Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел дамуының негізгі бағыттарын айқындайтын баяндама жасайды.
Руслан Желдібайдың айтуынша, V Ұлттық құрылтай 2026 жылғы 20 қаңтарда Қызылорда қаласында өтеді. Президенттің баяндамасы іс-шараның шешуші сәті болмақ.
«Отырыста Мемлекет басшысы Қазақстанның алдағы даму жолдарын айқындап, қоғамдық өмірдің өзекті мәселелеріне тоқталады», – деді баспасөз хатшысы.
Айта кетейік, бүгін Қызылорда қаласында V Ұлттық құрылтай басталды. Форум аясында сарапшылар мен қоғам қайраткерлері Қазақстанның дамуының негізгі бағыттарын талқылайды.
Екі күнге жоспарланған құрылтайдың алғашқы күні төрт панельдік секция форматында өтіп жатыр. Қатысушылар әлеуметтік-мәдени даму, ғылым мен білім беру секілді кең ауқымды мәселелерді қарастыруда.
Әлеуметтік-мәдени даму мәселелеріне арналған секцияға Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ал білім беру мен ғылымға арналған секцияға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жетекшілік етті.
Күннің екінші жартысында форум қатысушылары азаматтық қоғам және экономикалық даму тақырыптарына назар аударады. Бұл бағыттар елдің болашағына тікелей ықпал ететін өзекті мәселелер ретінде қарастырылмақ.
Құрылтай барысында Қазақстанның алдағы даму жолын айқындайтын стратегиялық маңызы бар бастамалар мен шешімдер талқыланады. Сондай-ақ құрылтай мүшелері облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап, өңірде жүзеге асырылып жатқан жобалар мен инфрақұрылымның қазіргі жай-күйімен танысады.