Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір отбасының үш ұлы әскерге бірге аттанды

0 706

Біз – бейбіт елдің бақытты ұрпағымыз. Сұрапыл соғыстың салқынын тек аға буын – ардагерлердің естелік-әңгімелерінен ғана естіп-білдік. Ал, тәуелсіз еліміздің берік қамалы, құрыштай мығым қорғаны – айбынды әскері. Ал кез келген әскердің жауынгерлерден құраластынын ескерсек, сарбазы қуатты мемлекеттің іргесі де мықты болары сөзсіз.

Бұл тұрғыдан келгенде мемлекетті қорғау міндетін атқару – әрбір азаматтың қасиетті борышы. 18 жастан асқан кез келген азамат әскери борышын өтеуге міндетті. Аталған мақсатта Байзақ ауданы көлемінде 18 бен 27 жас аралығындағы ер азаматтарды мерзімді әскери шақыру жұмыстары 2022 жылдың наурыз айында басталды. Бұл шаралар «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару  және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 31-бабы, «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 16 ақпандағы азаматтарын 2022 жылдың наурыз-шілдесінде және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы № 827 Жарлығында, «Қазақстан Республикасы ер азаматтарын әскери қызметке шақыру ұйымдастыру және жүргізу ережелерін 15 мамырдағы № 620 Қаулысының 5-тармағының, 34-тармағының 4 тармақшасына және Байзақ ауданы әкімінің 2022 жылдың 9 наурыздағы  № 111 қаулысына сәйкес жүргізілуде.

Отан алдындағы борышын өтеуде байзақтықтар ерекше белсенділік танытып отырғанын ерекше айтып өту керек. Соның бірі – аудандағы Ынтымақ ауылдық округі Мәдімар ауылының тұрғыны Талғат Амановтың  отбасы. 4 ұл тәрбилеп отырған жанұяға жуырда Байзақ ауданы қорғаныс істер бөлімінен әскерге шақыру қағазы келген. Отбасында Отан үшін адал қызмет ету, патриоттық сезімді көп насихаттайтын әке ұлдарына азаматтық борыштарын өтеп келуге ақыл-кеңес береді. Осылайша, 18 бен 27 жас аралығындағы 3 ұлы әскерге аттануға шешім қабылдайды.

Ақтау қаласына шекара күзетіне аттанған Айдын Талғатұлы: «Міне, бүгін біз өз еркімізбен сапқа тұрып, әскер қатарына аттанғалы тұрмыз. Тәуелсіз еліміздің бейбіт өмірін қамтамасыз ету – біздің алдағы міндетіміз. Сондықтан, ер жігітке лайық міндетті абыроймен атқарып, ел қорғаны боламыз деген сенімдемін. Замандастар, баршаңызға ақ жол тілей отырып, Отан алдындағы парызымызды тәртіптілікпен, ержүректікпен, сабырлылықпен адал атқаруға шақырамын» – деп, замандастарына үндеу  тастады.

Ал үйдің үлкені Айбек Талғатұлы Отан алдындағы борышын үлкен абыроймен атқарып, ата-анасының үмітін ақтау – басты мақсаты екенін айтады.

Жалпы, соңғы жылдары облыс жастарының әскерге баруға деген көзқарастары оң, ынта-ықыластары жоғарылай түскен. Шақырылушылардың пікірін тыңдау барысында олардың әскерге барудағы басты себебі – Отанын қорғау әрбір азаматтың борышы деп есептейтіндіктерінен екенін анық аңғардық. Жас сарбаздардың көпшілігі әскерден кейін келісімшарт бойынша  қызметтерін ары қарай жалғастырып, еліне қызмет етуге дайын екенін айтады.

Отбасының ортаншы ұлы Айдос Талғатұлы да әскерден абыроймен оралып, өзінен кейінгі азаматтарға үлгі болуға тырысатынын айтаджы. «Мен борышымды Қостанай қаласында ішкі әскер қатарында өтеймін. Мерзімді қызметім аяқталған соң келісімшарт бойынша әскери қызметпен өмірімді байланыстырғым келеді. Мен арманыма бір табан жеткен сияқтымын!» – дейді жас сарбаз.

Жуырда Ақтау қаласына ұлының әскери ант қабылдау рәсіміне қатысып қайтқан Талғат Аманов: «Әрбір ер жігіттің Отан қорғауға аттануы – оның міндетті, азаматтық борышы. Мен де бүгін 3 ұлымды Отан алдындағы парызын өтеп келуге жібердім. Елімізде әрдайым бейбітшілік болып, әр жауынгер отбасына аман оралсын! – деп ақ тілегін жеткізді.

А. Іңкәрбек,
Ынтымақ ауылдық округі әкімі аппаратының 
әскери есеп жүргізуші бас маманы.

Байзақ ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.