Қалалық қоғамдық-саяси газет

Бір көшенің басында үшеу едік

0 155

Кезінде облыстық жастар газетінде жүргенімде дәл осындай айдарлар бойынша өзім де басқа кісілерді сөйлетуші едім. Зымыраған уақыт-ай, десеңізші, енді өзіміз осылай сөйлеп беруге тиіс болыппыз. Қалай болғанда да, балалық бал күндер деген өте тәтті ғой.

Мектеп табалдырығын аттамай тұрып, малды ауылда жүрдік. Малшының баласы болдық. Біздің Ойық ауылы сол кездегі аудан орталығы Ақкөлмен шекаралас еді. Әсіресе менің әкемнің жайлауы аудан орталығынан қашық емес болатын. Ақкөлде Гүлмира әпкем кәсіптік-техникалық колледжде жұмыс істейді. Мейірім-шуағы мол. Малды ауылға келген сайын үйіп-төгіп тәтті конфет, шоколад әкеледі. Өзі бір күн болмастан қайта бастайды. Сонда 5-6 жастағы мен: «Әпке, шоколадты ала беріңіз. Бірақ өзіңіз кетпеңізші», – деп ағыл-тегіл болып жылап қалады екенмін. Кішкентай болсақ та, сағыныш сезімді бастан кеше бастаған кезіміз-ау.

Жеті жасымда бірінші сыныпқа бардым. Жоғарыда айтқандай, әке-шешеміз малда. Көктөбе елді мекеніндегі үйімізде Нұркен, Бекен, Есен ағам және мен мектепте оқимыз. Үлкен әпкеміз Нұрбала Көктөбенің дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді. Сол кісі бізді қадағалайды. Сабақты қатал сұрайды. Қадағаның күштілігі сол «3» деген бағаны мүлдем алмаймыз. Ал «4»-ті оқта-текте алып қалсақ, Нұрбала әпкемнің көңіл-күйі болмайды. Көңілсіздеу кезінде: «Әй, сендер, нені уайымдап «4» аласыңдар? Қой бағып жатсыңдар ма, шөп шауып жатсыңдар ма?», – деп жанымызды шығарып алады. Ал көңілді кезінде: «Әй, бүгін «4» араласыпты ғой. «4» деген «3»-тің ағасы ғой», – деп күліп, ескерту жасайды. Әпкемнің сол күліп жасаған ескертуінің өзі өңмеңімізден өтуші еді. Қайтадан сабаққа бас қоямыз. Есесіне оқу жылының соңында бәріміз де оқу озаты атанып, Мақтау қағазын алушы едік. Сабаққа зейін қойып өскеніміз үшін Нұрбала әпкеге қарыздармыз.

Бір көшенің бойында 5 сыныптас тұрдық. Әсіресе Гүлнұр мен Шона маған өте жақын, көрші тұрды. Мектебімізге тіке апаратын сырт жол бар еді. Біз оны «Құрманбек ағайдың жолы» деп атаушы едік. Құрманбек Қалжанов ағай – көршіміз, Гүлнұрдың әкесі. Ол біз оқитын мектепте директордың орынбасары еді. Өте қатал болатын. Ол бар жерде бойымызды түзеп, тәртіпті бола қаламыз. Гүлнұр бастықтың қызымын деген жоқ, сабаққа өте зейінді, озат болды. Екеуміз жарысып оқимыз. Мен отряд кеңесінің төрағасымын, ол староста. Сынып жетекшіміз әуелі Гүлсара әпкей, кейіннен Шайза әпкей болды. Гүлнұр екеумізге сенім артады. Мектепішілік кештерге, жарыстарға дайындалу кезінде бізді жетекші етеді. Бала болсақ та, пендешілікті қарасаңызшы, сол жетекшілікке таласып қалушы едік. Бірақ Гүлнұрмен жақсы дос болдым. Қазір есейгенде әріптес қыздарға құрметім болып жатса, оның негізі Гүлнұрға деген достықтан қаланған.

Бірде Шона ойнап жүріп, Гүлнұрға тиісті. Ал Гүлнұрдың 11-сыныпта аюдай ақырған ағасы бар. Біз 4-сыныпта оқимыз. Ертесі Гүлекеңнің сол ағасы Шонаны жұдырықтап, қорқытты. «Досыма тиіспе!» деуге мен де дәрмен жоқ. Өзімнен 7 жас үлкен жігітке әлім келмейді. Шона да сондай. Бұл жерде Гүлнұрдан да қателік бар, балалық аңғалдық бар. Ал үп-үлкен ағасының Шонаға әлімжеттік жасайтындай жөні жоқ. Сол күннен бастап біраз күн Шона жазаға кесілді. Иығында өзінің, ал қолына Гүлнұрдың сөмкесін ұстап, сырт жақпен, Құрманбек ағайдың жолымен тартып бара жатады. Мен артынан кештеу жүремін. Шонаны ұялтқым келмейді. Ыңғайсыз жағдайды Гүлнұр да түсінді бір күні. «Шона, сен мені кешір! Менікі дұрыс болмады. Сөмкемді өзім көтеремін», – деді. Шона ақкөңіл ғой: «Онша ауыр емес», – деп күле берді. Сол күннен бастап үшеуміз қайта достасып, қайтадан бірге қайтатын болдық.
Бір жолы Шонаның үйіне бардым. Әкесі Құдыш екеуі құдық жөндеп жатыр екен. Амандықтан соң: «Шона бүгін сабаққа барған жоқ», – деп тақ еттім. Бірақ өтірік айттым, барған еді. Әкесі: «Ой, жүгермек, неге сабаққа бармайсың?», – деп жер-жебіріне жетті. Сонда мен мәз болған едім. Осындай аздаған шымшыма әзіл, қулықтарым да бар еді.

Шона екеуміз ауылдың шаңын бұрқылдатып ойнаймыз. Шонаның Базаркүл деген апасы бар, әкесінің анасы. Мен де ондай апа жоқ. Шонаға сол үшін де қызығушы едім. Бір күні әбден ойнап, ойыннан шаршадық. 3-4 сынып оқитын кезіміз. Содан апасы Шона екеумізге бір үзімнен таба нан берді. Жеп көрсем, әлгі нан сондай тәтті. Дәмі ауыздан кетпейді. Сонда риясыз бала көңілмен Шонаға: «Мынау керемет тәтті нан екен. Ертең сабаққа осындай нан әкел-ші», – дедім. Шона: «Апарамын», – деп қомпаңдап қалды. Сонда қатты шаршағанда нан өте тәтті болып көрінген екен. Ондай ақ нан, таба нан біздің үйде де бар ғой.

Қазір есейдік. Гүлнұр – бүгінде Қаратауда бір жақсы мектепте озат мұғалім. «Директор болайын десем, өзім болмай жүрмін», – деп мақтаныңқырап қоятыны бар. Шона – кәсіпкер. Мектепті «3»-пен бітірсе де, есепке жүйрік. Бәріміз де әр саладан нан тауып жүрміз. Енді біздің перзенттеріміз алаңсыз балалық күндерін өткізіп жатыр. Қазір неше түрлі нан жеп жүрміз. Ақ нан, тәтті нан, жұмсақ нан – бәрі бар. Бірақ бала күнгі Базаркүл апам мен Күлбала анам пісірген нанның дәміне жетпейді. Ол балалық шақта жеген ақ нан еді ғой!

Есет ДОСАЛЫ, ақын, облыстық «Aq jol» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің меңгерушісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.