Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір кем дүние – 2

0 249

ГЕРОЛЬД БЕЛЬГЕР – 60!

Осы тойда мен сөйледім:
– «Егер Қазақстанды мекендейтін көп ұлттың әрбір азаматы Қазақстанды, қазақты, оның тілін, салт-дәстүрін, мінез-құлқын, жер-суын Бельгерше түсініп, Бельгерше біліп, Бельгерше сыйлап, құрметтесе, онда бұл елде Құдай сүйгендер ғана тұрып, жұмақ орнар еді…»
Өкінішті-ақ. Бельгерлер некен-саяқ. Есіктен кіріп, төр менікі дейтіндер көп. Сол жаман. Және бұған көнбіс, құлақкесті құлдар қазақта көп. Сол жаман. Бұл бәрінен де жаман.
Бір кем дүние.

СҰРАҚ-ЖАУАП

Қайсыбір жылы Президент айдың-күннің аманында жайбарақат жұмыс істеп жатқан Парламентті табан астында таратып жіберді.
Сонда бір газеттен келген тілші менен:
– Сізді таңғалдырған не? – деп сұрады.
Мен:
– Парламентте көзі ашық адам көп бола тұра, мүйіздері қарағайдай-қарағайдай юристер депутат болып отырғанда, Парламенттің «заңсыз» екенін білмеуі, – деп жауап бердім.
Сөйтсе, депутаттыққа сайланбай қалған бір жанжалшыл қатын «Сайлау «нелигитимный» болды» деп арыз беріпті. Сол арыз Президенттің есіне бір жылдан кейін түсіпті де, Парламентті тарату жөнінде бұйрық шығарған ғой.
Соған қарағанда сол кездегі Парламент тікенегі зәрлі кірпідей болған болуы керек.
Бір кем дүние.

ҚЫЗҒАНЫШТЫҢ ҚЫЗЫЛ ИТІ

Адам ата мен Хауа анадан екі ұл туды: Қабыл, Абыл. Адамзаттың тұңғыш ұрпақтарын, қос ұлды әкелері шақырып, дидарласпақ болады.
Қабыл егіншілікпен айналысады екен.
Абыл мал бағады.
Екеуі өз еңбектерінің жемісін тарту, сый- сияпат ретінде алып барады.
Алла Тағала Абыл алып барған қозының етін сүйсініп жепті де, Қабыл алып барған жеміс-жидекке назар салмаса керек.
Қайтар жолда Қабыл Абылды таспен ұрып өлтірді.
Адамдардың бірін-бірі көре алмауы, қызғаныш деген қызыл ит, әне, содан басталған дейді.
Қабылдар мен Абылдар әлі бар.
Қабылдар – қорқау, Абылдар – адал, аңқау.
Арамдар мен Адалдар арпалысы толассыз.
Көбінесе Қабылдар басымдау.
Әділетін тек Алла біледі.
Бір кем дүние.

БАГИРА! БАГИРА!

Түнде түсіме Багира кірді. Бізді іздеп пойыздың құйрық вагонына мініп алып, пішен артқан ашық платформаның үстінде келе жатыр екен.
– Багира! Багира! – деп айқайласам, маған бұрылып бір қарады да, бұрылып кетті. Өкпелеген сыңайлы. Қара қабылан тұқымының өкпесі қиын.
Багира сегіз жыл жасады, үш рет балалады. Ақыры емшегі ісіп кетіп, асқынып, содан өлді.
Мұндай ақылды, сезімтал, төре мінезді мысық баласы енді кездесе қояр ма екен…
Бір кем дүние.

КІНДІК

Жарықтық Жамбыл Жәкең:
– Жер жүзінің кіндігі – Мавзолейдің тасында, Жер жүзінің шырағы – Кремльдің қасында, – деп те жырлап еді-ау.
Заман-ай десеңші, мәжбүрледі ғой.
Кіндік деген – орталық. Кіндік қала. Астана. Белдік темір.
Не керек, адамда да, малда да, затта да аса қасиетті мүше. Есті пенде қасиетті мүшені қорғаштап, жат көзден, жалаңаштан таса ұстап жүреді.
Қазіргі кейбір жас қыздар, кейде кәрісі де бар, кіндігін жарқыратып ашып жүретін болды.
Кіндік – сені туған анаңмен жалғастырған аса қасиетті өзек.
Кіндікті кесіп қинағанда,
Анамнан кеттім алыстап.
(Шәкәрім)
Кіндікті ашу – абыройды ашқанмен бірдей. Ондай арудың қысыр сиырдан несі артық?!
Бір кем дүние.

БОЛАШАҒЫМЫЗ ҚАНДАЙ?

Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің болашағы зор.
(М.Дулатов)

Осыдан он шақты жыл бұрын республикамызда шығатын қазақтілді газеттердің бәрінің жалпы тиражы жиылып, орыс тілінде шығатын «Караван» газетінің тиражына жетпеуші еді.
Дәл қазір де сол «Караванның» сандық деңгейіне қазақ тілінде шығатын басты-басты газеттердің жалпы тиражы жиылып, әрең-әрең жететін көрінеді.
Солардың ішінде шоқтығы биіктеуі «Егемен Қазақстан» екендігі қуантады.
Ал жалпы жағдай аянышты. Көркем әдебиеттің тиражы екі мыңнан аспайды. Республикадағы кітапханаларға бір-бір данадан да жетпейді. Кітап магазиндерінде қазақ тіліндегі кітаптар жетімсіреп босаға жақта тұрады. Қаптаған Мәскеу кітаптары.
Қасиетті Рамазан айында Астанада Кенесары, Бауыржан Момышұлы, Жамбыл, Әлия Молдағұлова ескерткіштерінің жанында тіл туралы көпшілік пікір алысқан бәтуалы жиындар өтті. Басқарып, ұйымдастырып, шырылдап жүрген – Тіл комитетінің бастығы, аса ұлтжанды, ер азаматқа бергісіз, оратор Оразгүл Асанқазықызы.

Жалғасы келесі сандарда

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.