-шығармашылық концертпен түрілді. Сондай-ақ кеш барысында Ә.Нұршайықовтың 100 жылдығына орай «Махаббат, қызық мол жылдар» романынынан үзінді оқылып, Шерхан Мұртаза туындыларының ең үздік кейіпкерлері сомдалды.
Бұдан бөлек, бульварда спорттық алаң жұмыс істеп, ол жерде шахмат, дойбыдан турнир өтті. Бұл жарысқа кітапхананың ерекше оқырмандары қатысты. Кішкентай ізбасарларға кітапхана кафесінде түрлі ойындар ойнатылып, викториналық сұрақтар қойылып, кітаптардан тәтті торт әзірленді. Шатырлы қалашығының жастары жергілікті ақындардың жыр-шумақтарын оқып, поэтикалық батл өткізді. Ал этноауылдың әжелері салт-дәстүрді жаңғыртып, ертегі оқып, ән айтып келушілердің көңілін көтерді. Сонымен қатар, жастар білімі мен біліктілігін арттыру мақсатында өзін-өзі тану тренингтері ұйымдастырылды. 3D форматындағы кітап көрмесі де жиналған қауымның көңілінен шықты.
Шараға белсене атсалысқан «Болашақ» мектеп-интернатының зағип оқырмандары, жоғары, арнаулы орта оқу орындарының студенттері, волонтерлар, үкіметтік емес жастар ұйымдарының өкілдері мен облыс тұрғындары кітапхана ұжымына алғыс білдірді.
Құрбанәлі Аманкелдіұлы