Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлігі бекем елдің тірлігі түзу

0 164

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңгі күнге бетбұрысын айқындап берді. Құнды құжатта саяси реформалар мен әлеуметтік, экономикалық бағыттарда атқарылатын іс-шаралар туралы кеңінен айтылды.

Алдымен Жолдауда саяси жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасы ұсынылды. Әрине, бұл қоғамның сұранысынан туындап отырғаны анық. Әсіресе Мемлекет басшысының жаңа облыстарды ашу туралы ұсынысы көпшіліктің көңіліне бірден қона кетті. Әрі ол аймақтардың Жетісу, Абай, Ұлытау деп аталуының да маңызы зор. Бір облысқа дала данышпаны Абайдың есімі берілуі тек шығыстықтардың ғана емес, күллі қазақтың абыройын асқақтатты. Ал Ұлытау – тарихымыздың алтын діңгегі. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың есімі Қапшағай қаласына берілуі – тұлғаның беделін биіктетіп қана қоймай, 110 жылдық торқалы тойына жасалған сый-құрметтің ең үлкені. Бұл туралы Мемлекет басшысы: «Біз ұлан-ғайыр жеріміздің байырғы атауларын, ұлы тұлғаларымыздың есімін ұрпақ санасында жаңғырта береміз», – деп ерекше атап өтті.
Жаңа аймақтарды құруда Президент Түркістанның облыс орталығына айналу тәжірибесін негізге алу қажеттігін баса айтты. Жаңа облыстар құрылып, оларға әкімдер тағайындалды. Ендігі кезекте оларды сапалы мамандармен қамтамасыз ету мәселесі тұр. Бұл талай жастың екі қолға бір күрек табуына жол ашады. Осылайша жұмыссыздық мәселесінің де оң шешімін табуға болады.
Әлбетте, Жаңа Қазақстанның негізі саяси және экономикалық реформалармен қалануы керек. Осы Жолдау ел өмірінде орын алатын бірқатар оң өзгерістерге жол көрсетіп тұр. Қазақта «Бірлігі бекем елді жау алмайды» деген аталы сөз бар. Президент те Жолдауда: «Осы күндерде жұртымыз тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінді. Біз мызғымас бірліктің арқасында мемлекетімізді қорғап қалдық. Ұлт пен мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу менің міндетім деп білемін. Ең бастысы – еліміздің егемендігі, тәуелсіздігіміз бәрінен қымбат. Маған ең алдымен елімнің амандығы мен жерімнің тұтастығынан асқан ешбір құндылық жоқ. Біз өзіміздің басты игілігіміз – тәуелсіздігімізді сақтауға, ұлттық бірегейлік негіздерін бекемдеуге, елімізді трансформациялауға жұмылуға тиіспіз. Бұл – біздің болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті парызымыз. Жаңа Қазақстанда біздің басты ұстанатын қағидамыз – әртүрлі көзқарастарды есепке ала отырып, біртұтас ұлтты сақтау», – деді. Расында, бізге татулықтың, бірігіп тізе қосудың қаншалықты қажет екендігін қаралы қаңтар оқиғасы айғақтап берді. Егемендігімізден айырылып қалғалы тұрған елең-алаң шақта Қасым-Жомарт Кемелұлы жедел әрі ұтқыр шешім қабылдап, қауіп бұлтын сейілтті. Сын сағатта тікелей эфирде бірнеше мәрте үндеу жасап, тұрақтылық пен татулықтың маңыздылығын санамызға шегеледі. Ел тыныштығын бұзатын қате әрекеттерге жол бермеуге шақырды. Көкірегінде көзі бар әрбір азамат сол сәтте біз үшін тәуелсіздіктен артық құндылық жоқ екендігін жан дүниесімен сезінді. Президенттің Жолдауы да осыны бізге тағы бір рет ұғындырып тұрғандай.
Құнды құжаттан сайлау жүйесі, партияларды тіркеу, халықтың әл-ауқатын көтеру сынды мәселелер назардан тыс қалмады. Рухымызды оятып, санамызға сілкініс жасаған Жолдауда, бір сөзбен айтқанда, көптеген бастамалар көтеріліп, нақты міндеттер қойылды. Ал сол міндеттерді іске асыру – баршамызға ортақ іс. Ол үшін де өзара ынтымақ пен бірлік керек. Себебі бірлігі бекем елдің тірлігі қашанда түзу. Жолдауда айтылған әрбір тапсырма жүйелі жүзеге асар болса, келешегіміз кемел, болашағымыз нұрлы болып, көкжиегіміз кеңейе түсері сөз.

Абдукарим Абделі, Тараз қалалық мәслихатының депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.