Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды

0 461

Отбасының ұйытқысы, берекесі, мейір-шапағат көзі – әке. Әкенің бұл рөлі бала-шағаның әкеге, анаға деген сүйіспеншілігімен, қамқорлығымен, ана жанын қас-қабағынан, жанарынан танығыштықпен нығая, биіктей береді.

Әрине, ер азамат өзінің әкелік борышын ұмытпағанда, әсіресе әйелімен қабағы жарасып, тату, сүйіспеншілікте тұрғанда, оған деген көзқарасында халқымыздың ізгі дәстүрін, өнегелі өміршең салтын, діни жол-жосығымызды ескергенде ғана оның қадір-қасиеті, бүкіл отбасын, ауылды ағайын-туысты топтастырушылық мәртебесі арта түспек. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, бала тәрбиесіндегі әке орнының ерекше екенін ұғындыру, әкенің балаға деген жауапкершілгін арттыру мақсатында «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» тақырыбында «Meetup» форматында әкелермен кездесу өтті.
Шараға «ЖАҢАРУ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының директоры, Антикор жанындағы спикерлер пулының жетекшісі Қ.Төлендиев, «Қазфосфат» мекемесінің бас директорының кеңесшісі, қоғам қайраткері Б.Құлекеев, Жамбыл облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы, «Сенімен болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының сарапшысы Р.Нұрақбаев, Тараз қаласының бас имамы, «Сенімен болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының сарапшысы Е.Аманбаев, «Сенімен болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Д.Бағжанов, Жамбыл облысы полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналды полиция тобының инспекторы, полиция майоры А.Пирматов қатысып, әкелер мен бала тәрбиесіне байланысты мәселелерді айтып, ашық сұхбаттасты.
Кездесу барысында «Жыр жазамын жүрегімнен» поэзия клубының мүшелері өлең жолдарын оқыса, бірнеше студент өз әкелеріне шын жүректен тілектерін, ризашылықтарын білдіріп, құшақтарын жайды.
Дүниенің ең тамаша туынды-сы – тамаша тәрбие алып шыққан адам. Оның жеке басының алғашқы қалыптасуы отбасынан басталады.
Бүгінгі студент – мемлекетіміздің ертеңгі үлкен азаматы, кәсіп иесі. Сондықтан да бала тәрбиесіне асқан жауапкершілікпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн.
Бала тәрбиесі – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мемлекеттік абыройлы міндеті. Кезінде әл-Фараби бабамыз: «Ғылым емес, ең алдымен тәрбиеге көңіл бөлу керек, тәрбиесіз адамға ғылым баянды болмайды», – демеп пе еді?! Сол себепті де бүкіл ата-ана тәрбиеге бет бұруы керек. Ұрпақ тәрбиесіне мүдделі екендігін ата-аналар іс жүзінде дәлелдеп отырулары тиіс. Міне, осындай ынтымақ бірлігінде ғана ойдағыдай нәтиже беретіні бәрімізге ақиқат.

Ұлбике Жұмаділова,
Жамбыл политехникалық жоғары колледжі директорының құқықтық тәрбие жөніндегі орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.