Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлік – қиындықты жеңудің басты жолы

0 470

Бүкіл әлемді дүрліктірген зұлапат індет- короновирус дерті күн санап артып отырған кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы халқымыздың алаңдаған көңіліне ерік-жігер беріп, бірлескен іс-қимылдарға жаңа серпін қосты.

Елбасы атап көрсеткендей мың өліп, мың тірілген, талай алапаттардан аман шыға білген халықтың рухы мықты, өзіне сенімді ұрпағы қандай қиындық болса жеңе біледі. Тек осындай сын сағатында халқымыздың бойында бар басты құндылықтар мен дәстүрімізді жаңаша жаңартуымыз қажет. Сондықтан Елбасымыздың қоғамда үрей таратып, байбалам тудыру әрекеттерінің орнына игілікті істер, ғылым-біліммен шұғылдануға шақыруы саналы түрде өзін, ұрпағын, елі мен Отанын ойлаған әрбір Қазақстандыққа уақытша басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге деген сенім мен рух берді. Әсіресе, ғасырлар бойы аңсаған, бүгінгі қол жеткізген тәуелсіздігімізді мәңгі баянды ету- бәріміздің ортақ мақсат- міндетіміз. Елбасы президент Қ.Тоқаевтың, үкіметтің қабылдап, іске асырып жатқан сақтандыру шаралары мен жағдайды оңалту үшін іс-шараларының дер кезінде қабылдануы арқылы індеттің басқа елдерге қарағанда күшейіп кең етек алып кетпеуіне, ахуалды тұрақты түрде назарда ұстауға мүмкіндік бергенін баса айтып, оң бағасын берді.

Сонымен бірге бүгінгі таңдағы бұл бағыттағы жұмыстарды қатаң және жүйелі түрде жүргізе беру қажеттілігіне де тоқталды.​

Н.Назарбаевтың «Еліміздің ең үлкен байлығы адам мен оның өмірі болғандықтан әрбір адам өзінің отбасының, ата-анасы мен бала-шағасының өміріне, денсаулығына зор жанашырлықпен, ерекше жауапкершілікпен қарауы керек» дейді, ал бұл – әрбір Қазақстандық үшін ең басты кредо болуы керек!
«Жұт жеті ағайынды» дегендей, адамзатқа қауіп төндіріп отырған індетпен тұспа-тұс келген мұнай бағасының құлдырауы, бүкіл әлемдік экономикалық дағдарыс бұрын болмаған ауқымды рецессияға әкелді, жұмыссыздық көбейді. Бірақ соған қарамастан Елбасының сардалы саясатының арқасында кезінде қабылданған таяу және ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламалар, соның ішінде «Қазақстан-2050», стратегиясы, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы экономикамызды әртараптандыруға, ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік өнімдерін арттыруға, қаржы және материалдық ресурстарды молайтуға мүмкіндіктер берді. Сондықтан аса абыржуға негіз жоқ.

Әрине бұл арқаны кеңге салуға болады деу емес. Қазақ халқы өзіміздегі және әлемдегі әр кезеңдерде жайлаған жойқын соғыстарды, мыңдаған, миллиондаған адамдарды жалмаған індеттерді аз көрген жоқ. Тарихи үрдістерден әрдайым оң шешім қабылдай білу аса қажет. Сондықтан бүгінгі орын алып отырған қиындықтардан мейлінше аз шығындармен шығумен қатар, Елбасы атап көрсеткендей бүгін және алдағы уақытта өзгеше ойлауға дағдыланған жұмыс тәсілдерін жетілдіруге, еңбекті ұйымдастырудың креативтік әдістерін меңгеруге ұмтылуымыздың маңыздылығына баса мән берді.

Береке-бірліктің арқасында бүгін еліміздің орасан жетістіктерін еселеп, болашақ ұрпағымыздың мүддесі үшін ата-бабаларымыз мұра еткен құндылықтарды арттырумыз қажет. Әсіресе ұрпақ пен дәстүр сабақтастығын, ел бірлігін, ақ пейіл мен бауырмашылдықты арттыра беруіміз қажет.

«Арғымақтың белгісі- азғанын білдірмес, Азаматтың белгісі- қайғырса да бүгілмес» дегендей Елбасымыздың «Біз біргеміз, қиындыққа қайыспай, белімізді бекем буып, береке бірлігімізден айрылмайық, сонда ғана біз қастерлі тәуелсіздігімізді сақтап, Қазақстанды «Мәңгілік ел» болуға лайықты ете аламыз» деген тұжырымы әрбіріміз үшін басты өмірлік ұстанымымыз болу керек.

А.Абдуалы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің бірінші проректоры, т,ғ,д., профессор

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.