Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында баспасөз конференциясын өткізуде. Өз сөзінде Бақытжан Әмірбекұлы облыс орталығына инвестиция тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 8 қыркүйекте жасаған Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар міндеттерді тапсырды. Оның ішінде инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталған өткен болатын. Бұл бағытта қаламызда бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз ету үшін жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз қажет. 2023-2024 жылдары жалпы құны 21,4 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба іске асырылып, онда 395 жаңа жұмыс орындары құрылды, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Ал ағымдағы жылдың есепті кезеңіне 17,1 млрд теңгеге 12 жоба іске қосылып, жыл соңына дейін тағы 5,4 млрд теңгеге 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалардың аясында 484 жаңа жұмыс орындары құрылады.