Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлігі бекем ел озады

0 42

Еліміздің батыс аймағында еріген қар суынан өзендер арнасынан асып, Атырау облысы, Жылой ауданының Құлсары қаласын су басты деген жайсыз хабар тарағанына да біраз күндер болды.
Осы суық хабар тарағалы ауданымыздың белсенді азаматтары жайбарақат отырмай, көмек қолын созудың әрекетін бастап кетті. Қашан да белсенділік танытып жүретін ауданымыздың кәсіпкерлері Бәкен Бейсебаев, Лаура Серікбаева, Айдар Жиенқұловтар, аудандық мәслихат депутаттары Бекболат Өткелбаев, Қанат Көшербаев, Бағлан Жүнісбековтер халықты көмек жинауға атсалысуға шақырып үндеу тастаған болатын. Мойынқұмнан Құлсарыға қолдау қорын жинай бастады.
Аудан орталығының батысында орналасқан бұрынғы «ПМК-2006»-ның бос тұрған ғимаратынан азық-түлік, киім-кешек, көрпе-төсек тағы да басқа заттар жинақтау орны ашылды.
Бір аптаның ішінде біршама заттай және ақшалай 7 миллионнан аса қаржы жиналды. Осы іс-шара басталғанына 2-3 күн өткенде ауылымыздың азаматы, жеке кәсіпкер Ерлан Ибраев өзінің тарапынан «Камаз» автокөлігін тіркемесімен ұсынып, Құлсарыға жиналған заттарды апарып беруге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Қылышбай ауылының тұрғындары Бауыржан Жұмағұлов, Бексұлтан Елеубек, Көсембек Аталық, Мойынқұм ауылының тұрғындары Айдар Смағұлов, Мейрамбай Өтебай, Медет Жақсылықбайлар өздерінің «Газель» автокөліктерін ұсынды. Сонымен жол шығыны, алыс жолға қолайлылықты ескере отырып, «Газельдер» баратын болып таңдалды. Көмек қолын созып келген Ерлан Ибраевтан қолын қайтарғаным үшін кешірім сұраймын,- дейді Бәкен Тұрарқұлұлы.
Игі істің басы қасында жүрген азаматтарымызды қолдаған ел қарасы көп болды. Аудан көлеміндегі ауылдардың бәрі заттай, ақшалай қор жинап, аудан орталығына жеткізіп берді. Гуманитарлық көмек қорының алғашқы легі Шығанақ, Бірлік, Ақсүйек, Мыңарал ауылдарынан жеткізіле бастады.
Айта кетейік осыдан 1 ай бұрын Мойынқұм ауданынан 4 миллион теңгеден астам қаражат жиналып, Қарағанды облысы, Шет ауданына да жіберілген болатын.
Ақ жол! Еліміз аман – жұртымыз тыныш болсын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.