Біздің кең-байтақ Қазақстанымыз өзінің бай тарихымен, төл мәдениетімен әйгілі. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Олардың барлығы біртұтас халық – қазақстандықтар және ортақ үйіміз Қазақстанның дамуы мен гүлденуіне өлшеусіз үлестерін қосуда. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып келеді десек, артық айтқандық емес.
Тарихқа көз жіберсек, ХХ ғасырдың 30-шы жылдары мен 50-ші жылдарының басында КСРО-да көптеген адамдарды, тіпті тұтастай халықтарды күштеп жер аудару орын алған. Сол жылдары ұлттық мүддені қорғаған зиялыларды, қарапайым еңбек адамдарын жазықсыз қудаласа, кейіннен бұл саясат шекаралық аймақтағы тұтастай халықтарды туған жерінен айырып, басқа аймаққа күшпен жер аудартты. Оларды қоныстандырған жердің негізгі қатарында Қазақстан да бар болатын. Осындай аласапыран заманда еліміздегі демографиялық ахуалдың күрт төмендеуін жер аударылғандар толықтырды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде гитлерлік әскер мен режимге жәрдемдесті деген сылтаумен Еділ бойындағы немістер, Солтүстік Кавказ, Қырым жағалауын мекендеуші біраз халық туған жерінен тыс, алыс жерлерге күшпен жер аударылды.
Екінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында және майдан жылдарында Қазақстанға жер аударылған корей, шешен, ингуш, түрік, болгар, Қырым татарлары және басқа халықтар мен этникалық топ өкілдері халық шаруашылығының барлық саласында еңбек етіп, оның өркендеуіне өз үлестерін қосты. 1957 жылы олардың елдеріне қайтуына, ұлттық мемлекеттік құрылымдарының қалпына келтірілуіне байланысты КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтары мен КСРО үкіметінің қаулы-қарарларына қарамастан, олардың негізгі бөлігі осында түпкілікті қалып қойды. Бүгінде олардың бәрі Қазақстан топырағында бақытты ғұмыр кешуде.
Қазақстан егемендікке қатар ие болған ТМД елдерінің арасында көптеген көрсеткіштер бойынша көш бастады. Жалпы 1993 жылғы қабылданған Конституция мемлекеттік билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі мен қарым-қатынасын реттеуге қауқарсыздық танытты. 1994 жылы он үшінші шақырылған Жоғарғы Кеңес саяси дағдарыс салдарынан өзін-өзі тарату жөнінде шешім қабылдады. Осы саяси күрделі кезеңде ел халқының басын біріктіретін, этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан қоғамның барлық өкілін ортақ мақсатқа жұмылдыратын беделді ұйым құру тарихи қажеттілік еді. 1995 жылғы 1 наурызда сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлыққа қол қойды. Мұндай институтты құру қажеттілігі саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған, тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялы мемлекеттің тұрақты дамуы тұрғысынан туындаған еді. Аталған бастама мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт еді.
30 жылға жуық тарихында Ассамблея қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Сол жылы 24 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясының І сессиясы шақырылды. Сессия жұмысына мемлекеттік құрылымдардың басшыларынан бөлек, шығармашылық интеллигенция, қоғам мен мемлекет қайраткерлері және еліміздегі сан алуан ұлыс өкілдері қатысты. Ал 1995 жылы 29 маусымда өткізілген Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясында негізгі заңның басты басымдықтарын айқындап, оның жобасын алғаш рет қоғамдық талқылауға ұсынды. 1996 жылы өткен Ассамблеяның ІІІ сессиясында мемлекетаралық ықпалдасуды жетілдіру, егемендікті нығайту және қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселелері талқыға салынды. Қазақстан азаматтарының ұлттық идея айналасында ұйысуы маңызды екені де айтылды. Ассамблеяның ІV сессиясы ерекше жағдайда өтті. Өйткені сессия бірінші рет жаңа астанамызда өткізілген болатын. 1999 жылғы 21 қаңтарда Ассамблеяның V сессиясы шақырылып, ол «Ұлттық келісім – Қазақстанның тұрақтылығы мен дамуының негізі» тақырыбына арналды. Ассамблеяның VІ сессиясы жаңа мыңжылдықтағы елдің мемлекеттік ұлттық саясатындағы басым бағыттарды айқындауға бағытталды. Онда еліміздің сындарлы дамуы үшін әрбір азаматтың ұстанымы мен отансүйгіштігінің маңызды екені сөз болды. Ассамблеяның кезекті VІІ сессиясы «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде белгіленген 2000 жылғы 15 желтоқсанда өтті. Сессия барысында ұлт саясатында жаңа кезең – азаматтық біртұтастықтан мәдени ортақтастыққа қадам басу туралы бастама көтерілді. Тәуелсіздіктің он жылдығы қарсаңында өткен Ассамблеяның VІІІ сессиясында қазақстандық қоғамды терроризм мен экстремизмге қарсы топтастыру, экономика және әлеуметтік мазмұндағы этностық саясат ауқымын кеңейту, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуді күшейту, жалпықазақстандық мәдениеттің одан әрі дамуына ықпал ету, мемлекеттің ұлт саясатын іске асыруда Ассамблея жұмысының тиімділігін арттыру мақсаттары айқындалды. 2002 жылғы 15 қарашада өткен Ассамблеяның ІX сессиясында Қазақстанның ерекшелігін ескере отырып, ұлттық қауіпсіздік және ұлттық саясатты жүргізу мәселелері көтерілді. Ал Ассамблеяның Х сессиясы еліміздің экономикалық жүйелі даму жолына түскен 2003 жылғы 20 тамызда шақырылды. Сессия барысында мемлекеттік ұлттық саясат тетіктеріне оң баға берілді. Сонымен қатар 2005 жылғы 22 қарашада өткен Ассамблеяның кезекті ХІІ сессиясында бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру мәселесін алға қойып, сауатты ұлттық саясаттың, қазақстандық патриотизм мен тіл саясатының маңызды екендігін атады. Мемлекеттік тілді дамыту бірінші кезектегі басымдық ретінде айқындалды. Ассамблеяның ХІІІ сессиясында: «Біз қоғамды басты ұлттық басымдықтар төңірегінде топтастыруға тиіспіз. Олар – тыныштық, тұрақтылық және келісім» тақырыбы күн тәртібіне көтерілді. Демократиялық үрдістерді одан әрі ырықтандыруға бағытталған конституциялық реформалар нәтижесінде Ассамблеяның саяси мәртебесі жаңа деңгейге көтерілді. Алдымен Ассамблея атауындағы бұрынғы «халықтары» сөзі «халқы» сөзімен алмастырылды. Бұл өзгеріс елдегі ұлттық бірлік сипатын конституциялық деңгейде сәйкестендіру бағытындағы бетбұрыс кезеңі еді. Сонымен қатар ХІV сессия Ассамблеяның жаңа кезеңге қадам басқанын айқындап берді.
Ел бірлігін қамтамасыз ету – кез келген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет құрудың айнымас негізгі шарты. Мемлекеттің экономикалық өсіп-өркендеуі, әлеуметтік ілгерілеуі, демократиялық дамуы қоғам бірлігі ұйысқан жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін. Ал қалған міндеттерді шешу жолында әлем мойындаған Қазақстанға қажетті экономикалық, саяси және әлеуметтік ресурстар жеткілікті. Доктрина халықаралық тәжірибені терең талдай отырып, қазақстандық шынайылық негізінде дүниеге келді. Ол қазақ мемлекеттілігі мен дәстүрінің ғасырлар бойы жинақталған тәжірибесіне негізделеді. Мәдениеттер мен өркениеттер тоғысында орналасқан халықтың даналығы мен өзара құрмет қасиетін негізге ала отырып, барша азаматтың этностық тегіне, әлеуметтік, діни ерекшелігі мен шығу тегіне қарамастан, ортақ идея төңірегіне ұйысуы «Ел бірлігі» ұғымының берік орнығуына негіз болды. Доктринада қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданыс аясын кеңейту мәселесіне ерекше назар аударылды: мемлекеттік тілді меңгеру әркімнің парызы мен міндеті, жеке бәсекеге қабілеттілігі мен қоғамдық өмірге атсалысудағы белсенділігін айқындайтын ұмтылысы мен ынталануына айналуы қажет. Бұл шешуші басымдық рухани және ұлттық бірліктің негізгі факторы ретінде нақтыланды. Доктрина мемлекетіміздің қалыптасу кезіндегі проблемалар мен оны еңсеруге бағытталған шешімдердің, сондай-ақ ел бірлігін қалыптастыру жұмыстарының заңды жалғасына айналды.
Елде тұратын барша ұлт өкілдері Бәйдібек бабамыз армандағандай, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай етуге көшбасшылық күш-жігерін де, тұлғалық парызын да салды. Әрине, халықтар достығы туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында Президент Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына арнайы барғанын, кездесу кезінде жұртшылық Ассамблея мүшелеріне зор ризашылық білдіргенін баса айтты.
– Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көпжылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея мүшелері «Қайырымдылық керуені» жобасы арқылы мұқтаж жандарға үнемі қолдау көрсетіп жүр. Былтырдың өзінде құны 1,7 миллиард теңгеден асатын көмек берілді. Бірлігі мықты халықтың күш-қуаты азаматтардың бір-біріне деген осындай қамқорлығынан айқын көрінеді, – деді Мемлекет басшысы.
Жалпы Ассамблея қызметінің арқасында Қазақстанда этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, әрбір азаматтың Конституциямен кепілдік берілген азаматтық құқықтары мен еркіндігі толығымен қолданылатын этносаралық және конфессияаралық келісімнің айрықша үлгісі қалыптасты. Қазақстанның көпэтностық бай кеңістігінде сенім, келісім мен өзара түсіністік үлгісі орнады. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің өзінің саны тұрақты өсуде, қазір олар 800-ден асады, оның ішінде 28-і республикалық. 15 тілде газет-журнал, 8 тілде радиобағдарламалар, 7 тілде телебағдарламалар шығады. Әр жыл сайын Қазақстан этностарының тілдерінде ондаған жаңа кітаптар жарық көреді. Жыл сайынға халықтық мерекелер Наурыз, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі мерекесі, Масленица, сабантой дәстүрге айналды. Егер мемлекеттің қалыптасу кезеңінде басты міндет этносаралық төзімділік пен қоғамдық келісім негізінде қоғамды ұйыстыру болса, ел дамуының жаңа кезеңінде – стратегиялық басымдық ретінде қоғамның барлық азаматтары мойындаған ортақ құндылықтар мен қағидаттар жүйесіне негізделген ұлт бірлігіне жету. Сондықтан 2010 жылы сәуірде азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың, азаматтардың сындарлы ұсыныстарын жинақтаған Қазақстанның ел бірлігі доктринасы қабылданды. Қазақстанның ел бірлігі доктринасы – халықтың уақыт талабына сәйкес бірігу қажеттігін түсінуіне негіз. Бұл – бізді қандай күш біріктіреді және біртұтас етеді, соны түсінудің тәсілі. Бұл – болашаққа бірігіп ұмтылудың серпіні.
Жүзден астам ұлт пен ұлыстарды ұйытпақ түгілі, бір отбасының берекесін келтіріп, ынтымағын жарастырып отыруға да саясат керек, ақыл мен парасатқа суарылған сабыр, сыйластық қажет екендігін есті адам ұғады. Бізде халық біреу – Қазақстан халқы. Түптеп келгенде, біз осы идеологиялық қадамның қазақтың ұлт ретінде әрі қарай нығаюына, этностық топтар өкілдерінің жай ғана қазақстандық тұрғын емес, ділі мен дүниетанымының қазақстандық рухта қалыптасуына барынша ықпал ету жағын басты нысана етіп алуымыз керек.
Ежелгі Қытай философы Конфуцийдің: «Алға қарай жүрмеген адам кері кетеді», – деген даналық сөзі бар. Ендеше, қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этнос өкілдері бір атаның балаларындай, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара бірігіп, көрнекті істің көмілмейтінін, біріге істегеннің берік болатынын көкейге түйе отырып, ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы – еңбекке жұмылуға тиіс. Сонда ғана біз Ұлы дала жерінде тұратын әрбір азаматтың, әрбір отбасының ұлы тәуелсіздігіміздің желбіреген көк туының астында елі мен жері үшін атқарған ерен еңбегін мақтан тұтып, бақытты болашаққа беттегенін көреміз.
Жұматай КӨКСУБАЙҰЛЫ