Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бірлігі бекем ел мықты

0 325

«Бейбіт елде – сән бөлек, бүлінген елде – дау бөлек» деп бірлігі бекем елдің сәні айрықша екенін жырлап кеткен Төле би бабамыздың бұл сөзі бүгінгі бізге ұран болмақ.

Асылында, туған елдің ынтымағы мен бірлігін, тыныштығы мен тәуелсіздігін бейбіт күнде өмір сүрген қазіргі ұрпақтан, түрлі майдан мен жорықтан, соғыс пен сұрапылдан көз ашпаған алдыңғы ата-бабаларымыз тереңінен ұққан. Ұғып қана қоймай, ел мен жердің қадіріне жете біліп, Отанды сүюдің шын үлгісін көрсетіп кетті.
Бүгінгі таңда азат елдің таңы арайлап атуы үшін батырларымыз секілді басты бәйгеге тігіп, соғыс майданында жүру міндет емес. Қазір елдіктің ертеңі – бірлігі бекем һәм білімі мықты ұрпақтардың қолында. Заман – оқығандікі. Надандықпен өткен тарихыңды, туған тіліңді, дәстүрлі дініңді, саралы салт-ғұрпыңды білмесең «бірлік», «береке» деген ұғымдардың мәні тұрмақ, мағынасын білмей өтпекпіз. Өз ұлтын тереңінен танып, оны шынайы сүюге ұмтылғанда қоғамның ынтымағы үшін бас біріктірудің шын үлгісін көрсете алмақпыз.
Қазыбек би бабамыздың «Бірлігі кеткен ел жаман, ерегісіп өткен ер жаман» деген нақылын еске алсақ, ауызбіршілігінен айрылған жұрттың жамандықтан өзге табары жоқ. Ал тиісінше ынтымағы жарасқан елдің бақыты базарлы, қоғамы ажарлы болмақ.
Адамзатты өзге жаратылыстардан абзал етіп жаратқан Жаратушының пенделеріне насихатының бірі – береке мен бірлікте екенін қасиетті Құран Кәрімдегі «Алла бүлік шығарушыларды сүймейді» деген «Мәида» сүресінің 64-аятынан аңғаруға болады. Сондай-ақ ардақты Пайғамбарымыз үмметін әрдайым ынтымақ пен мейірімділікке, қоғамның тұтастығын сақтауға шақырып: «Мұсылман қоғамынан бір қарыс болса да бөлінушілікке түскен кісі – мойнындағы Ислам жібін үзгенмен тең» (Тирмизи, Әдеп 78) деген. Яғни жоғарыдағы аят-хадистерден асыл дініміздегі ең қасиетті ұғымдардың қатарына ел тыныштығы мен берекесі кіретінін әрі басты назарда екенін аңғару қиын емес.
Әлемдегі қандай жасампаз ел болсын, тарих қойнауында ұрпағымен мәңгі жасап, өзінше бір із қалдыруды мақсат тұтады. Ал осы биік мақсаттың алтын қақпасы – әлбетте тұтастық, бірлік, жұмыла білген халық. Бұл ұғымдарды қалай бойға сіңіріп, өскелең ұрпаққа бере алу керекпіз десек, өзге жұрттан жол іздеудің қажеті жоқ. Себебі өз тарихымыздағы тау тұлғаларымыз оны әуелден-ақ іспен де, күшпен де, ақылмен де, даналықпен де бізге қалдырып кетті. Сол ұлы тұлғаларымыздың бірегейі Бұқар жырау бабамыздың екі жол нақылын көкірекке түйіп алсақ, мың жылдық насихат болмақ деп ойлаймын: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жаныңнан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін». Алла Тағала еліміздің тұғырын биік етіп, ынтымақ-берекемізді баянды еткей!

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.