Қалалық қоғамдық-саяси газет

БІР КЕМ ДҮНИЕ-2

0 573

Сынаптай сырғып, сананы тұрмыс билеген бүгінгі уақытта қоғам мен адамның, ұлт пен ұрпақтың рухын шөлдетпей, жанына азық болар дүние көркем әдебиет десек, оған ешкімнің таласы жоқ шығар. Елдің төзімін талғажау еткен тағдырлы тарихы, арманға қанат дарытқан дана ойлары, биіктігімен тау таласа алмайтын қиялы, қанына қуат болып құйылып, сүйегіне серт болып сіңіп кеткен салт-дәстүрі де, дүние қай бағытқа дөңгелесе де жұмыр жердің бетінде қоғамды ұстап тұрған идеология да, ұрпақ сабақтастығына ұласқан ерлік те осы көркем әдебиеттен кіршіксіз көрініс табатынына көзіміз куә. Себебі сөз құдіретінің қарашаңырағына айналған қазақ әдебиеті – ел өмірінің ажырамас бөлігі. Жай бөлігі ғана емес, қоғам ағзасының омыртқалы ойы, рухымыздың асыл, ардақты һәм аяулы жүрегі. Ол жүректе мәртебелі ұлттың маңдайына бұйырған марғасқасы, қазақ әдебиетінің жолбарысы, қазақтың қара сөзімен шындық, әділдік пен адалдыққа мәңгілік ескерткіш орнатып кеткен қаранар қаламгер Шерхан Мұртазаның орны орасан зор. Абыз жазушының өмірі мен еңбек жолы, өміршең шығармалары келешегі кемел елдің өскелең ұрпағына мәңгілік мұра. Сондықтан Ұлы дала төріне аяқ басқан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесе отырып, «Шераға тағылымы» атты жаңа жобаны қолға алдық. Бұл айдарда мәңгілік ғибратты ғұмыры енді ғана басталған қазақтың Шерағасының бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған, алтынға бергісіз жазбалары, шығармалары жарияланатын болады. Ең алдымен мәні биік, мағынасы терең ой-толғаулары, өмір философиясы топтастырылған әйгілі «Бір кем дүние» кітабының көпшілік біле бермейтін екінші бөлімінен бастауды жөн көрдік. Бұл сол Шерағаның қастерлі қаламынан құйылып, қоғамды толғандырған құнды жазбаның өзекті жалғасы. Кешегі ұлы Абай хакімнің қара сөздері іспетті, Шерағаның ой шеберханасынан шыққан шымыр толғаныстың өскелең ұрпаққа да, өміршең ұлтқа да берері мол.

Редакциядан

ШЫНДЫҚ ШІРІМЕЙДІ

Ертеректе мен «Шындық шірімейді», – деп жазған екенмін. Алтынбектің өлімі туралы. Шындық шірімейтін де шығар. Бірақ қараңғыда қалған, топыраққа көмілген алтын сияқты жасырынып жататын шығар. Шындық асықпайтын болар. Сонда да асыл кездік қап түбінде шірімес.
Сонымен бұрын айтқаным – айтқан: Шындық шірімейді. Қанішерлер қан толтырған торсыққа батып өледі.
Баяғы Тұмар ханым апамыздың әдісі – әділ.
Бір кем дүние.

СОҒЫСТЫҢ СОҢҒЫ СОЛДАТЫ

Біздің Мыңбұлақ – Маутан ауылынан соғысқа көп ер азамат аттанған. Көбі қайтпады. Сұлтан, Нұралы, Өскен, Қайып, Поштақұл, Жиренбай, Орха, Ноха,… Қайтқандардың ішінде Әбдікәрімнің Тұрары бар еді.
Қайтқандар – Алланың елге берген сыйы. Тұрардан 10 ұл-қыз қалды. Егер соғысқа кеткендердің бәрі қайтқанда кәзіргі Маутан – Шектібай – Күштан аталардан жүздеген ұрпақ қалар еді. Не амал?
Қалғанына Алла береке берсін.
Бір кем дүние.

ШАШЫЛҒАНДЫ ЖИНАУ

Тұтас халық өмірінде кезең-кезеңге байланысты халықтың шашырайтын-шашылатын кезеңі бар. Бір кездерде түрлі себептермен қазақтар тоз-тоз болып шашырады.
Жаугершілік кезеңі.
Отаршылық кезеңі.
Ашаршылық кезеңі.
«Жоғарыда жау іздеген қазақтың басы да қайда қалмаған» дегендей қилы-қилы, қиын-қиын замандар бастан өтті.
Алланың мейірімі түссе, енді сол шашылғанды жинау кезеңі келер.
Қазаққа Алланың нұры жауар кезең келген шығар. Шашылғандардың алды Атамекенге жиналып жатыр. Өзбектен, Ресейден, Түріктен, Моңғолдан, Қытайдан, т.б.
Бұйыртса, әлі жиналар.
Теңіз тартылады. Теңіз тасады.
Тасимыз әлі, көбейеміз әлі. Кем дүние емес, мол дүние болсын.

БИІКТЕН ҚҰЛАУ

Баяғыда, бала кезімізде, сол көкшіл мұнара алыстан-алыстан көрініп тұрушы еді.
Ол Жуалының аудан орталығы Борандының элеваторы болатын. Өзіміз бір уыс бидайға зар заманда осы оппа тәрізді элеваторға арбамен, ат арба, өгіз арбамен, есекпен астық тасушы едік.
Есекпен таситындардың біреуі мен едім. Астымдағы қарны жуан, салпаң құлақ, жүндес мәш есек еді. Соған бір қап бидай артып, оның үстіне мені шоқитып отырғызып қояды. Содан Мамыт дейтін атамызды «Командир» қылып, сол бастаған керуен Боранды элеваторына аттанамыз. Енді азап алда.
Есектен қапты түсіріп, сатымен қапты биікке-биікке көтеріп шығарамыз.
Қапшық емес, кәдімгі қап, өте ауыр, әлі қата қоймаған қабырғаң қайысады, майысады.
Бұралаңдап, теңселіп, қисалаңдап келе жатқан сондай бір сәтте, мен сатыдан ауыңқырап барып, қаппен бірге төменге құлап түсейін.
Құдай жар болғанда, төменде төбедей болып үйіліп жатқан бидайдың үстіне құлап түсіппін. Белуарыма дейін бидайға батып кетіппін. Әлдекімдер келіп, мені бидайдың оппасынан суырып алыпты. Әйтпесе элеватордың астына тартып кетер екен.
Содан бері жетпіс жылға таяу уақыт өтіп кетіпті. Элеватордың алыстан-алыстан көрінетін зау биік мұнарасы да, жермен-жексен астық қоймалары да құлаған. Қабырғалары ырсиып-ырсиып, сонау Кайназой тас дәуіріндегі мамонттардың қаңқасы сияқты үрейлі көрінеді.
Елу жылда – ел жаңа. Жүз жылда элеватор өлген. Соны көрген мен әзірше тірі жүрмін.
Биіктен құласам – қара тастың үсті емес, таудай нанның үсті… Қалғанын Алла біледі.
Бір кем дүние.

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.