Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір тал гүл – мың тағдыр

0 255

Гүл – Жаратқанның жер бетіндегі жаратылыстарының ең сұлуы. Бойына ғаламның бар әсемдігі мен нәзіктігін жиған осы бір әдемілік әр мерекеміздің сәні, риясыз көңіліміздің өлшеусіз баламасы іспетті. Тарих атаның қоржынында гүл хақында аңыз бен әфсананың неше томы жатқанын ешкім білмейді. Алайда Жер-ананың тінін жарып шыққан осы бір әсемдік адамзат баласының ықылым заманнан бергі сезімі мен ізгі ілтипатының айнымас нышанына айналған.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Табиғаттың таңғажайып жұмбағына баланған гүлді ғұламалар жұмақтың жер бетіндегі кескіні деп әспеттейді. Ақиқатында, әр гүлдің өз тарихы, пайда болу жылнамасы, сыйға тартарда өзіндік мәні бар. Адамзат гүлдер әлемін терең білетін, оны бабымен аялайтын мамандықты да осыдан бірнеше ғасыр бұрын ойлап тапқан. Оларды флорист деп атайды. Арулар мерекесі қарсаңында гүлдер әлемінің бар әсемдігін бойымызға сіңдірмекке бір күн флорист болуға бекіндік. Ол үшін біз шаһар орталығында орналасқан «Гүлдер әлемі» гүл дүкеніне бас сұқтық.

Мереке қарсаңында мұнда жұмыс өте қызу жүреді. Себебі ақпан айының бел ортасынан тапсырыс берушілердің саны күрт өсе бастайды. Дүкен импорттық тауарлармен жұмыс істейді. Яғни гүлдер Голландия, Эквадор, Колумбия, Кения, Өзбекстан елдерінен келеді. Ал жергілікті гүл өсірушілер тек қызғалдақпен айналысатындықтан, оның саудасы тек наурыз айында қыза түседі. Жеткізу қызметімен қатар мұндағы флористер түрлі мерекелік кештерді безендірумен де айналысады. Флористердің негізгі қызметі букетті сәнді етіп жинау екені белгілі.

Флористика – шығармашылық жұмыс


Дүкенде ең ұзақ қызмет етіп келе жатқан флорист Анастасия Обвинцеваның бұл салада жүргеніне 13 жыл болған. Орта білімді тәмамдап, оқуды сырттай бөлімде жалғастырған ол осы дүкенге жұмысқа орналасқан. Жастайынан әсемдікке құмар болып өскен қызды гүлдер әлемі мүлде жатырқамапты. Әр букетке бар ынтасын салып, әр гүлдің үйлесімді жұбын тауып, әр мерекеге сәйкес келетін түсті таңдап, соңғы сән мен трендтерді бақылауда ұстап, алдына келген тұтынушының көңіліндегісін дәл табу оның күнделіктегі жұмысына айналған. Айтуынша, әр флорист өз қызметіне шығармашылық дағды ретінде қарауы тиіс. Ізденістен ешқашан қол үзбеуі керек. Себебі гүлдер әлеміндегі трендтер бір орында тұрмайды. Үздіксіз өзгеріп отырады.

– Мысалы, былтыр қарапайым пион гүлдері трендтен түскен жоқ. Ешқашан сәннен қалмайтын раушан гүлдерімен қатар пионның саудасы қыза түсті. Әсіресе, қалыңдықтар күлгін және қызғылт түсті пиондарға ерекше құмартты, – дейді Анастасия Обвинцева.

Ұзақ жыл гүлдер ортасында жүрген флористер де өздеріне сыйға гүл алғанды ұнатады екен. Кей тұста өздеріне сыйланған гүлдерге сынай қарағанымен, бұл арқылы олар бір мезгіл болсын гүлге күнкөріс көзі немесе әсемдік атрибуты деп қана емес, тамаша тарту ретінде қарай алады. Аталмыш дүкеннің тарихында қарапайым қала тұрғындары саябақтарда гүл сататын қарт әжейлердің бар гүлін сатып алып, осы дүкенге әкеліп, букет жасап беруді өтінген сәттер де болған екен.

Гүл күтімі – күрделі философия емес


Бір күн флорист болып қызмет ету барысында гүл шоғырын ұзақ сақтаудың бірнеше тосын тәсілдерін естіп таңырқап қалдық. Әдетте өзімізге сыйланған гүлді суға салып, оған қант немесе аспирин қосып бәйек болып жатамыз. Ал, шындығында, мұның бірі де гүлдің бастапқы әсем қалпын сақтап қалуға көмектеспейді екен. «Гүлдер әлеміне» келген жандар барлық гүлдердің бөлек әйнек бөлмеде тұрғанын аңғарады. Бұл бөлмеде арнайы салқындатқыш құрал орналасқан. Гүлдердің өз қалпын жоғалтпауына ең алдымен салқын ауа көмектеседі. Сондай-ақ суын жиі-жиі ауыстырып тұру керек. Гүлді құмыраға салмас бұрын сабақтарын кесу қажет. Гүл техниканы және ыстықты ұнатпайды. Әсіресе, бәріміз сүйетін раушан гүлдері ыстық жерде тұрса тез солады. Сондықтан салқын жерге, салқын суға сабақтарын кесіп салу ләзім.

Флористерде мереке болмайды


Әр мереке көздің жауын алар гүлдерсіз өтпейтіндіктен, флористер де мереке, демалыс деген мүлде болмайды. Олар тәулігіне 24 сағат, жылына 365 күн талмай, ауысыммен жұмыс істейді. Бір жағынан, қуаныш та, қайғы да аяқасты орын алатындықтан, оларға кез келген уақытта сұраныс бар. Әсіресе, Жаңа жылда, Халықаралық әйелдер күнінде, әртүрлі кәсіби мерекелерде флористер аяқтарынан тік тұрып қызмет көрсетеді. Флорист боламын деген адам осындай жағдайларға төзімділік танытуы тиіс. Олар үшін уақыттан бағалы валюта жоқ. Кейбір тұтынушылар бір букетті 5-6 рет өзгертіп, еркелеп те алатын көрінеді. Флористердің ерекшелігі де сол тұтынушының әр өтінішін күліп қабылдап, төзімдерін тезге салады. Тіпті кейбір азаматтар өз жұбайларымен ренжісіп қалып, оның көңілін табу үшін флористерге арнайы хабарласып, үйін гүлмен көмкеріп беруді өтінген кездер де болған екен. Айтпақшы, өңірге арнайы іссапармен мемлекет басшылары, үлкен меймандар келгенде де мекемелер осы дүкеннің қызметіне жүгінеді. Бұл тұрғыда «Гүлдер әлемінің» жұмысына бәсекелесе алатын дүкен жоқтың қасы. Сондай-ақ әлемнің кез келген нүктесіне гүл жеткізіп беруге арналған қызмет тек осы дүкенде іске қосылған. Тиянақты жұмыстары үшін қала әкімдігінен марапат та алған екен. «Бұл ұзақ жылғы сапалы қызметтің нәтижесі» дейді дүкен әкімшісі Анастасия Обвинцева. Тоқтала кететін жайт, аталмыш дүкеннің иелері бұл бизнеспен ширек ғасырдан бері айналысып келеді. 25 жыл бойы гүл баптаудың, оны шетелден тапсырыспен алдырудың, сәнді етіп букет жинаудың, тұтынушылар базасын қалыптастырудың бүге-шігесін меңгерген жеке кәсіпкер Татьяна Тюгаеваның әулеті флористика саласы бойынша қанатын кеңге жаюды отбасылық құндылық деп бағалайды.

Түйін:
Көңіл жабырқағанда, жүрек алқынып, кеуде тар тіршіліктің тұрлауынан шыға алмағанда, бір тал раушан гүлінің жүзімізді жадыратып жіберер тылсым құдіреті барын мойындаңызшы. Сұлулық атаулы жер бетіндегі соңғы гүл солғанша жоғалып кетпесін анық білеміз. Бір күн қаламымызды гүл сабақтарына алмастыру арқылы біз бұл сұлулықтың астарында ұзақ шақырымдар мен мыңдаған идеялар тартысы, тұтынушы мен қызмет көрсетуші арасындағы қылдан да нәзік байланыс, жылдап төгілген маңдай тер жатқанын білдік. Білдік те, басымызды идік. Мерекеде құшағымызға қонған гүл атаулының жанарымыздың жауын алар нендей құдіреті барын осыдан кейін анық аңғарғандаймыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.