Күннен-күнге өркендеген Тараз қаласы шұрайлы шежіресіне қоса шырайлы көркімен де талайдың таңданысын тудырып келеді. Бұл бір жағынан көне шаһардың туризм орталығына айналуын жеделдете түседі. Әсіресе, көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қалаға аялдаған әрбір адамның назарын бірден аударары сөзсіз. Сондықтан бірер жылдың бедерінде Таразда осы бағытта ілкімді істер қолға алынды.
Бүгінде Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі үй бар. Оның ішінде 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Соған байланысты 2011-2024 жылдар аралығында 553 үй 22,546 миллиард теңгеге республикалық, жергілікті бюджеттерден және қайтарымды қаражат есебінен ағымдағы және күрделі жөндеуден өтті. Қалған 550 үйді жаңғырту алдағы уақытқа жоспарланып отыр.
Осы ретте айта кетерлігі, тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының шеңберінде 2024 жылы Тараз қаласында орналасқан 53 көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 5, 086 636 миллиард теңге бөлініп, «Тұрғын үй жөндеу-Тараз» ЖШС тарапынан күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, былтыр қайтарым қаражат есебінен 5 жатақхана мен 5 көпқабатты тұрғын үй толығымен жаңартылды. Осылайша, өткен жылдың өзінде 63 тұрғын үй жаңа кейіпке енді.
Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып, 73 үйді күрделі жөндеуден өткізу көзделуде. Осы мақсатта бюджеттік өтінім Құрылыс және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитетіне ұсынылған.
Еркін САЙЫН