Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биылғы наурыз-мамыр айларында 4 100 тал егу жоспарлануда

0 363

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтті.
Жиында «Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің жұмысы тыңдалып, көктемге межеленген жоспары талқыланды.
«Жасыл Ел-Тараз» мекемесінің директоры Азамат Әбішевтің айтуынша, қазіргі таңда мекемеде 804 адам еңбек етеді. Биыл наурыз-мамыр айларында кестеге сәйкес, қала аумағында 4100 дана жабық тамырлы 1-ші санаттағы ағаш түрлерін отырғызу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы Мәдениет үйі саябағы, әуежай сквері, Арбат 1, теміржол бекеті, Саңырақ батыр сквері және өзге де демалыс орындарына жас өскін егіледі.
Бұдан бөлек, қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарларға гүл отырғызу көзделсе, оның 5000 шаршы метр сәуір айында егілмек. Бұған қосымша 627 шаршы метр қазандықтарға гүл көшеті отырғызылады.
Көпжылдық гүлдерден 15 мың дана раушан гүлін Абай, Төле би көшелеріне, Жамбыл даңғылына, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелеріне және үлкен көше қиылыстарына отырғызу жоспарлануда.
Шаһар аумағындағы көшелер бойына 9 мың шаршы метр көгалдар сеуіп, өсіру межеленіп отыр.
Өз кезегінде қала әкімі гүлдерді егіп ғана қоймай оларды түрлендіру қажеттігін қатаң ескертіп, жас өскіндерді отырғызбас бұрын оларды суару мәселесін шешуді тапсырды.
Аппараттық кеңесте қала бюджетінің болжамды орындалуы мен шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы да қаралып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктелді. Одан бөлек спорт алаңшаларын жөндеу, балалардың жазғы лагерін ұйымдастыру, әз Наурыз мерекесіне дайындық мәселесі де назардан тыс қалмады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.