Үш аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Жергілікті базарлар мен сауда орталықтарында оқушылардың мектеп формасы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарға сұраныс артты. Сұраныстың артуына байланысты бағаның да шарықтайтыны айтпаса да түсінікті. turkystan.kz
Қазақстан ТМД елдері ішінде киім-кешек бағасының қымбаттығы жағынан Ресейден кейін екінші орында. Биыл елімізде киім-кешек пен аяқкиім бағасы 10 пайызға өскен. Тек маусым айында сауда сөрелеріндегі аяқ киім мен киім бағасы 1,4 пайызға қымбаттаған. Осы бір айдың ішінде аталған тауарлардың бағасы Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарында ерекше өскен.
Қымбатшылық науқаны балаларға арналған киім-кешек пен аяқкиімге де жеткен. Сыртқы киім бағасы бір айда 1,1 пайызға, аяқкиім бағасы бір айда 1,9 пайызға, бір жылда 14,7 пайызға көтерілген.
Нақтырақ айтатын болсақ, соңғы бір жылда футболка (12,8 пайыз), пижама (11,9 пайыз), шұлықтар мен гольфилер (10,9 пайыз), мектеп жасындағы балаларға арналған маусымдық күртешелер (10,5 пайыз), қысқы комбинезондар (10,3 пайыз) бағасы қымбаттаған. Бұдан бөлек, мектеп жасындағы балаларға арналған қысқы күртешелер (9,7 пайыз), джинсы (9,3 пайыз), шалбар (9,1 пайыз), колготки (8,6 пайыз), ұл балаларға арналған жейделер (8,5 пайыз), спорттық костюмдер (7,9 пайыз) бағасы да көтеріл-
ген. Балалар аяқкиімінің бағасы да қымбаттаған. Балалардың қысқы етігі мен бәтеңке (15,9 пайыз), кроссовкалар (15 пайыз), жазғы сандалийлер мен туфли (13,4 пайыз), балалар маусымдық аяқкиімі мен қысқы аяқкиім (13 пайыз), қыздарға арналған туфли (9,7 пайыз) бағалары өскен. Сондықтан биыл ата-аналарға балаларын мектепке дайындау жылдағыдан қымбатқа түспек. Оның тағы бір себебі бар. Кеңсе тауарлары бағасы 9,9 пайызға қымбаттаған.
«AMANAT» партиясы жанындағы Қоғамдық саясат Институты шілде айында оқушыға ең қажетті деген құрал-жабдықтар мен киім-кешектің бағасын есептеп шығарды. Зерттеуге ABDI, Glasman дүкендерінің онлайн және бөлшек саудадағы киімдері мен оқу құралдарының бағасы алынған. Сонымен, бір баланы мектепке дайындауға қанша теңге керек?
Институт оқушыға ең қажетті кеңсе тауарларының бағасы 13 885 теңге болатынын есептеген. Бұл бағаға баланың оқуына қажет 22 зат кірген, оның ішіндегі ең қымбаты – рюкзак (6 800 теңгеден басталады), ал ең арзаны – қарындаш пен ұштағыш (50 теңгеден басталады).
Ал мектеп формасы мен спорттық костюм орташа есеппен 69 980 теңге тұрады. Қыздардың киімі сәл қымбаттау – 71 980 теңге. Нәтижесінде, бір мектеп оқушысын мектепке дайындауға 83 865 теңге керек.
Еліміз бойынша төрт және одан да көпбалалы 487,6 мыңға жуық отбасы бар екен. Ал көпбалалы отбасындағы әр балаға берілетін жәрдемақы мөлшері 12 252 теңге ғана. Бұл ақша бір баланың ең қажетті деген кеңсе құралдарын алуға ғана жетеді. Ал алда әлі күз, қыс, көктем айлары бар. Күздік, қыстық күрте, баскиім, қыстық аяқкиімге кететін шығын бұдан бөлек.
Мектепке қажетті тауарлардың бағасы тамыз айының соңына дейін қымбаттамайтынына ешқандай кепілдік жоқ. Сондықтан балаға қажетті заттарды ертерек сатып алу керек немесе оқу жылы басталар алдындағы жеңілдіктер мен жаппай сатылымдарды күту керек дейді мамандар.
Осы орайда біз де оқушылардың мектепке қажетті заттарына зерттеу жүргізіп көрген едік. Мәселен, бірінші сыныпқа баратын баланың рюкзагы 7 000-10 000 теңге шамасында. Бұл жерде сөмкенің бағасы да оның үлкендігі, әдемілігіне қарай өсіп отыратынын ескеру керек. Ал кеңсе тауарларының бағасы әртүрлі. Оқушының күнделігі 230 теңгеден басталып, 3 500 теңгеге дейін жетеді. Оған ұсақ-түйек қаламсап, қарандаш, ұштағыш, сызғыш, өшіргіш сынды заттарды қосыңыз. Ал дәптерлер 50 теңгеден басталады. Жазуға арналған қалың дәптер құны 300 теңгеден басталып, 10 мыңға дейін жетеді.
Мектеп формасына келетін болсақ, ұл баланың жейдесі 5 000 теңге. Шалбар 8 000, пиджак 9 000, кеудеше 8 000 мыңнан басталады. Ал шалбар-пиджак-кеудеше жиынтығын 20 мың теңгеге сатып алуға болады. Қыздардың киімі де шамамен осындай бағада сатылып жатыр.
Оқушыларды мектепке дайындау дегенде жыл сайынғы «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы еске түседі. Іс-шара биыл да жалғасын тауып отыр. Аталған науқанға кез келген адам қатыса алады. Қатысушылар мұқтаж отбасылар мен балаларға қолдау көрсете алады немесе керісінше көмек сұрай алады.
Одан бөлек, осы аптада 400 мыңнан астам баланы мектепке дайындау үшін мемлекет қаржылай қолдау көрсетеді деген жағымды жаңалық тарады. Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев:
– Бұған дейін арнайы санаттағы балаларды мектепке дайындау үшін мемлекет есебінен бөлінетін қаражат мөлшері 17-40 мың теңге аралығында болатын. Таяуда бұл нормаға министрлік ұсынысы бойынша өзгерістер енгізілді. Енді ең төменгі көмек
37 389 теңге болады. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың ұсынысымен көмек көрсету тетігіне өзгерістер енгізілді. Ақша ата-аналардың шотына тікелей аударылады. Бұған дейін қажетті заттарды әкімдіктер сатып алатын. Сондықтан да тауардың көлеміне, сапасына байланысты мәселелер туындайтын, – деді.
Министрлік өкілінің мәліметінше, биыл атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ АӘК алмайтын, бірақ орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың балаларына материалдық көмек көрсетіледі. Негізгі қолдау шараларын әкімдіктер жүзеге асыратындықтан, биыл олар қаржылай көмек алатын барлық балаға 37 389 теңге көлемінде қаражат бөледі. Сондай-ақ жаңа оқу жылы қарсаңында жетімдер үйінің тәрбиеленушілері мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар және төтенше жағдайға тап болған оқушыларға да материалдық көмек көрсетілетінін жеткізді.
Құралай БОРАШҚЫЗЫ,
«Гаухар» тігін фабрикасы директорының орынбасары:
Кредитке киім алып жатыр
– Биыл азық-түлікпен қатар киім-кешек бағасы да өсті. Өйткені нарықта матаның бағасы қымбаттады. Қазақстан матаны шетелден алдыртады, ал импортқа тәуелді болу, доллар бағасына тікелей байланысты. Біздің тігін фабрикасы мектеп формасының матасын шетелден тоқытып аламыз. Былтыр мектеп формасының бағасы биылғыдан 20 пайызға арзан болған. Ал биыл қыз балаға арналған пиджак, белдемше, кеудешеден тұратын мектеп формасының бағасы 15 мың болса, ұл балаға арналған пиджак, шалбар, кеудешеден тұратын форма – 18 мың теңге.
Биыл мектеп формасының бағасы қымбаттап, ата-аналардың қалтасына ауыр тиіп отыр. Ата-аналар тығырықтан шығудың жолын іздеп, kaspi red, бөліп төлеу қызметтеріне жүгініп отыр. Оларда басқа амал жоқ, өйткені баласын оқу жылына дайындап, қатарынан қалдырмау керек.
Біздің тігін фабрикасы карантин кезінде екі жыл қатарынан Ресейден тапсырыс алды.
Биыл шетелден тапсырыс алмай, тек отандық нарыққа үлес қосып отырмыз. Бізге тапсырыс болса, 18-20 мың дана мектеп формасын дайындай аламыз. Тіпті одан да көп дайындауға мүмкіндігіміз бар. Мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек, қаржылай қолдау жоқ. Өзіміз тіккен киімді нарыққа өзіміз шығарамыз. Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов биылғы оқу жылынан бастап енгізілетін жаңа талаптар бойынша, әр өңір (облыс не республикалық маңызы бар қала) өз мектептеріне ортақ мектеп формасын таңдайды деді. Айталық, Қазақстанда 20 өңір болса, сәйкесінше енді мектеп формасы түрлерінің саны 20-дан аспайтын болады. Осыған орай, бізге де әртүрлі тапсырыстар түсіп жатыр. Мысалы, кей мектептер мектеп формасын өз логотиптерімен тіктіргісі келеді, ал кейбірі қыздардың белдемшесінің етегін ұзындау қылады. Яғни, тапсырыс берушінің талаптары әртүрлі.
Соңғы жылдары отандық жеңіл өнеркәсіпке көңіл бөліне бастады. Бұрын Қырғызстан, Өзбекстаннан келген мектеп формалары нарықты жаулап алған болатын. Қазір отандық өнімдер көбейген. Осы орайда бір айта кетерлігі, аз қамтылған отбасыларға, әлеуметтік осал топтарға берілетін көмектің бір жүйеге келтірілмеді. Әлеуметтік осал санаттағы балаларға көмек көрсету барысында біршама олқылықтар орын алды. Кейбір басшылар мұқтаж жандарға өлшемі үлкен немесе кіші, одан қалса сапасы өте нашар киім-кешек сатып алған фактілер кездесті. Осыған орай министр әлеуметтік осал топтарға мектеп формасын емес, ақша беруді ұсынды. Алайда ата-аналардың кейбірі бөлінген қаражатты басқа қажеттіліктерге жұмсауы мүмкін екенін де ескерген жөн. Аз қамтылған отбасына арналған тендерге біз де қатыстық, байқағанымыз мектеп формаларының сапасы шынында да әртүрлі. Сондықтан осыны бір жүйеге келтіріп, мемлекеттік сатып алу жұмысын сапалы өнім шығаратын тігін фабрикаларына тапсырса дейміз.
Мира ЖИЕНАЛИНА,
көпбалалы ана:
8 балам мектепке дайын емес
– Мен Ақтөбе қаласында тұрамын. Өзім көпбалалы анамын. Биыл 8 балам мектепке барады. Үлкені – 11 сынып, одан кейін 10, 9, 8, 5, 3, екеуі 2-сыныпқа барады. Ай сайын балаларыма мемлекеттен 101 мың теңге, «Алтын алқа» иегері ретінде 20 мың теңге аламын. Өзіміз 30 мың теңгеге пәтер жалдап тұрамыз, айына 10 мың теңгені коммуналдық төлемдерге жұмсаймыз. Ай сайын төлейтін 67 мың теңге несием бар. Азық-түлікті дүкеннен қарызға деп жаздыртып аламыз. Ол кейде 50-60 мыңға жетеді. Өйткені азық-түлік бағасы өте қымбат. Мысалы, 5 литр сұйық май 6 мың теңге, картоптың келісі 250 теңге, макарон өнімдері де күн санап қымбаттап жатыр. Ет алғымыз-ақ келеді, бірақ оны қалта көтермейді, арасында тауық етін жейміз. Күйеуім таксист. Оның күндіз-түні жүріп тапқан ақшасы күнделікті жолға, тамаққа, машинаның жанармайы мен бұзылған жерін жөндеуге кетеді.
Қыркүйек айы жақындаған сайын базардағы бағаны көріп көңіліміз түсіп отыр. Балаларыма әлі мектеп формасын, оқуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған жоқпын. Базарда арзан кроссовки 5 мыңнан басталады. Жақсыларын 10 мыңға сатып алуға болады. Жаппай сатылымда тұрған ең арзан деген туфлидің өзі 5 500 теңге. Ал 12 беттік дәптер 40-50 теңге, 24 беттік дәптер 100-130 теңге, 96 беттік дәптер – 350 теңге болыпты. Жоғары сыныптағы балаларыма қаншама қалың дәптер керек. Осылайша, үйдегі көңілді базардағы баға бұзып отырған жайымыз бар.
Ал мектептен әлі көмек болмады. Сегіз баламның екеуі осыдан бес жыл бұрын қамқоршылыққа алынған. Сондықтан болар, мектеп сегіз баламның екеуінің ғана құжатын қабылдады. Яғни, екі балама ғана көмек бермек. Себебі бұл мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатындарға ғана беріледі екен. Мен ондай көмек алмаймын, күйеуім де еш жерде ресми жұмыс істемейді. Алайда бұл көмекке де қуанып отырмын. Биыл бір балаға 37 мың теңгеден беріледі деп естідім. Екі балама алсам, сол ақшаға басқа балаларымды да аз-маз киіндірер едім ғой.