«Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенетіні белгілі. Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да, жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек. Бүгінде облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген.
Бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында кеңінен тоқталған болатын.
– Былтыр 87,5 шақырымды құрайтын 145 көшеге асфальт жабындысы төселіп, Саңырық батыр мен Д.Шостакович көшелері қайта жаңғыртудан өтті. Осының нәтижесінде, қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61-ден 65 пайызға дейін артты. Ал биыл жалпы ұзындығы 68,6 шақырымды құрайтын 118 көше және 18 шақырым жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтуде. Бұдан бөлек, «Коммунальник», «Лето», «Ветеран», «Химик», «Юбилейный» және «Победа» алқаптарындағы жалпы ұзындығы 73,8 шақырымды құрайтын 165 көшедегі шағал жол да жаңғыртылуда. Осының арқасында қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 70 пайызға дейін жеткізуді көздеп отырмыз, – деген Бақытжан Әмірбекұлы шалғай алқаптардың жолдарына да айрықша назар аударылғанын тілге тиек етті.
Оның айтуы бойынша, көптен бері өзекті мәселе болып келген «Бурыл А,Б,В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, былтыр «Бурыл» алқабындағы 75 көшенің 13-і асфальтталса, биыл қалған көшелерге толықтай асфальт жабындысының бірінші қабаты төселеді. Ал «Барысхан» тұрғын алқабында биыл 8 көше асфальт жолдың игілігін көреді. Сондай-ақ ағымдағы жылы қала көшелері мен шағынаудандардың ішкі жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарына да қаржы 5 есе көбейтіліп, мердігерлер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Еркін Сайын