Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биылғы халық санағының ерекшелігі неде?

0 725

1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында үшінші Ұлттық халық санағы өтеді. 1950 жылдан бері БҰҰ әр 10 жыл сайын бүкіл әлемдік халық санағын ұйымдастыруда. 2004 жылы әдеттегі он жылдық кезең (1994-2004жж.) аяқталды. XXI ғасырдың басында әлемде халық санағы өткізілмеген бірде-бір ел қалмады. Ұлттық санақ қорытындылары өзара сәйкес келу керек, ал негізгі қорытындылар бүкіл әлемдік халық санағының бөлігі болып есептеледі. Бұл өз кезегінде әлемдік экономиканың жаһандану дәуірінде үлкен мәнге ие болып отыр.

Халық санағы – белгілі бір уақыт шеңберінде бүкіл елдің халқының немесе оның бір бөлігінің демографиялық, экономикалық, әлеуметтік сипаттағы ақпаратын жинау, өңдеу, жариялау, тарату мақсатындағы жалпы мемлекеттік статистикалық шаралар. Халық санағында сол аумақтағы халықтың саны, құрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жиналады. Сонымен қатар халық өмірінің қырларын таңдамалы түрде немесе үй шаруашылығын есепке алуда қолданылады. Санақ қорытындылары бойынша халықтың табиғи және миграциялық қозғалысын нақтылауға болады.
Тұрғындар туралы деректерді жинау негізі 2 жолмен жүргізіледі.

Бірінші әдіс – sanaq.gov.kz сайтында интернет сауалнама жүргізу. Ол виртуал көмекші арқылы, қай жерде отырғанына қарамастан, өзі және отбасы жайлы санақ парағын толтыруға мүмкіндік береді.
Екіншісі – қажетті санитарлық нормаларды сақтай отырып, дәстүрлі аралау. Бұл онлайн режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында жүргізіледі. Осы орайда «Халық санағы – 2021 жылы қашан және қалай өтеді?» деген сұрақ туындайды. Мамандардың айтуынша, Қазақстанда кезекті халық санағы 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 30 қазаны аралығында өтпек. Санақ ұраны – «Қазақстанда әркім маңызды». Ұлттық Статистика бюросы биыл санақты өткізу процесі автоматтандырылғанын және оған заманауи сандық технологиялар енгізілгенін хабарлады. Биыл сауалнама парақтарын онлайн режимде өз бетінше немесе үй-үйді аралау кезінде офлайн толтыру мүмкіндігі қарастырылған. 1 қыркүйектен бастап sanaq.gov.kz сайты жұмысын бастайды, мұнда қазақстандықтар 15 қазанға дейін онлайн режимде сұрақтарға жауап бере алады. Ал дәстүрлі жалпы аралау 1-30 қазан аралығында өтеді және ол белгіленген мерзім ішінде санаққа онлайн қатыспаған респонденттер арасында жүргізіледі. Бұл кезеңнің жаңалығы – үй аралау кезінде электронды планшет қолданады. Бұл санақ жүргізетін қызметкерлердің еңбек шығынын төмендетуге, мәліметтер сапасына, адам факторының ықпалын азайтуға, ЖСН енгізе отырып, санақ мәліметтерінің нақтылық деңгейін арттыруға, қағазбен кеңселік құралдарды айтарлықтай үнемдеуге, сондай-ақ интервьюерлер үшін қолайлылық пен олардың жинақылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Sanaq.gov.kz қалай жұмыс істейді?

Жүйе тәулік бойы қолжетімді болады. Респондент санаққа қатысу үшін өзіне ыңғайлы кез-келген уақытты таңдай алады, сондай-ақ сайтта бланкты толтыруды тоқтату және оны толтыруды кейін қайта жалғастыру мүмкіндігі болады. Сонымен қатар, egov.kz электронды үкімет платформасында sanaq.gov.kz сайтының қосымша парағы орналастырылады, ол арқылы электронды цифрлы қолтаңбаны қолданып, санаққа қатысады. Сондай-ақ респонденттер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, әкімдіктерде, пошта бөлімшелерінде, мектептерде сынды нысандарда орналасатын арнайы ұйымдастырылған нұсқаушы учаскелерде санақтан өте алады.
Халық санағын өткізу үшін 91 сұрақтан тұратын санақ парақтары әзірленген. 8 сұрақ бірге тұратын отбасы мүшелеріне, 8 сұрақ және 3 сұрақ – тұрғынүй жағдайына, 60 сұрақ жеке басына қатысты болады. Санақ парақтарына көші-қон жөніндегі (Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуды жоспарлау, негізгі себептері мен мерзімдері туралы), неке жағдайы туралы (қазіргі (немесе қайта) некеге тұру туралы), Жұмыспен қамту жөніндегі (уақытша жұмыспен қамтылмау себептері, жұмыстан тұрақты тұратын жеріне оралу кезеңділігі туралы), тілдерді меңгеру дәрежесі және діни ұстанымы туралы сұрақтар енгізілген.

Халық санағының шығыны төмендеді

Заманауи технологияларды қолданудың арқасында 2021 жылғы Ұлттық халық санағын өткізу 2009 жылғы халық санағын өткізуге қарағанда 2,6 есе арзанға түседі. Бұл туралы Орталық коммуникация-лар қызметінде өткен брифингте Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов хабарлады.

«2018 жылдан бастап 2023 жылға дейінгі кезеңде халық санағын жүргізуге бюджеттен 9,1 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде санақ қызметкерлерінің қызметіне ақы төлеуге 4,7 миллиард теңге бөлінді. Осы кезеңде 32 313 адам жұмысқа орналастырылады. 2021 жылғы халық санағын өткізуде бір адамға жұмсалатын шығын 1,1 АҚШ долларын құрайды. Мысалы, 2009 жылғы халық санағы кезінде мұндай сәйкес шығын 2,9 АҚШ долларын құрады», – дейді Н.Айдапкелов.

Қазіргі уақытта барлық санақ жүргізушілермен ақылы қызмет көрсету туралы келісімшарт жасалып жатыр екен. Халық санағы шығындарының төмендеуі сандық технологияларды енгізумен және халық санағы бойынша деректерді жинау процесін автоматтандырумен байланысты. Санақ жүргізу үшін 1,1 миллиард теңге сомасына қуаттау құрылғылары мен тысқаптары бар 27 412 планшет сатып алынған. Сонымен қатар санақ аяқталғаннан кейін бұл планшеттер мүдделі мемлекеттік органдарға берілмек.

Сall-орталық жұмыс жасайды

2021 жылдың Ұлттық санағы кезінде «1446» бірыңғай call-орталығы жұмыс жасайды. «1446» – елдің барлық аумағындағы мобильді және стационар телефондар үшін бірыңғай нөмір болады. Сондай-ақ, 8 8000 800 878 нөмірі жұмыс жасайды. Сall-орталыққа қоңырау шалу тегін. Респондент call-орталыққа 1446 нөмірі бойынша қоңырау шалған кезде, кейбір белгіленген сұрақтар бойынша аймақтардағы және Бюроның Орталық аппараттағы сәйкес телефон нөмірлеріне автоматты түрде қосылады. Сонымен қатар, респонденттер кез-келген арыз-сауалмен немесе кеңес алу үшін Бюроның stat.gov.kz интернет-ресурсы, Бюро басшысының блогы, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы жүгіне алады.

Құралай Сейсенбекқызы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.